|

Жақында аудандық білім бөліміне қарасты мектептердің оқушылар мен ұстаздар арасында «Дәстүрлі емес діни ағымдардың қоғамға зияны», «Әлеуметтік желілердегі экстремисттік сайттар» тақырыптарында кездесулер өткізіліп, бейне материалдар көрсетілді. Оған аудандық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімі “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің Дін істері бөлімінің басшысы Алмас Құлымбетов және Дін істері бөлімінің Жастармен жұмыс жөніндегі теолог маманы
Сәуле Арғынбаева қатысты. Іс-шара барысында деструктивті діни ағымдардың зиянына шолу жасалынып, жастардың бүгінгі таңдағы дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегіне еріп кетпеуі, тура жолды таңдаудың маңыздылығы жөнінде ақпарат берілді. Дәстүрлі емес діни ағымдардың ата дінімізге ешқандай қатысы жоқтығын мысалдарға сүйене отырып түсіндірілді. Мұнымен қатар, жастар арасындағы сенім, дінге қызығушылықта ақпарат көздерін дұрыс таңдауға көңіл бөлу керектігі де баса айтылды. Елімізде тыйым салынған ұйымдар жайлы мәлімет беріліп, кездесу «Дәстүрлі емес діни ағымдардың зардаптарынан сақтану» атты тренингімен қорытындыланды.
 Елімізде бірлік пен қоғамдық келісімді сақтау, жастардың діни білім деңгейлерін арттырып, дәстүрлі құндылықтарды сақтаудың өзектілігі де назардан тыс қалмады. Бұдан бөлек, ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері Сарыкемер, Қостөбе, Жаңатұрмыс ауылдық округінде болып, дәстүрлі емес діни ағымдардың қауіптілігі жайында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Онда жат діни ағымдардың ішкі және сыртқы сипаттары туралы, қоғам құндылықтарына кері әсері жайлы сөз өрбіді. Сондай-ақ, топ мүшелері бүгінгі таңда жас ұрпақтың тәрбиесіне баса көңіл бөлудің маңыздылығын айтып, олардың тура жол таңдауда жаңылыспауына ықпал ету керектігін жеткізді. Іс-шара соңында қатысушылар тарапынан ұсыныстар мен пікірлер айтылып, қойылған сұрақтарға мамандар тарапынан жауаптар берілді.
Гүлшахар ӘБДІҚҰЛОВА, ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі. |