|

Ауданымызға қарасты Абай ауылындағы «Айгөлек» бөбекжай-бақшасының әдіскері Бақыт Макубаева - мектепке дейінгі білім беру саласында үздік еңбек етіп жүрген білікті педагогтардың бірі. Ол өзінің ізденімпаздығы мен кәсіби шеберлігінің арқасында аудандық «Мектепке дейінгі ұйымның жыл әдіскері» байқауында бас жүлдені жеңіп алған болатын. Облыстық кезеңде де біліктілігінің нәтижесінде I орынды иеленіп, ауданымыздың мерейін үстем етті. Байқау барысында Бақыт Маратқызы өз жұмысында педагогтерді әдістемелік тұрғыдан қолдау, жаңашыл идеяларды тәжірибеге енгізу және оқу-тәрбие үдерісінің сапасын арттыру бағытында атқарылған іргелі істерін ұсынды. Ол ұжымда шығармашылық атмосфера қалыптастырып, әр педагогтың кәсіби дамуына жағдай жасауда
ерекше еңбек сіңіріп келеді. Бақыт Маратқызының жетекшілігімен балабақшада түрлі заманауи жобалар, этно-интерактивті үстел ойындары, әдістемелік нұсқаулықтар мен оқу-дамытушылық құралдар әзірленіп, тәрбиешілердің күнделікті іс-тәжірибесінде кеңінен қолданылып жүр. Оның «Смарт мұра» атты авторлық этноинтерактивті үстел ойыны педагогтар мен ата-аналар арасында айрықша қызығушылық тудырып, балалардың ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталған тың жоба ретінде бағаланды. Сонымен қатар ол жас мамандарды қолдап, оларға кәсіби бағыт-бағдар беріп, тәлімгерлік қызметті де абыроймен атқаруда. Ұстанымы-адалдық, ұжымда сыйлы, балалардың шынайы сүйіспеншілігіне бөленген Б.Макубаеваның аудандық және облыстық деңгейдегі жетістіктері-тек жеке табыс қана емес, бұл бүкіл «Айгөлек» бөбекжай-бақшасы ұжымының ынтымақты еңбегінің нәтижесі екендігі анық. Әдіскердің шығармашылық ізденісі мен жаңашылдығы білім беру сапасын арттыруға, балалардың жан-жақты дамуына, ұлттық рухта тәрбиеленуіне үлкен үлес қосуда. Бәсекеге қабілетті адам капиталы-елдің болашағы. Қай кезеңде болмасын жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру қоғам алдындағы маңызды іс болып қала береді. Сапалы білім мен саналы тәрбиенің кілті — білімді педагогтің қолында. Әрдайым білімін жетілдіріп отыратын, өз-өзін дамытуға ұмтылатын Бақыт Макубаеваның жетістігі жас педагогтерге үлгі боларлық еңбек.
Өз тілшіміз. |
|
Обновлено 28.10.2025 12:28 |