|

Қараша айының алғашқы күндері «Қазақ аналары-дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Қызылорда қаласында IV-Республикалық «Абысын–ажын» байқауы өткен болатын. Аталған байқауға еліміздің 14 облысынан келген абысын-ажындар қатысты. Сол байқауда Жамбыл облысының намысын ауданымыздағы Диқан ауылының өсіп-өнген, елге сыйлы Мамырайымовтар әулетінен құрылған «Әулиеата аналары» тобы қорғап, жүлделі екінші орынды иеленген еді. Өткен сейсенбі күні аудан әкімдігінде аудан әкімі Олжас Баққараев осындай үлкен байқауда аудан ғана емес, облыс абыройын асқақтатқан диқандық Мамырайымовтар әулетінің
10 келіндерін қабылдап, өзінің алғысын білдірді. Қабылдауға аудан әкімінің орынбасары Р. Қасымов, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы М.Сейтқазина қатысты. -Республикалық байқауда облыс намысын қорғауда таңдаудың біздің ауданымызға түскенінің өзі үлкен мақтаныш. Онда жүлделі 2-орынды иелініп, зор құрметке бөленіп отырғандарыңыз жетістігімізді еселей түсті. Ал бұл байқаудың өзі абысындар арасындағы татулықты көрсетіп, қоғамға үлгі көрсетуде. Сіздер аудан ғана емес облыстың абыройын көтердіңіздер. Әрқайсыңыз бір-бір отбасының ұйытқысы болып отырған ардақты анасыздар. Әрқашанда ынтымақтарыңыз артып, ауызбіршіліктеріңіз нығая берсін. Сіздер белсенділік пен таланттарыңыздың арқасында ауданымыздың мәдени-рухани дамуына мол үлес қосып отырсыздар. Алдағы уақытта да шығармашылық жетістіктер мен толайым табыстарға қол жеткізе беріңіздер. Жеңістеріңіз құтты болсын!, - деді аудан басшысы. -Бізге осы байқауға облыс атынан қатысу туралы қолқа салынды. Мен Диқан ауылдық округі аналар кеңесінің төрайымы Мәншүк Мамырайымовамен байланысып, оның ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, өзі өнерге жақын, ісмер болғандықтан өз әулетіндегі келіндерді қатыстыруды сұрандым. Аталған байқауға екі айдан аса дайындалдық. Бізге демеуші болған азаматтарға рахмет. Олардың арасында осы округтің әкімі Жұман Абдуалиевте болды. Әулеттің келіндері жан-жақтан жиналып, араларында зейнеткер, басқада әртүрлі мамандық иелері бар 10 абысын-ажын байқауға қатысты. Бәріде жақсы өнер көрсетіп, талап деңгейінен шықты. Ұлттық қолөнер бұйымдары мен киімдеріде көз тартарлықтай болды. Өздерін таныстыруы мен көрсеткен көріністері де сәтті шықты. Ең бастысы - біз дайындап барған «Кимешек киген ана» әнінің тұсауы сол жерде кесіліп, жоғары бағаға ие болды, - деген аудандық аналар кеңесінің және аталған жобаның аудандық бірлестігінің төрайымы Шырын Қапарова аталған өлеңнің екі шумағын айтуды сұранды. Аналар өлеңді жанды дауыста әдемі орындап берді. Әннің сөзі өте тартымды, ішкі бауырды елжірететіндей, құлаққа жағымды естілді. Бұған аудан басшылары ризашылықтарын білдірді. Осы жерде аудан әкімінің орынбасары Р.Қасымов «Әулиеата аналары» тобына тәрбиелік мақсатта ауылдық округтерді аралап, өздері қатысқан байқау туралы айтуды сұранды. Ал мұның тәрбиелік мәні, отбасы бірлігі, абысындар арасындағы татулық, ауызбіршілікке, жастар тәрбиесіне тигізер пайдасы мол болатынын жеткізді. Мұнда ұлттық құндылықтарды дәріптеу, салт-дәстүрді сақтау және ұрпақ тәрбиесінде ана болмысының маңыздылығын насихаттаудың да пайдасы мол болары айтылды. Ал бұған Мәншүк бастаған Мамырайымовтар әулетінің келіндері бірден келісті. Аудан әкімі Олжас Елебекұлы Шырын Қапарова бастаған Мамырайымовтар әулетінің абысын-ажындарына аудан әкімінің Алғыс хаты мен гүл, бағалы сыйлықтарды табыс етті. Марапатталғандар атынан Шырын Мамашайқызы мен Мәншүк Әбдіқалиқызы сөз алып, өздеріне жасалып жатқан құрмет үшін аудан басшыларына алғыстарын жеткізді.
Сундетулла АБИЛОВ, «Ауыл жаңалығы». |