Онлайн газет



АҚЫН МҰРАСЫ АЛАҢДАТАДЫ

Ө.Бүтінбайұлы,
еңбек ардагері.

Қас-қағым сәтте сөз тауып, жан-жағын жұп-жұмыр етіп, желдей естіріп, маржандай тізілтіп, қайнардай қайнатып, шолпыдай сыңғырлатып, отырған жеріндегі қауымды аузына қарататын

шешендер мен ділмәрлар халық арасында аз болмағаны бесенеден белгілі. Жүзгені мен қоянсүйегі, усойқысы мен ақтаспасы, лаңсасы мен өрнегі, жусаны мен миясы бірігіп өсетін бұйра-бұйра, түйдек-түйдек құм жиегінде әр жерде шашырап орналасқан жаппа тамдарды мекендейтін халық арасына тосыннан келген адам аңғара қоймайтын жерде жезтаңдай, шешендігімен мылқауды да селт еткізетін қабілетті де өжет, алмас қылыштай жалтылдаған өткір бозбаладан жігіттікке иек артқан Үсіпәлі Қалыұлы өсіп келе жатты.
Кең дүние тақиясына тар келіп, кеудесін қуат кернеп, жалындап, шиыршық атқан кезі еді. Он екіде бір гүлі ашылмаса да Бұқара, Самарақанд, Қазан тағы басқа қалаларда білім алып, парсыша, арабша, орысша өте сауатты оқып-жазатын халге жеткен шағы. “Ертеңнен салса кешке озған” - демекші, жазатын кездері жазуға қағаз таусылатын кездері көп болатын дейді жұрт. Жазған өлеңдері мен тағы да басқа еңбектері оқыған, естіген адамның жан дүниесін тебірентерлігі соншалық өткен мыңжылдықты, қазақ тарихын көзбен көргендей, қолмен қойғандай елестететіндігімен ерекшеленетін. Сол кездің өзінде дүниежүзі тарихшылары таныған Ақсақ Темір, Шыңғысхан, Бабур, Ұлықбек, Авиценна, Қожа Ахмет Яссауи, Махмуд Қашқари, Мұхамед Хайдар Дулати, Жүсіп Баласағұн, Навои, Фирдоуси, әл-Фараби, Қадырғали, Жалаири еңбектерін жатқа айтады десе жаңылыс болмағанға ұқсайды.
Оның заманы алмағайып аласапыран, дүние бір қалыпқа түспеген, ағайын арасында төртеу түгел болмай тұрған заман еді. Оның үстіне еңбектерінің қадіріне жетер ағайындарының кешегі өткен дүмпу мен үркіншіліктен әбден зәбір шегіп, дүдәмал болып жатқан кезі болса керек.
1905 жылғы Ботамойнақ болысында болған жер дауы, жесір дауы, басқа да мәселелерді шешу жөніндегі жиында хаттамашы болуының өзінде ғана үлкен мән жатыр емес пе? Сонда дүйім жұрт тәуліктеп отырып Үсіпәліні тыңдаған ғой. Еститіндері ескі жыр-толғау, арнау, естелік, тарих-шежіре, дастан, билердің билігі, бір сөзбен айтқанда қазақтың ауыз әдебиеті. Оның үстіне әртүрлі тақырыпқа жазылған өз шығармалары. Өкінішке орай өзі өлген соң бертінге дейін сақталып келіп, туған-туысқандары қызыл империяның қырынан қорқып өртеген. Біразын «Алтын төбе» деген жерге апарып, құм астына көмген де кейін таппай қалған. Үсіпәлі әлгі 1905 жылғы жиында ағасы Өзбек Ақжолұлымен айтысқан. Айтыстары жоғалғанда ел аузында оның болғандығы, екі ақынның сөздерінің салмақтылығы, ұтқырлығы, ерегес-егесте талмай шабатындығы айтылып жүреді.
1995 жылы ақпан айында кездейсоқ жүріп Луговой ауданы, Жамбыл колхозында тұратын Айтбек Нақысбекұлы деген азаматтың сол айтысты бастан аяқ айтып бергеніне куә болған едім. Біраз уақыттан кейін арнайы іздеп барып, әлгі азаматты үйге ертіп келіп, қонақ етіп, айтыс мәтінін бейнеаппаратураға бастыртып алғанмын. Одан да кейін сол ауданның «Алғабас» совхозында тұратын Шамқон деген ақсақалдан (руы Күнту) дәптеріне жазылып алынған сол айтыстың мәтінін көрдім. Мысалы сол айтыста Үсіпәлінің мынадай шумақтары кездеседі:
Қолға қалам алғанда медет бер жаппар панамнан,
Ақ Мұстафа, Хауа анам, Адам ата бабамнан.
Сан Нариман зар өткен, Жаһан Үрістем дараңнан,
Тілге алайын соларды ақыл, қиял санамнан.
Әрине, осы шумақты және басқа шығармаларын оқи отырып, бүгінгі көзқараспен қарапайым оқушы түгел түсіне қоюы мүмкін емес. Бірақ санаға салатын болсақ әр сөзінің төркіні толған байлық, тұнып тұрған тарих, мүлгіп тұрған шежіре, сан салалы ақиқат, тереңнен жеткен халық үні. Немесе мына шумақ:
Молланың сый боп жүрер шайырлары,
Арасын лазым емес айырмағы.
Сіздердей онша ұлағат болмасақ та,
Танушы ек құран хатты зайырдағы.

