Онлайн газет



Намыс додасында - байзақ көкпаршылары

М.Манекеев,
«Ауыл жаңалығы».

Қазақтың ұлылығы мен даналығын бүкіл әлемге паш ететін мәдениеті мен салт-дәстүрі болса, соның ең бастысы ұлттық спорт ойындары екені даусыз. Біздің ұлттық ойындарымыздың мың жылдық тарихы бар. Аламан бәйге, тоқ бәйге, жорға жарыс, құнан бәйге, көкпар, қыз қуу, ат үстіндегі сайыс (аударыспақ ойыны), теңге алу, жамбы ату, қамшыгерлік, саясаткерлік, түйе жарыс – желмая, қазақша күрес, жекпе-жек, тоғызқұмалақ және тағы басқа спорт түрлері сонау заманнан бері туған халқымызбен бірге жасап келеді.
Ата-бабаларымыз, әсіресе, «Аударыспақ», «Теңге ілу», «Көкпар», «Бәйге» сияқты ойындарды ерекше құрметтеген. Солардың ішінде, әрине, көкпардың орны бөлек. «Көкпар» ойынының атауы “көк бөрте” (лақ) сөзінен шыққан. Көкпар – Орталық Азия халықтары арасында да кең тараған ойын түрі. Бұл – шетсіз-шексіз сары далада мал бағып, көшіп-қонып жүрген көшпелілердің нағыз халықтық думаны. Осы ретте этнограф ғалым Ақселеу Сейдімбектің: «Көкпар – бұл қазақтың ұлттық ойыны, төл мұрасы, ойынның ең мықтысы. Бұған жүректі жігіттер ғана қатысқан. Көкпар – ата-бабаларымыздың асыл аманаты. Ол біз барда бізбен бірге мәңгі жасасып, бірге дамып отырады. Әлем спортында футбол, волейбол, баскетбол дегендер бар ғой. Сол сияқты, көкпар деп ат қойып, айдар таққан біздің бабаларымыз», деген сөздері ойға оралады.
Соңғы жылдары ат спортының елімізде қарқын алып отырғаны қуанышты жайт. Бүгінде облысымыздың көкпаршылары ортаға салып, жанкүйер жұртшылықтың алғысын молынан алып келеді десек, соның ішінде біздің байзақтық көкпаршылардың табыстары таудай екендігі анық. Кейінгі кездері келісті де, кесек ойын өрнегін көрсетіп жүрген Байзақ ауданының көкпаршылары облыс көлемінде белді де беделді командаға айналғаны даусыз. Соның бірден-бір айқын дәлелі - алдағы республикалық деңгейде ұйымдастырылып отырған көкпар ойынына сайланған облыстық команда құрамына байзақтық жігіттердің іріктеліп алынуы десек артық болмас.
Қарулы да шыдамды, епті де жігерлі ағаларынан тәлім алған жас көкпаршыларымыз да былтырғы жылы өткен республикалық додада оңтүстіктік көршілерден кейінгі орынды қанжығаларына байлап қайтқан болатын. Ал, биылғы өтетін көкпар ойынында қалай да болса, кеткен есенің қарымын қайтаруды көздеген жасөспірім жігіттеріміз дайындықтарын пысықтауда.
Өткен аптаның жұмасы күні соңғы дайындықтарын өткізген «Байзақ» жастар көкпар командасы намыс додасында күш сынасуға атқа қонды. Жасөспірімдерден құралған команданы Дәулет Игенбаев пен Есжан Құрманбай жаттықтырады. Үлгілі ауылдық округінде өткен дайындық барысында аудан әкімі Мұратхан Жүнісәліұлы арнайы барып, он екі жасөспірімнен құралған командаға құттықтау сөзін арнап, сәт-сапар тіледі. Ауыл ақсақалы Ә.Садуақасовтың батасын алған жастар ортаға тастаған көк серкені тақымға басты. Байзақ және Жамбыл ауданы болып, екіге бөлініп, көкпар көрігін қыздыра түсті.
Құрманбек Тұрғанбек, команда капитаны:
-«Алдағы болатын ойынға дайынбыз деп айтуға болады. Алға қойған басты мақсатымыз – бірінші орын. Намысты қолдан бермеуге бар күш-жігерімізді жұмсаймыз».
«Командадағы жігіттеріміз іріктеуден өткен бозбалалар. Олар соңғы дайындықтарын пысықтап, жеңеміз деп, үкілі үмітпен аттанғалы отыр.  Сол үміт ақталып, ойыншыларымыз ауданымыздың мерейін асырар деп ойлаймыз»,-  дейді  команданың жаттықтырушылары.
Көкпарда жеңіске жету үшін физикалық дайындығы мықты шабандоз тактика, әдіс-айлаларды меңгеріп қана қоймай, оны ат үстінде қолдана білуі керек. Егер ойқастаған ат үстіндегі көкпаршы атты игере алмаса, жеңіліске ұшырайды немесе  тұлпар әлсіз болса, шабандоздың бағы байланады деп біледі жаттықтырушылар.
Жас ойыншыларды шығарып салу салтанатында аудандық мәслихат хатшысы, аудан әкімінің орынбасарлары, мекеме, бөлім басшылары, ауылдық округ әкімшілігі мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері болды.

Обновлено 01.08.2014 15:23
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін92
mod_vvisit_counterКеше1129
mod_vvisit_counterОсы аптада1221
mod_vvisit_counterӨткен аптада11794
mod_vvisit_counterОсы айда7733
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2259402

Серіктестер