|

Кеше, аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде Республика күніне орай салтанатты жиын өтті. Алдымен сахна төріне «Көк тудың желбірегені» әннің әуенімен Мемлекеттік Ту шығарылып, Мемлекеттік Гимн орындалды. Жиында аудан әкімі Олжас Баққараев сөз алып, аудан тұрғындарын ұлттық мерекеміз-Республика күнімен құттықтап, өзінің ақжарма тілегін білдірді. Өз сөзінде аудан басшысы Тәуелсіздік алуға жол ашқан егемен еліміздің декларациясының қабылданғанына 35 жыл толғандығын, осы Декларацияның негізінде 1991 жылдың 16 желтоқсанында “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы” Конституциялық заң қабылданғандығын айтты. Тәуелсіз еліміздің қол жеткізген жетістіктеріне басымдық бере отырып, айтулы мерекені ауданымыз толымды табыстармен
қарсы алып отырғандығын жеткізді. - Мемлекеттік егемендік туралы декларация Қазақстанның тәуелсіздігін айқындап, саяси және экономикалық өзгерістердің негізін қалады. Бүгінде Қазақстан халықаралық аренада беделді мемлекетке айналды. Еліміздің жетістіктері-халқымыздың ортақ табысы. Мемлекетіміздің қарқынды дамуы тұрақты саясат пен ішкі бірліктің арқасы. Рухы биік, намысы берік бабаларымыздың ғасырлар бойы асыл мұраты-азаттықты аялау, тағдыры ортақ, тұтас халқымыздың татулығын сақтау біздің басты мұратымыз. Мерейлі мереке қарсаңында баршаңызға мықты денсаулық, қажымас қайрат, бейбіт өмір, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін. Еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігі баянды, келешегіміз кемел болсын!-деді Олжас Елебекұлы. Бұдан соң аудан әкімі О.Баққараев пен аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаев салтанатты жағдайда бірқатар азаматтарды ауданымыздың өркендеп, дамуына сіңірген еңбектері үшін марапаттап, құрмет көрсетті. Мерекеге орай өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар Жамбыл облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен аудан әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Дулат Жақыпбеков, Ботамойнақ ауылдық округі әкімі аппаратының іс жүргізуші бас маманы Өмірұзақ Жұмабеков, Сарыкемер ауылдық округінің әкімі Еркін Заурбеков, Байзақ ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының «Салық төлеушілермен жұмыс» бөлімінің басшысы Эльмира Мамраимова, аудандық орталық аурухананың қабылдау бөлімінің мейірбикесі Тоқтыкүл Тоғызбаева марапатталды. Сондай-ақ аудандық орталық ауруханасының есепшісі Эльмира Алмешова, аудан әкімдігі қаржы бөлімінің бас маманы Елмира Қасымоваларға облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Қостөбе ауылдық клубының меңгерушісі Алимаш Мұсаева, аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық, шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Дәуренбек Мәдешев, Бәйтерек ауылдық округі әкімі аппаратының іс жүргізуші бас маманы Қарлығаш Исақова, аудандық ветеринария бөлімінің Көктал ауылының ветеринарлық фельдшері Асан Рәпишев, Байзақ ауданы №8 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушы Бақытжан Садықовтарға облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.
 Салтанатты жиын барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі және қоғамдық өміріне белсенді қатысқаны үшін Байзақ ауданы әкімінің «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» белгісі Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагерлері, запастағы подполковник Мырзахан Бекболатов пен Қанат Бошай, аудан әкімі аппаратының кеңсе бөлімшесінің басшысы Майра Биназарова, зейнеткерлер: ауыл шаруашылығы саласының ардагері Серік Ермеков, аудандық аналар алқасының төрайымы Шырынкүл Қапарова, мемлекеттік қызмет ардагері Забира Тоқбергеноваға табыс етілді. Бұдан бөлек бір топ еңбек озаттары аудан әкімінің Грамотасы, Алғыс хаты, аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасымен марапатталды. Салтанатты жиын соңы өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.
Гүлшахар Әбдіқұлова, “Ауыл жаңалығы”. |