|
Халықтың рухани байлығы-кітап, ал сол қазынаны кейінгі ұрпаққа аманаттап, насихаттап жүрген жандар – кітапханашылар. Осындай абыройлы мамандық иелерінің бірі – Айнұр Абдрасилова. Өмірін оқырманға қызмет етуге, кітап пен білімнің қадірін ұлықтауға арнаған ол 1995 жылы Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, Каменка орта мектебін бітіріп шықты. 1998-2003 жылдары Тараз қаласындағы «Әулиеата» университетіне оқуға түсіп, тарих және география пәні мұғалімі мамандығы бойынша жоғары білім алды. Сол жылы ауданымызға қарасты Абай ауылына келін болып түсіп, еңбек жолын осы ауылдағы кітапханадан бастады. Бүгінде сол қызметті абыройлы атқарып
келеді. 2 ұл, 3 қыздың анасы, 3 немеренің ардақты әжесі атанған кейіпкеріміз отбасында да, қоғамда да өнегелі келін, мейірімді ана, өз ісіне шынайы берілген еңбек адамы ретінде танылып отыр. Абай ауылдық кітапханасында 960 оқырман тіркелген. Бұл-ауыл халқының кітап оқуға деген қызығушылығының жоғары екенін көрсетеді. Ауылдың белсенді азаматтары Мархабат Шайхиева, Ләззат Құлжабаева, Салтанат Абдрахманова, Салтанат Ыбрайымова-кітапхананың тұрақты оқырмандары. Сонымен қатар, зейнеткер апа-ағаларымыз Саттар Мақашев пен Лескүл Әлдекеева да кітапхананың тұрақты келушілері. Олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, жастарға өнеге көрсетіп, рухани тәрбие беруге үлес қосып жүр. – Қазіргі таңда кітапханада 11 617 дана кітап бар, оның ішінде 6 157-і қазақ тілінде. Жыл сайын қор жаңа басылымдармен толықтырылып отырады. Биылдың өзінде 73 жаңа кітап келіп түсті, олардың 66-сы қазақ тіліндегі әдебиеттер. Бұл – ауыл тұрғындарының ана тіліндегі шығармаларға деген қызығушылығының жоғары екенін көрсетеді. Ауыл тұрғындарының кітапқа деген қызығушылығын арттыру бағытында түрлі мәдени-ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылып отырады. Соның бірі – облыстық «Ашық аспан астындағы кітапхана» жобасы. Аталған жоба аясында сәуір айында «Жақсы кітап – жан азығың» атты тақырыппен жаңа кітаптарға шолу жасалынды.Сондай-ақ, ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Абай ауылындағы мектеп алдында «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты іс-шара өтті. Оған ауылдық округтің әкімі Жұмабек Шайхиев пен мектеп директоры Жанатбек Тұрғынбаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Абай ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Оқушылар ақынның өлеңдері мен қара сөздерін мәнерлеп оқып, рухани кешке көрік қосты. Ауылдың мәдени өмірінде тағы бір ерекше шара – «Жылжымалы кітапхана» жобасы жүзеге асырылды. Осы жоба аясында Наурыз мерекесінде Ақтөбе ауылына барып, кітапханалық-библиографиялық қызмет көрсетілді. Тұрғындарға және оқушыларға кітап ретінде базарлық ұсынылып, 30 кітап оқырмандарға табысталды. Бұдан бөлек, жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясына белсене қатысып келеміз. Биыл бұл жоба аясында жазушы Тәкен Әлімқұловтың және ақын Жұмекен Нәжімеденовтің шығармалары оқу үшін ұсынылды. Өңірлік «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы шеңберінде де ауылдық кітапханада бірқатар танымдық және әдеби іс-шаралар ұйымдастырылып, тұрғындардың кітапқа деген сүйіспеншілігі мен оқырман мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді. Кітапханашы күні-еліміздің ұлттық мерекесі Республика күні қарсаңында келуі жақсылықтың нышаны. “Адамды адам еткен - кітап, адамзат еткен - кітапхана” деп белгілі жазушы Әбіш Кекілбаев айтқандай, кітапхана қашанда мәдени-рухани іс-шаралардың жиі ұйымдастырылатын руханият ордасы. Ал кітапханашылар қоғамның рухани дәнекері,- деп сөзін түйіндеді Айнұр Ауғанбайқызы. Кітапханашы – тек кітапты сақтаушы емес, ол – руханияттың жаршысы, ел мәдениетінің қалыптасуына үлес қосушы тұлға. Өз ісіне адалдықпен қарап, ауыл тұрғындарының білім мен әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттыру жолында табанды еңбек етіп жүрген кітапханашының еңбегі – осының айқын дәлелі. Оқыған ел – озған ел. Кітап қадірін білетін, рухани бай ұрпақ көбейе берсін!
Жанерке ӘЛТЕН, «Ауыл жаңалығы». Абай ауылы. |