|

Жақында ауданымызда әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтті. Аталған сала қызметкерлерін аудан әкімдігінде аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов қабылдап, мерекемен құттықтады. Қабылдауға аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, Мансап, отбасын қорғау орталығының бірнеше алдыңғы қатарлы қызметкерлері қатысты. -Біздің елімізде 2015 жылдан бері «Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні» аталып өтіп келеді. Сіздер әлеуметтік көмекті қажет ететін азаматтарға қызмет жасап келесіздер. Жұмыстарыңыз анау айтқандай көріне бермегенімен мүгедектігі бар адамдармен жұмыс жасаудың қаншалықты қиын екенін жақсы білеміз. Сіздердің арқаларыңызда
қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтар оны еңсеру үшін қажетті қолдау алуда. Мұқтаж жандарға жасап жүрген қалтқысыз қызметтеріңіз жалғасын таба берсін. Сондай азаматтардан алып жүрген алғыстарыңыз көп болсын. Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтап, алдағы жұмыстарыңызға табыс тілейміз,- деді аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қалмұхамбетұлы. Рүстем Қасымов мерекеге орай әлеуметтік сала қызметкерлері Индира Исаева, Мәрзия Жорабаева, Бақытжан Қияшов, Олжас Мамандарды аудан әкімінің Грамотасымен, ал Ақерке Смайлова мен Жібек Сакешованы аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады. -Сіздердің мерекелеріңіз еліміздегі айтулы мерекелердің бірі - Республика күнімен тұспа-тұс келді. Атқарып отырған қызметтеріңіздің маңызы өте жоғары. Қайсыбір көрсеткішті айтқанда алдымен әлеуметтік, содан соң экономикалық көрсеткіштердің айтылуының өзі соны білдіреді. Халықтың жағдайын, отбасының тұрмысын жақсарту бағытында атқарып жүрген жұмыстарыңызда тек табысқа жете беріңіздер. Мерекелеріңіз құтты болсын!- деген аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаев сала қызметкері Асылбек Нұртаевқа аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасы, ал Жаңылсын Бейбітоваға аудандық мәслихаттың Алғыс хатын табыс етті. Марапатталғандар атынан Мансап орталығының бөлім меңгерушісі Бақытжан Қияшов сөз алып, өздеріне жасалынып жатқан құрмет үшін аудан басшыларына алғыс айтты.
Сундетулла АБИЛОВ, «Ауыл жаңалығы». |
|
Обновлено 31.10.2025 13:03 |