Онлайн газет



«АБАЙ» ТРАГЕДИЯСЫМЕН АШЫЛДЫ

АСТАНА. 2025 жылдың 13 қыркүйегі – қазақ өнерінің тарихында есте қаларлық күндердің бірі болды. Сәрсенбінің сәтті күнінде, күндізгі сағат 17:00-де Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры өзінің 35-ші театр маусымын ұлы ойшыл, дана ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясында дәстүрлі түрде «Абай» трагедиясымен ашты.
Шабытқа толы, жаңа театр маусымы рухани қуат пен өнердің өрісін айқындаған ерекше іс-шара болды. Бұл айтулы күнге Астана қаласында тұратын әскери қызметкер, мәдениет жанашыры, кенже қызым Жанар Бейсенова мені ауылдан арнайы шақырған еді. Шақыртуды қабыл алып, театр маусымы Ұлы Абай трагедиясымен ашылғалы жатқандықтан ауылдың алыстығына қарамастан алдын ала Астанаға жол тарттым. 
Абайдың өмір жолын, ұлылығын сахна тілімен өрнектеген спектакль көрерменге зор әсер сыйлады. Ұлы тұлғаның бейнесін сомдаған-Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуіл көрермен жүрегінен ерекше орын алды. Оның ойыны шынайылығымен, ішкі терең сезіммен астасып, көрерменге Абайдың өзімен жүздескендей әсер қалдырды. Мұндай талант иелеріне қандай құрмет көрсетілсе де лайық. Сонымен қатар, аға Абайдың бейнесін ойнаған-Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов сахнада ұлы ақынның рухын айқын жеткізді.
Айдар рөлін сомдаған Қайыржан Садықов – болашағынан зор үміт күттіретін жас актер. Ал Ажар бейнесіндегі Сағыныш Нұрхайдарова өз кейіпкерін нәзіктік пен шынайылық арқылы бейнеледі.
Әбдірахман рөлінде өнер көрсеткен – Қазақстан Жастар Одағының «Серпер» сыйлығының лауреаты Жанат Оспанов. Ол Абайдың ұлы Әбдірахманның бейнесін бар болмысымен ашып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Мағыш рөліндегі ҚР «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Ақмарал Танабаева сахнада инабатты келіннің, парасатты әйелдің бейнесін айқын көрсетті.
Ал Тәкежан бейнесін сомдаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Боранбай Молдабаевтан феодалдық замандағы қаталдық пен дәуірдің дүлей мінезі ерекше сезілді.
Кешкі сағат 19:00-де басталған қойылымда театр залында ине шаншар жер болмады. Көрермендер сахнадағы әр көрініске терең әсерленіп, жиі қол соғып отырды. Барлық кейіпкерлер сахна төрінде өз рөлін шынайы сомдап, қазақ драматургиясының биік деңгейін тағы бір дәлелдеді. Ұлы ақынның өмір жолын бейнелеген бұл қойылым тек өткеннің көрінісі емес, бүгінгі ұрпаққа да ой салатын, рухани тәрбие беретін терең туынды болды.
Қойылым соңында ұлы ақынның 14-қара сөзімен түйінделген көрініс көрерменнің жандүниесін терең толқытты. «...Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік… ал енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай, өзім де қайранмын…»,- деген Абайдың осы сөздері ғасырлар өтсе де, адамзат баласына ой салып, өмірдің мәнін іздеуге жетелейді.
Ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрып пен заманның әділетсіздігін айыптаған Абай философиясы бүгін де өзекті. М.Әуезовтің «Абай» драмасы арқылы бұл рухани биік ой сахна төрінде қайта жаңғырып, жаңа буынның санасына сәуле құйды.
Ұлы ақын Абайдың өмір жолын, өнегесін сахнада шынайы бейнелеген әрбір актер мен шығармашылық топқа айтар алғысым зор.
Абай мәңгі жасайды!

Ниязхан БЕЙСЕНОВ,
білім саласының ардагері.
Түймекент ауылы.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін2078
mod_vvisit_counterКеше2997
mod_vvisit_counterОсы аптада5075
mod_vvisit_counterӨткен аптада17651
mod_vvisit_counterОсы айда43893
mod_vvisit_counterӨткен айда74816
mod_vvisit_counterБәрі3214201

Серіктестер