|
 Адам баласына жақсылық жасау үшін көптеген байлықтың қажеті жоқ. Сәл ғана мейірім болса жеткілікті. Ынталы жүректен шыққан титтей ықыласты іс үлкен түйткілдердің шешімін табуы мүмкін. Міне осы мақсатта «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі «Азаматтық қоғамды дамытуға жәрдемдесу, соның ішінде үкіметтік емес ұйымдардың қызметінің тиімділігін арттыру» жобасын іске асыру аясында «Ауылдағы азаматтық бастамаларды дамыту» басым бағыты бойынша шағын гранттар конкурсын жариялаған болатын. «Нұрбата-Ардагер» қоғамдық бірлестігі осы конкурсқа «Ауыл еріктілері: қоғамға қызмет» жобасы бойынша қатысып, жеңімпаз
атандық. Қоғамдық бірлестіктің мақсаты - бірлестік мүшелерінің қызметін үйлестіру, жан-жақты дамуына жәрдемдесу, ардагерлерге, зейнеткерлерге, мүгедектер мен аз қамтылған отбасыларға демеушілік жасау, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, халықтың әлеуметтік жағдайына байланысты көзделген жобаларға қатысу. Жоба жұмысы қазан айынан басталды. Жобаны іске асыру жоспарында-волонтерлық қызметке қызығушылықты арттыру, оқыту, олармен бірлесіп әлеуметтік көмек көрсету шаралары, қарттарға және осал топтарға көмек көрсету (азық-түлік тарату, тазалау, үй жөндеу тағы басқа), сондай-ақ, ауылдағы мектепке дейінгі мекемелер мен кітапханаға жөндеу жұмыстарын жүргізу, қоғамдық жерлерге тазалық, абаттандыру жұмыстарын атқару қарастырылды. Осы бағытта ауданның жас еріктілерімен біршама жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, ауылдағы жалғызбасты аналар мен осал топтағы жандарға азық-түлік таратылды. Жалғызбасты, мүгедек ананың ауласын тазалау мен тал-дарақтарын кесіп реттеу жұмыстары жүргізілді.Сарыкемер ауылындағы Ұлы Отан соғысында ерен ерлігімен Кеңес Одағының Батыры атанған Ақәділ Суханбаев атындағы саябақты тазалау – сенбілігі, аудандық балалар кітапханасына жөндеу (әктеу, сырлау, терезе ауыстыру) жұмыстары істелді. Сондай-ақ, Сарыкемер ауылындағы «Балдырған» бала бақшасының балалар ойнайтын алаңшасына, кіреберіс жол жиегіне сырлау-әрлеу жұмыстары ауыл еріктілерінің белсенділігімен іске асты. Жоспарда көрсетілгендей ауыл жастарының волонтерлік қызметке қызығушылығын арттыру мақсатында №-1 және №-7 мектептің жоғары сынып оқушыларына оқыту сабақтары өтіп, әдістемелік нұсқаулықтар таратылды, үздік деп танылған волонтерлар қоғамдық бірлестік атынан Алғыс хаттармен және сыйлықтармен марапатталды. Атқарылған істер әлеуметтік желілерде жарияланып тұрады. Еріктілер қоғамға ақысыз қызмет етеді. Ерікті болу ермек те, ерлік те емес. Қысылғанға қол ұшын беру қашаннан қанымызға, елдігімізге тән қасиет. Кез келген жақсылыққа негізделген істі волонтерлік деп атауымызға болады. Жоба бойынша жұмыстар әліде жалғасуда. Олай болса, жақсылық жасап жарысайық, ағайын!
Шырын Қапарова, «Нұрбата-Ардагер» қоғамдық бірлестігінің төрайымы. |