Онлайн газет



МЫҢБАСЫ ҚОСЫ БАТЫР - ЕРЛІГІ ЕРЕН ТАРИХИ ТҰЛҒА

Өткен аптаның сенбісінде Суханбаев ауылдық округіне қарасты Қосы батыр ауылында қазақ-жоңғар соғысының жаужүрек батырларының бірі, он бес жасында шайқасқа қатысып,  жиырма бесінде “ақ сауытты, алмас қылышты хас батыр” атанған  - Қосы батыр Сәмбетұлының 355 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өтілді. «Қосы батыр» қоғамдық қорының ұйытқы болуымен аудан әкімдігінің қолдауымен өткен шара алдымен батырдың ескерткішіне тағзым етіліп, әруағына “Байзақ баба”  мешітінің бас имамы Қанат Жұмағұлдың құран оқуымен бастау алды.
Мұнан соң алыс-жақыннан келген қонақтар мен жиналған көпшілік  қаз-қатар тігілген ақшаңқай киіз үйлерді аралап,  білім  беру саласы мекемелері қолөнер шеберлерінің көрмесін тамашалады. Әрмен қарай ұйымдастырушылар елге еңбегі сіңген, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқан қазыналы қариялардың иығына зерделі шапан жауып, құрметтерін көрсетті. Суырыпсалма айтыскер ақындар Дархан Әбдіманап пен Рай Дөңбай   арнау жырларынан шашу шашқан соң  аудан әкімі Олжас Баққараев батырдың есімін бүгінгі ұрпаққа дәріптеу, насихаттау мақсатында ауданымызда жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқандығын атап өтті.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында: «Ұлттық бірегейлігімізді  нығайтумен қатар, ел қорғаған ерлердің есімдерін жадымызда жаңғырту да маңызды» десе, биылғы Жолдауында төл тарихымызға құрметпен қарау-өткенге құрмет екендігін атап өткен болатын.
Ерлік тайсалмас табандылық пен қайыспас қайсарлықтан шығады. Ерліктің ерен үлгісін көрсеткен бабамыздың рухына тағзым ету, оның есімін ұлықтау-әрқайсымыздың азамат ретінде басты парызымыз. Батырдың өмірі, оның ерлігі-туған жерге, туған елге деген адалдықтың, Отанға деген сүйіспеншіліктің символы, - дей келе Олжас Елебекұлы батырдан тараған  мақтан етер ұрпақтар көп екендігін алға тартты. Солардың ішінде  жақында Шу қаласында 160 жылдығы аталып өтілген Балуан Шолақ Баймырзаұлы, жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Суханбаев, мемлекет және қоғам қайраткері, ақын-драматург Арғынбай Бекбосынның еңбектері   батырлықтың ерен үлгісі екендігін жеткізді.
Бұдан соң Мемлекет және қоғам қайраткері Бөрібай Жексембин ғалымдардың айтуынша қазақ тарихында 300-ден астам баһадүр батырлар болғандығын, соның ішінде азаттық соғыстардың ортасында қайнап өскен Қосы Сәмбетұлының  жауынгерлік ерліктерімен қатар мыңбасы, елші болғандығын тарихи деректерге сүйене отырып жеткізді. Таяуда Атырау қаласында үлкен көшеге Қосы батыр бабамыздың есімі берілгендігін, азаттық күндерге жеткізген батыр бабаларымыздың  ерлігін дәріптеу, ұлықтау, жас ұрпақ бойына отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастыруда осындай іс-шаралардың маңызы зор екендігін  тілге тиек етті. Қосы бабамыздың ел тәуелсіздігін алу жолындағы ерен еңбегіне кеңінен тоқталып, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
“Қосы батыр” қоғамдық қорының төрағасы, Алматы облысы мен Шу ауданының Құрметті азаматы Дәулетбай Есімбеков облыс және аудан әкімдігінің қолдауымен Қосы батырдың 355 жылдық мерейтойы мен аттас қордың 30 жылдығы аясында өтіп жатқан шараның маңыздылығына екпін салып, кейінгі өскелең ұрпақ өз елінің тарихын білу-парыз екендігін, қордың  ұйытқы болуымен өткен ауқымды шараларды тарқатып айтты. Осыдан отыз жыл бұрын жарық көрген “Қосы батыр Сәмбетұлы және оның замандастары мен ұрпақтары” атты кітапты толықтырып, жаңадан шығару, сондай-ақ алдағы жылы Атырау қаласындағы  басты көшеге Қосы батырдың есімі берілгендіктен, сол көшеге ескерткіш тақта қою қолға алынатындығын мәлім етті.
Мерейтойдың маңызды бөлігі  «Мыңбасы Қосы батыр-ерлігі ерен тарихи тұлға» атты ғылыми-тәжірибелік конференция болды. Ұлттық журналистік зерттеу орталығының жетекшісі, баспагер-журналист, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы Дәрмен Смайыл модераторлық еткен конференцияда өлкетанушы Сауран Қалиев Қосы батырдың өмір сүрген уақыты қазақ-жоңғар қатынасымен тікелей  тұспа-тұс келгендігін, “Ақтабан шұбырынды, алқакөл-сұлама” жылдары тарих сахнасына  ел қорғаған батырлар мен билер шыққандығын, Орбұлақ пен Аңырақайдағы жойқын жеңістер, Қосы батырдың көрсеткен ерен ерліктері туралы баяндады.


