Онлайн газет



ЕҢБЕКПЕН ӨРІЛГЕН ӨМІР ЖОЛЫ

Ел экономикасының ілгерілеуі мен ауыл шаруашылығының дамуы — ең алдымен, ерен еңбегімен елге үлгі болып жүрген жұмысшы қауымның арқасы. Осындай еңбек майталмандарының бірі — Айдар Әкімбаевтың өмір жолы өнегеге толы.
Айдар Жөкенұлы 1965 жылы 10 ақпанда Алматы облысы, Талдықорған қаласында дүниеге келген. Отбасы жағдайына байланысты Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Байзақ ауылына қоныс аударады. 1983 жылы бұрынғы Свердлов атындағы орта мектепті бітіріп, 1984-1986 жылдар аралығында әскерде болып, ел алдындағы  азаматтық борышын абыроймен өтеп қайтқан.
Жастайынан алғыр, жауапкершілігі мол Айдар әскерден кейін ауылына оралып, Свердлов атындағы колхозда механизатор болып еңбек жолын бастайды. Колхоздың сан-салалы жұмысында уақытпен санаспай еңбек ету жас жігітті мойыта алмады. Ол қайта осында алдыңғы қатарлы механизаторлардан үйрене жүріп тынымсыз еңбек етті. Нәтижесінде колхоз басшыларының сеніміне кіріп, колхоздағы озат механизаторлар қатарынан көрінді. Техника тілін жетік меңгеріп, еңбектегі жауапкершілігі мен ұқыптылығы арқасында әріптестерінің құрметіне бөленеді.
1991 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін кейіпкеріміз электр жүйелерін тарату мекемесінде механизатор болып үздіксіз қызмет атқарып келеді. Саналы ғұмырын адал еңбекке арнаған ол өз ісінің нағыз маманы ретінде танылған. Қиындығы мен жауапкершілігі мол бұл саланы таңдап, ел игілігі үшін аянбай еңбек ету-үлкен ерлік пен төзімділіктің белгісі.
Жұмыс барысында кездескен қиындықтар жайлы сұрағанымызда, Айдар өткен күндерді еске алып былай деді:
-Алғашқыда, жұмысымның қиыншылықтары көп болды. Техниканың тілін бірден меңгеру оңай болған жоқ. Бірақ тәжірибелі әріптестер қасымда жүріп, бағыт-бағдар берді. Олар «былай істейсің, былай реттейсің» деп үйретіп отырды. Солардың бірі Нұрхан Сағымбеков секілді ағамыздың қолдауымен бұл саланың қыр-сырын толығымен игердім. Қазір анау айтқандай қиындықтар жоқ, – дейді ол.
Бүгінде Айдар Жөкенұлы өз ісінің нағыз шебері. Еңбек жолындағы табандылығы мен ізденімпаздығы жас мамандарға үлгі боларлықтай. Ол үшін техника – жай ғана жұмыс құралы емес, өмірінің бір бөлшегіне айналған серігі іспетті.
Ол ұзақ жылғы адал еңбегі мен кәсіби шеберлігінің арқасында бірқатар марапаттарға ие болды. Еңбегі еленіп, мақтау грамоталары,  мерейлі мерекеге орай табыс етілген «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» медалі оның абыройлы еңбегінің, ел дамуына қосқан үлесінің нақты дәлелі.
Жұмысшы мамандары – ел экономикасының тірегі, қоғам дамуының қозғаушы күші. Олар күнделікті еңбегімен өндірістің үздіксіз жұмыс істеуін, халықтың тұрмыс сапасының артуын қамтамасыз етеді. Осындай адал еңбегімен ел дамуына үлес қосып жүрген Айдар Әкімбаевтың кәсібіне деген құрметі жас ұрпаққа үлгі болып қала бермек.

Жанерке ӘЛТЕН,
«Ауыл  жаңалығы».

Обновлено 21.10.2025 11:03
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін2003
mod_vvisit_counterКеше2997
mod_vvisit_counterОсы аптада5000
mod_vvisit_counterӨткен аптада17651
mod_vvisit_counterОсы айда43818
mod_vvisit_counterӨткен айда74816
mod_vvisit_counterБәрі3214126

Серіктестер