|

«AMANAT» партиясы Байзақ аудандық филиалында «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасы аясында «Халықтың қарыз жүктемесін төмендетудің құралы ретінде қаржылық сауаттылық: тиімді тәсілдер мен заманауи сын-тегеуріндер» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті. Отырысқа ауылдық округтердің жауапты мамандары, жастар, шағын кәсіпкерлер, аудан әкімдігі әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту бөлімі, полиция және отбасын қолдау орталығының мамандары қатысты. Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты- азаматтардың шамадан тыс қарыздану себептерін анықтап, қаржылық сауаттылықты арттыру арқылы
қарыздық жүктемені азайтуға бағытталған ұсыныстар әзірлеу. Жиынды «AMANAT» партиясы Байзақ аудандық филиалының төрағасы Индира Спаналиева жүргізіп, тақырыптың бүгінгі қоғам үшін өзекті екенін атап өтті. Отырыс барысында халықтың қазіргі қарыздану динамикасы және қаржылық сауат деңгейі, банктік несие жүктемесінің өсуіне ықпал ететін негізгі факторлар, «Қарызсыз қоғам» жобасы мен «Отбасының цифрлық картасын» біріктіру мүмкіндіктері, қаржы пирамидалары мен онлайн-алаяқтықтың қауіптілігі, несие рәсімдеу кезіндегі жиі қателіктердің себеп-салдары талқыланды. Осы мәселелер төңірегінде Жамбыл облысы бойынша «Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі Алтынай Молдашева, «Халық банкінің» менеджері Арман Аширов, аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әлия Саққұлова, аудандық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі Ғалымжан Төлеутаев, отбасын қолдау орталығының психологы Жаңылсын Бейбітовалар баяндама жасады. Баяндамашылар әлеуметтік осал топтардың қарызға тез ұрынуының себептерін атап өтіп, алаяқтықтың жаңа түрлері туралы өзекті ақпаратпен бөлісті. Сонымен бірге халыққа арналған қаржылық ағартушылық жұмысты күшейту, банктерде жауапты кредит беруді дамыту және цифрлық қаржы құралдарын қолдануды кеңейту бойынша ұсыныстар жасалды. Алқалы жиын соңында барлық ұсыныстар жинақталып, қабылданды.
Айдар АЛДАБЕРГЕНОВ, “Ауыл жаңалығы”. |