“Қосы батыр” қоры төрағасының орынбасары, техника ғылымдарының кандидаты, ҚҰ СШИУ профессоры Болат Үсенбаев Қосы батырдың жаумен шайқасқан жерлеріне,  Сұмқайтты жеріндегі батырдың бейітін қалпына келтіру бағытындағы жұмыстар, Қосапан туралы тың деректерді алға тартты.
Экономика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Аманкелді Карентаев  “жеті атасын білген  ер - жеті жұрттың қамын жер” деген ғибратты сөзге сүйене отырып, Қосы батыр және ұрпақтары туралы атасынан естігендігін  айтты. Батырдың  ұрпақтары арасынан  батырлар, билер, ақындар, қоғам қайраткерлері мен ел басқарған азаматтар көптеп шыққандығына басымдық салды. 2004 жылы Ақмола облысы, Бұланды ауданында Балуан Шолақ Баймырзаұлының 140 жылдық мерейтойы өтіп, ас берілгендігін, 2005 жылы Жамбыл облысының сол кездегі әкімі Бөрібай Жексембин, тағы басқа көрнекті, атпал азаматтардың ұйытқы болуымен еңселі ескерткіш бой көтергендігін, қордың мұрындық болуымен  Байзақ ауданында 1998 жылы Қосы батыр ескерткіші тұрғызылғандығын, оған елеулі еңбек сіңіргендерді атап өтті.


“Қосы батыр” қоғамдық қорының хатшысы, журналист, өлке тарихы және атақты адамдарын зерттеуші, өлкетанушы Тұрсынхан Толқынбаев қордың 30 жылда атқарған жұмыстары мен алдағы қолға алынатын жұмыстарын айтып шықты.
Конференция соңында тарих-атамыз, тіліміз-анамыз, ұлттық рухымыз-салт-дәстүріміз екендігі айтылып, құнды да тың ұсыныстар назарға алынды.
Мұнан кейін көрермен назарына аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінің күміс көмей әншілерінің концерттік бағдарламасы ұсынылды.
Батыр тойының сән-салтанатын ұлттық ойындар мен ат бәйгесі келтірді.
Қосы батыр Сәмбетұлының 355 жылдығына арналған қазақ күресінен өткен аудандық ашық турнирде палуандар 70 келі және 90 келіден жоғары салмақ дәрежелері бойынша боз кілемде белдесті. Өгіз палуан үшін де, түйе палуан үшін де өткен белдесулер аса тартысты өтті. Нәтижесінде 74 келі салмақ дәрежесіндегі белдесуде 3-орынды Сарысу ауданының балуаны Нұр Аманшүкір иеленсе, 2-орынды тараздық Нұрдік Шаймерденов жеңіп алды. Ал ауданымыздағы Көкөзек ауылының балуаны Нұрзат Сәлімбаев 1-орынды иеленіп, өгіз балуан атанды. Жеңімпаздарға арнайы диплом, медаль мен ақшалай сыйлықтың сертификатын Қосы батыр қорының төрағасы Дәулетбай Есімбеков бастаған зиялы қауым өкілдері табыс етті.
Ал 90 келіден жоғары салмақ дәрежесіндегі түйе балуан атануға небір мықты, сом білекті, апайтөс балуандар шықты. Белдесу барысында жеңгендердің еңсесі көтеріліп, жеңілгендердің көңіл-күйлері болмай жатты. Боз кілемде көп уақытқа дейін бірін-бірі ала алмай жатқандарда болды. Дегенмен мықты, әдісі мол балуанның жеңіс тұғырына көтерілетіні аян.
Белдесулерді ұзақ уақыт тапжылмай тамашалап отырғандар арасынан Мемлекет және қоғам қайраткері, кезінде Жамбыл облысының әкімі қызметін атқарған Бөрібай Жексембин басқарған ел ағалар 3-орынды иеленген Жуалы ауданының балуаны Қазбек Ракишевке, 2-орын иесі меркілік Жамбыл Тұрғыналиевке, 1-орынды жеңіп алып, түйе палуан атанған Шохан Нұрмаханбетовке тиісті дәрежелі диплом, медаль, ақшалай сертификатын тапсырды.
Сондай-ақ бұл күні қой көтеруден де жарыс өтті. Мұнда сарысулық Әміржан Айтқұл үлкен қошқарды 201 рет көтеріп, көрермендерді таң қалдырды. Ол да арнайы марапаттарға ие болды. Сонымен қатар гір тасын көтеру, арқан тартудан да  сайыстар ұйымдастырылып, топ жарғандарға құрмет көрсетілді.


Түс қайта Үшбұлақ ауылындағы атшабарда құнан және аламан бәйге өтті. Құнандар 15, аламандар 35 шақырымда бақ сынады. Алғашқы төрт орын иелері тиісті марапаттарға қол жеткізді. Аламан бәйгеде 1-орынды иеленген шабандоз жеңіл көлікке ие болды.
Бұл күні батыр бабаның рухына құран бағышталып, ас берілді. Халық елу жыл бойы ат үстінен түспей елін, туған жерін жаудан қорғаған, төрткүл дүниені ат тұяғымен дүбірлеткен даңқты батырдың тарихи кезеңдегі ерлік жолдарына қанық болды.

Гүлшахар Әбдіқұлова,
Қосы батыр ауылы.

Обновлено 21.10.2025 11:28
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1949
mod_vvisit_counterКеше2997
mod_vvisit_counterОсы аптада4946
mod_vvisit_counterӨткен аптада17651
mod_vvisit_counterОсы айда43764
mod_vvisit_counterӨткен айда74816
mod_vvisit_counterБәрі3214072

Серіктестер