|
Әр адамның өмірінде өзіндік мәнге ие айрықша күндер болады. Біреулер үшін ол – жеке өміріндегі қуанышты сәт, туған күні болса, енді біреуі – ел тағдырындағы тарихи маңызы бар мереке. Ал мен үшін бұл екі қуаныштың тоғысуы өмірімнің ең үлкен мақтанышы деп білемін. Себебі мен еліміздің егемендігі мен мемлекетіміздің жаңа дәуірінің бастауы болған Республика күнімен тұспа-тұс дүниеге есігін ашыппын. 1990 жылдың 22 қазанында Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, Көгершін ауылында дүниеге келдім. Ақтоған орта мектебін тәмамдаған соң, 2008-2012 жылдары Тараз мемлекеттік университетінде менеджмент мамандығы бойынша білім алдым. Аталмыш оқу орнында “Экономика ғылымдарының магистра” дәрежесін алдым. 2014 жылы тұрмысқа шықтым, үш ұлым мен бір қыздың анасымын. Еңбек жолымды
2019 жылдан бастап «Береке» жеке кәсіпкерлігінің басшысы қызметін бастадым. Бұл қызметімде табандылық, тәртіп және сенімнің қадірін ұғындым. 2024 жылдан бастап «Ақпараттық медиа» орталығында есепші болып еңбек етіп келемін. Бұл салада да өз ісіме ұқыптылықпен қарап, ұжыммен бірге қоғам игілігі үшін жұмыс істеуді басты міндетім деп білемін. Бақытты жанның бірімін. Өйткені еліміздің ең қастерлі мерекелерінің бірі – 25 қазан Республика күнімен тұспа-тұс дүниеге келдім. Бұл күн – Қазақстанның егемен ел ретінде тарих сахнасына шыққан, халықтың жаңа белеске қадам басқан сәтін айшықтайтын мереке. Осындай ұлы күнмен тағдырлас болғаныма шексіз қуаныштымын және мақтан етемін. Әр жылы туған күнім жақындағанда мен елімнің тарихына, тәуелсіздік жолындағы жетістіктеріне көз жүгіртемін. Мен үшін бұл күн – жай ғана туған күн емес, ел тағдырымен өз өмірімнің астасып жатқанын сезінетін сәт. Республика күні – ел бірлігінің, халық сенімінің және жарқын болашаққа деген үміттің нышаны. Тәуелсіз елдің перзенті болу – үлкен бақыт әрі жауапкершілік жүктейді. Елімнің дамуына, оның өркендеу жолындағы игі істерге үлес қосу – парызым деп білемін. Жас буын-еліміздің келешегі. Әрбір жас өз елінің тарихын, дәстүрін қастерлеп, мемлекет мүддесін бәрінен биік қоюы тиіс. Өйткені егемендіктің мәңгілік кепілі – ұлттың саналы ұрпағы. Бүгінгі бейбіт күннің қадірін түсініп, ұрпағымыздың болашағы жарқын болуына атсалысу – ортақ міндет. Сондықтан да мен Республика күнімен тұспа-тұс туғаныма қуанамын. Өзімнің туған күнімді елдің дамуы, жаңаруымен бірге атап өтуді үлкен мәртебе санаймын.
Гүлжан ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА, Ақпараттық медиа орталығының есепшісі. Сарыкемер ауылы. |
|
Обновлено 28.10.2025 12:50 |