|
Қазақстан Республикасының ең қастерлі мерекелерінің бірі-Республика күні. Бұл күн – халқымыздың мемлекет құру жолындағы тарихи шешім қабылдаған, тәуелсіздікке бағыт алған ұлы сәтін еске түсіретін маңызды мереке. 1990 жылдың 25 қазанында “Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы” қабылданды. Бұл құжат еліміздің дербес даму жолына түскенін, өз тағдырын өзі айқындауға бел буғанын паш етті. Дәл осы күн – кейінгі тәуелсіз Қазақстанның іргетасы қаланған тарихи белес болды. Бұл мереке 2001 жылдан мемлекеттік мереке ретінде тойланып, 2009 жылдан кейін атаусыз қалды. Ал үш жыл бұрын 29 қыркүйекте Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен “Ұлттық мереке” мәртебесі беріліп, елдің басты мейрамы ретінде қайта жаңғырды. Осы мерекені биыл төртінші мәрте атап өткелі отырмыз. Республика күні – халқымыздың еркіндік пен бірлікті жоғары бағалайтындығын көрсететін мереке. Бұл – мемлекетіміздің дамуы мен өркендеуінің бастауы, елдік пен егемендіктің нышаны. Бүгінгі бейбіт, тәуелсіз Қазақстан сол тарихи таңдаудың жемісі. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан әлеуметтік, экономикалық және мәдени тұрғыдан үлкен жетістіктерге жетті. Елдің болашағы – жастарға зор сенім артылуда. Олар елдің өркендеуіне үлес қосып, туған жердің патриоттары болып өсуде. Республика күні – әрбір қазақстандықтың жүрегінде отансүйгіштік сезімін ұялатып, ел мен жерге деген құрметті арттырады. Бұл мереке бізді бірлікке, татулыққа, ортақ мақсатқа ұмтылдырады. Тәуелсіз еліміздің тұғыры, бейбіт өміріміздің кепілі саналатын мерекемен ауыл тұрғындарын шын жүректен құттықтаймын!
Досжан Төленбеков, аудандық соттың төрағасы. |