Адамның болар ісі намыс, ардан,
Ілімге ерген нұқсан жылтырақтан.
Бекерге сырттан өсек, ғайбат айтып,
Немене қуыстандың шүбәң бардан.

Ұлы Абай айтпақшы, жұп-жұмыр, артық-кемі жоқ шумақтар қарапайым адамдардың да көңіліне ұялайтындығы көрініп-ақ тұр. Тілдерінде ескілік-көнелік болғанымен ділі, санасы, иісі “мен қазақпын” дейтін, қазақша сөйлеп, қазақша ойлайтын, қазақша тыныс-тіршілік кешетін әр азаматтың көкірегінде сайрап тұрған жоқ па?
Үсіпәлінің інісі Мырзалы Қалыұлы ақсақалдың көзін көргем, мен қатарлы, менімен замандас азаматтардың осы аймақтағы пірі еді. Одан бөлек ат жаратып, құс салып, тазы жүгіртіп, түзу мылтық ұстайтын, табиғат тылсымымен тілдесе алатын сыр сандық адам еді. Шүкіршілік ұрпақтары бар. Әркез үйіне сәлем бере барғанымда атқа шөп салатын атақырын көретінмін. Атақырды қыш кірпіштен қалап, сыртын қара сыбақпен сылайтын еді және өте үлкен етіп жасалынатын. Мұны айтып отырған себебім, Үсіпәлінің жазған шығармаларын, өлең-жырларын үйдегі кебеже, сандық, басқа қуыс-қуыстың бәріне толған соң жаңағыдай атақырға салған ғой. Сол шығармалар үйіт-бүйтіп жүріп 1937-1938 жылдарға дейін сақталып, сол жылдардағы ел ішінен жаппай халық жауларын іздеген зобалаңнан қорқып Мырзалы атамыздың кемпірі Оңласын апамыз біразының көзін жойған деп еститінбіз. Қалғандарын Мырзалы атамыз Қадырәлі деген немересімен «Алтын төбеге» көмген де кейінгі жылымық заман туғанда немересін алып, қазып аламыз дегенде дәл үстінен түспеген бе қайдам, таппай қойған. Оны мен Қадырәлінің өз аузынан еститінмін.
Ақылды адамдардың арғы-бергіні көп ойлайтыны белгілі ғой, әлгі айтыстан соң өзін жайсыз, қиялшыл, сүреңсіз бола бастағанын сезіп, олай-бұлай боп кетсем еңбектерімді жинастырар көзі ашық, жанашыр, қадіріне жетер, түсінер шәкірт ізбасар іздеген болуы керек. Ауырып жатқанда ағайын-туыстарына, тамыр-таныстарына әлгіндей сөз тастап көреді. Нақты жауап ала алмаған соң «Менің жанымда отырып, айтқандарымды жадына тоқу - Асаубекұлы Әбдіқадырдың қолынан келер ме екен, алдырыңдаршы» депті. Көп күттірмей Әбдіқадыр келіп түсіп, сәлемдесіп үйге кіргенде Үсіпәлі Әбдіқадырдың әр қимылына зер салып, көздерімен бір шолып, үнсіз жастығына қайта жантаяды. Құдайдың құдіреті ме Әбдіқадыр мең-зең күйге түсіп, қалғып кетіп, шошып қайта ояныпты. Үсіпәлі ала көздерін қадай түсіп «Не көрдің?»-депті. «Сіз қаламыңызды ұсынып едіңіз, ұшын ғана сындырып алып, қалғанын өзіңізге қайта бердім»-деп жауап қайтара бергенде, «Сенен де дым шықпады ғой» деп, теріс қарап, бүктетіліп жатып қалыпты.
Иә, терең талант жанып, тез суыған қыршын жас «аһ» деп жатып, кешікпей 25 жасқа жетпей дүние салыпты. Үсіпәлінің еңбегін, ілім-білімін танып, білуде жерлестері мылқау. Ол жалғыз Әбдіқадырға ренжіп, теріс қараған жоқ, артында қалып бара жатқан жалғанға, қара басының қамымен жүрген тобырға ренжіген болар. Олар ең болмаса еңбегінің ізін де қалдырмады, өртеді, көмді, шашты, жоқ қылды. Ақырғы демі бітер шақта осылай боларын білді, білді де теріс қарады.
Әттең, жалған дүние, Мұқағали айтпақшы «шаң басқан архивте» де қалмады-ау қайран Үсіпәлі Қалыұлы. Бірақ келер ұрпақ салған өрнегін, өнегесін зерттер, өрнегіңнің шеті бар ғой, ары қарай сабақты ине сәтімен сабақталса бүтінделер. Артында перзент қалмаса да өлмеген бір-екі шумақ сөзі бар ақынның.

 

Обновлено 15.10.2012 14:57
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін372
mod_vvisit_counterКеше1971
mod_vvisit_counterОсы аптада10631
mod_vvisit_counterӨткен аптада8989
mod_vvisit_counterОсы айда27261
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2278930

Серіктестер