Онлайн газет



ТАРИХ ТАҒЫЛЫМЫ ЖӘНЕ ТӘУЕЛСІЗДІК ТАҒДЫРЫ

25 қазан - Республика күні болып кездейсоқ таңдалған жоқ. 1990 жылдың 25 қазанында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесі “Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларацияны” қабылдап, халқымыздың ғасырлар бойғы арман-мұратын айқындаған тарихи шешімге қол жеткізді. Бұл құжат-еліміздің Тәуелсіздікке бет бұрған алғашқы әрі батыл саяси-құқықтық қадамы болды. Биыл біз осы тарихи құжаттың қабылданғанына 35 жыл толуын зор мақтанышпен атап өтудеміз.
Осыдан 35 жыл бұрынғы саяси ерлік пен парасаттың жемісін біз бүгін сезініп отырмыз. Бүгінгі Қазақстан – дамыған, беделді, халықаралық аренада өз орнын тапқан мемлекет. Елімізде бейбітшілік пен тұрақтылық, қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулық-басты құндылықтар болып қалуда.
Декларацияда Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі жарияланып, елдің саяси-құқықтық тәуелсіздігінің бағдарламасы баяндалды. Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатты өз бетінше жүргізу құқығын, табиғи ресурстар мен ұлттық байлыққа иелік етуін, азаматтардың құқықтары мен еркіндігін қорғау жолындағы ұстанымдарын заң жүзінде айқындады. Бұл – болашақ Конституциямыздың, Тәуелсіздік туралы Заңның және тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуымыздың негізін қалаған тарихи құжат. Декларацияда алғаш рет ұлттық бірегейлік, тіл, мәдениет, экономикалық дербестік, құқықтық мемлекет қағидалары нақты көрініс тапты. Бұл – халық еркіндігінің бастауы, мемлекетіміздің егемен жолға түсуінің заңдық тұғыры болды.
Мәслихаттар-Тәуелсіздікпен бірге түлеген өкілетті органдар. Еліміздің егемендікке қадам басқан тұсында Қазақстанда жаңа саяси жүйе қалыптаса бастады. Соның жарқын көрінісі – 1993 жылы егемен Қазақстанның алғашқы Ата Заңы бекітілді, мемлекетіміздің конституциялық құрылымы айқындалғаннан кейін 1994 жылы алғаш рет халық сайлаған өкілді органдар мәслихаттар құрылды.
Мәслихаттар – жергілікті өзін-өзі басқарудың негізі ретінде, халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналды. Олар өңірлердегі өзекті мәселелерді көтеріп, жергілікті бюджет пен даму бағдарламаларын бекітіп, әлеуметтік-экономикалық шешімдер қабылдауда маңызды рөл атқарды. 30 жылдан астам уақыт ішінде мәслихаттар ел дамуына өз үлесін қосып, азаматтық қоғамның нығаюына ықпал етуде. 2021 жылғы саяси реформалар нәтижесінде мәслихаттарға партиялық және бірмандаттық сайлау жүйесі енгізіліп, халықтың таңдауы кеңейді. Бұл-жергілікті басқарудың ашықтығы мен жауапкершілігін арттырған маңызды қадам болды. Бүгінгі күні мәслихат депутаттары - әр өңірдегі халықтың мүддесін қорғаушы, нақты проблемаларды көтеріп, олардың шешілуіне ықпал етуші тұлғалар.
Егемендіктің алғашқы жылдарында елмен бірге еңсесін тіктеп, экономикалық және әлеуметтік салада үлкен өзгерістерге бет алған ауданымыз бүгінде Жамбыл облысындағы қарқынды дамып келе жатқан аудандардың қатарында. Аудан халқының әлеуметтік жағдайы жыл санап жақсарып келеді. Барлық әлеуметтік нысандар заманауи талаптарға сай жабдықталып, жаңа мектептер, балабақшалар мен дәрігерлік пункттер ашылуда. Елдімекендер таза ауыз сумен және табиғи газбен қамтылу көрсеткіші жылдан-жылға артты. Сонымен қатар, уақыт талабына сай өндіріс орындарына жаңа және озық технологияларды енгізу арқылы өнімдердің бәсекеге қабілеттілігі артуда. Жер өңдеу мәдениетін сақтау және ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқым сұрыптарын жаңарту арқылы жоғары өнімділікке қол жеткізілуде.Ауданда мал шаруашылығы тұрақты дамып келеді. Мал басы артып, мүйізді ірі қара, қой-ешкі, жылқы мен түйе саны көбейіп отыр. Егіншілік саласында да оң нәтижелер бар. Су үнемдеу бағытында заманауи  жаңбырлатып, тамшылатып суару технологиялары қолданылып, егіс алқаптарының өнімділігі артуда. Бұл жетістік жылдан-жылға кеңейіп, ауыл шаруашылығының даму қарқынын арттыра түсуде.
