|
«Денсаулық-зор байлық», «Байлық-байлық емес, денсаулық-байлық» деп халқымыз тегін айтпаған. Денсаулықтан асқан байлық жоқ екенін ауырғанда біледі екенсің. Тосыннан дерт келіп, мазаңды алған кезде дәрігерлерге жүгінетініміз анық. Өткен айда денсаулығым сыр беріп, аудандық орталық аурухананың жандандыру бөліміне түстім. Осы бөлімнің меңгерушісі Әсет Қуатов алғашқы көмегін беріп, ажал аузынан алып қалды. Бір жақ қол-аяғым жансызданып, өзгенің көмегіне мұқтаж болып қалдым. Осы кезде «Денсаулық-сау адамның басындағы тәж. Оны сырқат адам ғана
көре алады» деген даналардың сөзі ойыма келді. Сосын емдеу бөлімінің меңгерушісі Галия Есеева аялы алақанымен соған лайықталған емді қолданудың нәтижесінде қалыпты өмірге оралдым. 2018 жылдан бері емдеу бөлімінде меңгеруші болып жұмыс жасайтын Ғалия Тұрарқызының науқастарға деген кішіпейілдігі, өз ісіне деген жауапкершілігі, кез келген науқастың мұң-мұқтажына құлақ түріп, денсаулығының жақсаруына бар білімін жұмсайтындығы тәнті етті. Аға мейірбикелер Жансая Сағымбекова, шаруабике Гүлзат Тұрсынова, кіші мейірбикелер Фарида Боранбаева, Лейла Дуспулова, Бегайым Мырзалиева, Пернеш Жакашева, Пернекүл Нарбаевалардың еңбегі көзге көріне бермейтіндігін байқадым. Мейірбикелер Айжан Ахметова, Майра Шолтаева, Гүлназ Досболова, Бұқаргүл Серікбаева, Шынар Абубакирова, Айгерім Мұхтарқызы науқастардың дәрілері мен қажетті медициналық жәрдемін уақытында беріп отырады. Дәрігерлер - ең ұлық мамандық иелері. Республика күні қарсаңында жоғарыда есімдері аталған медицина саласының өкілдерін мерекемен құттықтап, науқастардың алғысына бөлене беріңіздер демекпін.
Мұрат АЖИКУЛОВ, Сарыкемер ауылының тұрғыны. |