Онлайн газет



СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІ АУДАНҒА КЕЛДІ

Қазіргі таңда су ресурстарын басқару экологиялық мәселе ғана емес, ұлттық қауіпсіздік пен экономикалық тұрақтылықтың маңызды факторы болып отыр.  Суды есеппен пайдалану, үнемдеу технологиясын енгізу, трансшекаралық су саясатын жетілдіру-күн тәртібіндегі өзекті міндет. Сондықтанда болса керек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылғы 8 қыркүйектегі “Жасанды интеллект дәуіріндегі  Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі  цифрлық өзгерістер арқылы шешу” атты Жолдауында: “Су мәселесін шешу- әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, экономиканы дамытудың кепілі. Бұл-ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз  ететін басты фактордың бірі”, - деген еді.
Кеше ауданымызға Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржігітов Нұржан Молдиярұлы іссапармен келіп, алдымен Сеңкібай және Өтеміс каналдарының вегетациялық кезеңіне дейін жүргізілген құрылыс жұмыстарымен танысты. Содан соң Сеңкібай, Белхожа, Өтеміс каналдарындағы жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын көрді.
Аудандағы каналдарды жөндеуге қатысты жұмыстарды өз көзімен көріп, мол мағлұмат алғаннан кейін аудан орталығындағы әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде “Орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулерін өткізу бойынша” 2025 жылдың екінші жартыжылдығына арналған кестеге сәйкес Нұржан Молдиярұлы аудан тұрғындарымен кездесу  өткізді.
Кездесуге ҚР Су ресурстары және ирригация министрінің комитет төрағасы, департамент директорлары, директордың орынбасарлары, басқарма басшылары, «Шу-Талас» бассейндік су инспекциясы мен «Қазсушар» РМК басшысы мамандарымен, аудан әкімінің орынбасарлары мен жауапты мамандар, ауыл, ауылдық округ әкімдері мен шаруа қожалығы иелері қатысты.
Кездесуді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Алтай Әлі кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырды.
-Мемлекет басшысы еліміздің тұрақты экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін су  ресурстарының жетіспеушілігі мен оларды ұтымды пайдаланудың тиімді шараларын қабылдауға ерекше назар аударып келеді.
Өңірде су нысандары инфрақұрылымын дамыту-бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі болып табылады. ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің қолдауымен Ислам даму банкінің қаржысын тарту арқылы биылғы жылы облыс аумағына бірқатар су нысандарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделуде. Осы тұрғыда облыс тұрғындарының атынан ризашылығымызды білдіреміз,- деді Алтай Сенбекұлы өзінің кіріспе сөзінде.
Кездесуде алдымен сөз алған “Шу-Талас” бассейндік су инспекциясының басшысы Талғат Ибраев өздерінің салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстары туралы айтып берді.
Ал «Су ресурстары және ирригация министрлігінің су үнемдеу технологияларын енгізу бағытында жүргізіліп жатқан жұмысы туралы» министрліктің суды үнемдеу технологияларын дамыту департаменті ауыл шаруашылығы саласында су үнемдеу технологияларын енгізу  басқармасының басшысы Қарлығаш Нұриханова баяндады. Ол өз баяндамасында суды үнемдеу технологиясына басымдық берді.


Мемлекет тарапынан су үнемдеу технологиясына байланысты қаржының көлемі артып отырғанын жеткізді. Бұл ретте егістікті жаңбырлатып, тамшылатып суарудың артықшылықтарына кеңінен тоқталды. Су үнемдеу технологиясына байланысты еліміздің 4 қаласында қажетті құрылғылардың шығарылып жатқанын жеткізді. «Ағын су» бағдарламасына байланысты да көп қаржы қарастырылып отырғанынан хабардар етті. Ал мұндай қаржы бұрын-соңды қарастырылмағанын айтты. Бұдан басқа да тағы 2 бағдарлама бойынша қаржы қаралып отырғанын жеткізді. Ең бастысы – суды үнемдеу қажеттігіне ерекше мән берді.
«Жамбыл облысының су шаруашылығы жағдайы бойынша «ҚазСушар» РМК Жамбыл филиалымен атқарылған жұмыстар туралы» филиал басшысы Қайрат Аманов слайдты көрсете отырып баяндады.
-Облыс бойынша «ҚазСушар» РМК Жамбыл филиалының теңгерімінде 575 су шаруашылығы нысаны бар. Аталған су нысандары облыстың су ресурстарын тиімді басқару, ирригациялық жүйелерді жұмыс жағдайында ұстау және ауыл шаруашылығы алқаптарын сумен қамтамасыз ету бойынша негізгі өндірістік инфрақұрылым болып саналады. Олардың ішіндегі Талас және Темірбек су тараптары мен ұзындығы 591,6 шақырымды құрайтын 102 канал Байзақ ауданына тиесілі. Каналдардың 169,2 шақырымы бетонды, ал 422,4 шақырымы жер арналы. Каналдар магистралды, шаруашылықаралық және ішкі шаруашылық болып үшке бөлінеді,- деген Қайрат Тілеубайұлы каналдарды ағымдағы жөндеуден өткізу, механикалық тазалау жұмыстары, Ислам даму банкінің 1,2-ші транштары, көрсетілген қызметтер туралы жеке-жеке айтып берді.


-Жалпы Ислам даму банкі аясында Байзақ ауданы бойынша ұзындығы 251307 шақырымды құрайтын 60 арнаға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Бұл жерде суармалы жері көлемі 22293 гектарды құрайды. Ал  бұл дегеніміз облысқа бөлінген нысандардың 42 пайызы Байзақ ауданының еншісіне тиіп отырғанын көрсетеді.
Су  тапшылығының алдын алу және су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында ауданда арналар арқылы су жетпейтін учаскелерді анықтау жұмыстары жүргізіліп, тәуекел картасы бекітілетін болады. Бұл ретте арналар арқылы су жеткізу қиын учаскелерге тек жер асты су көздерін пайдалану арқылы суарылатын немесе суаруды аз қажет ететін ауыл шаруашылығы дақылдарының орналастырылуын ұсынған болар едік,-деді Қайрат Аманов.
Түймекент, Суханбаев, Кеңес, Сазтерек, Жалғызтөбе ауылдық округтерінен келген шаруалар ішкі каналдар туралы сұрақтар қойып, оған Нұржан Нұржігітов пен Қайрат Аманов тарапынан жауап алды.
Өзінің қорытынды сөзінде Министр  Нұржан Молдиярұлы суды барынша үнемдеуге басымдық берді. Облыс әкімдерімен келісе отырып, кешенді жоспардағы жұмыстар жүйелі атқарылып жатқандығын сөз етті. Атқарылып жатқан жұмыстар бақылауда болып, күні ертең-ақ  аудан халқы сол каналдармен берілген судың игілігін көретінін атап өтті.
Кездесуден соң Н.Нұржігітов  бірнеше шаруа қожалығының жетекшілерін өздерінің сұраныстары бойынша қабылдады.

Сүндетулла АБИЛОВ,
“Ауыл жаңалығы”.
Сарыкемер ауылы.

Обновлено 04.11.2025 19:06
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін2073
mod_vvisit_counterКеше2997
mod_vvisit_counterОсы аптада5070
mod_vvisit_counterӨткен аптада17651
mod_vvisit_counterОсы айда43888
mod_vvisit_counterӨткен айда74816
mod_vvisit_counterБәрі3214196

Серіктестер