Ауданда құрылыс индустриясын дамыту және жергілікті еңбек нарығын кеңейту мақсатында бірқатар маңызды өндірістік-инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, Диқан ауылдық округінде заманауи кірпіш зауыты іске қосылып, құрылыс саласына қажетті өнім өндіру ісі жолға қойылды.  Сонымен қатар, Ақшолақ ауылында қант қызылшасын өңдейтін заманауи қант зауытының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жалпы инвестиция көлемі 200 млн. АҚШ долларын құрайтын бұл жоба аясында 350-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Зауыт жылына 1 млн. тонна қант қызылшасын өңдеп, 120 мың тоннаға дейін қант және меласса мен жом сияқты қосалқы өнімдер өндіруге мүмкіндік береді. Бұл жобалар өңір экономикасының өсуіне, жаңа жұмыс орындарының құрылуына және халықтың әл-ауқатының артуына елеулі үлес қосады.
Аудандық мәслихат жұмысының негізгі принципі-түсіністік, атқарушы органдармен тығыз байланыс, ортақ іске бірге жұмылу. Ауданда атқарылып жатқан игі істердің орындалуына жергілікті өкілді орган - аудандық мәслихаттың да қосқан үлесі бар екенін айтуымыз керек.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдары мәслихаттар жергілікті билік және барлық сайлау науқандары түрлерінің әрекеттерінде негізгі рөлге ие болғанын сеніммен айтуға болады.
1994 жылдың наурыз айында елімізде Қазақстанның саяси көзқарасындағы жаңа толқынды танытқан жергілікті өкілді билік органдары – мәслихаттарға алғашқы сайлаулар басталды. Ол елдегі бәсекеге қабілетті алғашқы сайлау болып, республиканың демократиялылығын жедел дамытты.
Мәслихаттар нақты заң шеңберінде жергілікті халықтың еркіндігі мен ерікті іс-әрекет етуін қамтитын мемлекеттік органдардың өкілеті ретіндегі функцияларға ие болды.
Сегізінші сайланған Байзақ аудандық мәслихатында 17 депутат сайланды. Алғашқы ұйымдастыру сессиясы 2023 жылғы 30 наурызда өтті. Аталған сессияда №2 сайлау округінен сайланған депутаты ретінде мен аудандық мәслихаттың төрағасы болып сайландым. Сондай-ақ тәжірибелі депутаттар Елнұрбек Ермеков, Алтынбек Жәмішжанов, Гүлбахрам Ермековалар тұрақты комиссиялардың төрағасы ретінде өз жұмыстарын жүйелі атқарып келеді.
Аудандық мәслихат өз құзыретін пайдалана отырып, бүгінгі күнге дейін ауданымыздың өсіп-өркендеуіне қомақты үлес қосқан 151 азаматқа «Байзақ ауданының Құрметті азаматы» атағын беріп, 545 азаматты аудандық мәслихаттың және Байзақ ауданының Құрмет грамоталарымен марапаттады.
Аудан депутаттарының өз сайлау округіндегі тұрғындармен байланысы қалыптасты деуге болады. Депутаттар сайлаушыларды қабылдап, олармен кездесулер өткізіп, толғандыратын ортақ проблемалар мен маңызды мәселелерді талқылап отырады. Ұсыныстарды, шағымдарды тиісті орындарға қояды, орындалуына уақытылы бақылау жасайды және жылына екі мезгіл сайлаушылар алдында есеп береді.
Біз еліміздің тірегі, мемлекетіміздің тұтастығы мен тұрақтылығы өз қолымызда екенін терең сезінеміз. Сондықтан да Қазақстанның жарқын болашағы үшін аянбай еңбек етіп, халыққа адал қызмет ету-баршамыздың ортақ міндетіміз деп білеміз.
Баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтай отырып, Сіздерге мықты денсаулық, бейбіт өмір, ырыс пен ынтымақ, еңбектеріңізге толағай табыстар тілеймін!

Бақтияр АҚБАЕВ,
аудандық мәслихаттың төрағасы.

Обновлено 28.10.2025 12:55
 

Халыққа жолдау

 

 

 

 

 

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1553
mod_vvisit_counterКеше6400
mod_vvisit_counterОсы аптада1553
mod_vvisit_counterӨткен аптада22840
mod_vvisit_counterОсы айда37996
mod_vvisit_counterӨткен айда96777
mod_vvisit_counterБәрі4295254

Серіктестер