|

Аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов төрағалық еткен комиссия отырысына Жамбыл облысы бойынша бала құқығы жөніндегі өңірлік уәкіл Даурен Бағжанов, комиссия мүшелері мен күн тәртібіне сәйкес арнайы шақырылғандар қатысты. Онда енгізілген мәселелер туралы аудандық білім бөлімінің әдіскері Зәуреш Сатылғанова баяндама жасады. Баяндамашы аудандық білім бөліміне қарасты 42 білім беру мекемелерінде бүгінде 20281 оқушы білім алып жатқандығын, Қазақстан Республикасының «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы»
2004 жылғы 9 шілдедегі №591 Заңының 4-бабына сәйкес, құқық бұзушылық пен қылмыстың орын алуы мүмкін жерлерде мектептердің ерікті педагогтары тарапынан кешкі рейд жұмыстары ұйымдастырылатындығын айтты. Ағымдағы жылдың қыркүйек-қазан айларында мектепішілік есепке 1 оқушы (№4 мектеп-лицей) және аудандық полиция есебінде 1 оқушы (№1 мектеп-гимназия) тіркелгендігін, сабақтан 10 күннен артық себепсіз қалған 1 оқушы (Ы.Алтынсарин орта мектебі) есепке алынғандығы, олармен мектеп әкімшілігі тарапынан жүргізілген жұмыстар туралы кеңінен ақпарат берді. Сонымен қатар Н.Киікбаев мектеп-гимназиясының оқушысы және оның іні-қарындастарына анасының тарапынан жауапкершіліктің төмендеп кеткендігі сөз болды. -Бала тәрбиесіндегі басты тұлға - ата-ана. Өйткені бала тәрбиені алдымен отбасында алады. Жанұяда не көрді, соны бойына сіңіріп, өседі. Сондықтан әрбір ата-ана ұрпақ алдындағы жауапкершілігін терең сезіне білуі қажет деп санаймын. Ұрпақ тәрбиесі-аса күрделі іс. Дүниеге әкелген перзенттеріне қарамай, өзінің қамын ойлап, ішімдікті әуес көретін аналарды мәжбүрлі түрде емдету қарастырылған. Мұндай отбасының мүшелерімен түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, тәртіп сақшысы тарапынан жүйелі қадағалануы тиіс. Заңда бала тәрбиесіне немқұрайлық танытқан, аналық парызын орындамайтындар жауапкершіліктен босатылмайды,-деді Даурен Орайұлы. Күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты комиссия мүшелері Исағали Сәлімбаев, Гүлбахрам Ермекова, Әлия Саққұлова, тағы басқалар өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық деректері және бала тәрбиесіне атүсті қараған ата-аналарға артылатын жауапкершілік туралы аудандық полиция бөлімінің инспекторы Жамбыл Абатаев жан-жақты айтып берді. Жиын соңында Даурен Бағжанов ата-аналардың баланың тәртібі мен тәрбиесіне деген жауапкершілігін арттыру, кәмелетке толмаған жасөспірімдердің қауіпсіздігі, жат әдет-қылықтардан аулақ болуы, қажетті деңгейде білім мен тәрбие алуы, олардың құқықтарының қорғалуы бағытында аудандық комиссияның атқарып жатқан жұмыстарына оң баға беріп, комиссия төрағасы Рүстем Қалмұхамбетұлына алғысын айтты. -Біраз комиссия отырыстарына қатысып жүрмін. Байзақ ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның жұмысына, шешімді біржақты емес, жан-жақты сүзгіден өткізіп барып қабылдайтындарыңызға разы болдым,-деп сөзін түйіндеді,- Даурен Орайұлы. Комиссия отырысында айтылған сын-ескертпелер мен ұсыныс-пікірлер назарға алынып, хаттамаға енгізіліп, бірқатар тапсырмалар берілді.
Гүлшахар Әбдіқұлова, “Ауыл жаңалығы”. |