|
Аудандық Төтенше жағдайлар мен №8 Өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері «ҚазТрансГазАймақ» және аудандық Жастар ресурстық орталығының еріктілерімен бірлесіп, аудан тұрғындарының жылыту маусымы кезеңінде «Өрт қауіпсіздігі», «Балалардың отпен ойнауы», «Улы газбен улану» тақырыптарында профилактикалық үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Мұндай рейдтер барысында Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері үйлерді жылытуға арналған газ жабдықтарын, газ құбырларының дұрыс монтаждалуын, тұрғындардың өрт қауіпсіздігі шараларын сақтауын тексереді.Тұрғындарға төтенше жағдай кезіндегі қауіпсіздік шараларын үйретеді, газ жабдығын дұрыс пайдалану туралы
жадынамалар таратуда. Ал газ қызметінің өкілдерінің айтуынша, жылыту жабдықтарының техникалық жай-күйін үнемі тексеру қажет. Себебі пәтер немесе үй ішіндегі жылыту құралдарының ақауына меншік иелері жауап береді. Тұрғындардың өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамауы, тұрмыстық электр техникасы мен электр сымдарын пайдалану қауіпсіздігінің бұзылуы, пеш мұржаларының ақаулығы, балалардың отпен ойнауы секілді салғырттықтар-өрттің басты себептері. Сондай-ақ, кейде адамдардың мас күйінде темекі шегуінен де от тұтанады. Статистикалық мәлімет бойынша, әр үшінші өрттің бірі пештің ақауынан шығады. Ал төтенше жағдайдың салдары адамдардың денсаулығы мен өміріне орны толмас зиян, материалдық шығын әкеледі. Рейд барысында тұрғындарға жылыту құралдарын қауіпсіз пайдалану, тұрмыста жиі кездесетін өрт қауіптері және төтенше жағдайда әрекет ету ережелері түсіндірілді. Сондай-ақ қауіпсіздіктің қарапайым талаптарын сақтау және әрбір азаматтың алдын алу шараларына жауапкершілікпен қарауының маңыздылығы ескертілді. Құрметті аудан тұрғындары! Төтенше жағдай туындаған жағдайда Бірыңғай құтқару қызметінің-«101» немесе «112» телефоны бойынша хабарласыңыз.
Ержан Әбдірәимов, аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері. |