|
Әр ғасыр, әрбір дәуір қазақ халқына сыны мен сынағын қатар жіберуден танбаған. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» тұсында, ел басына күн туған алмағайып кезеңде бүкіл қазақ халқы бірігіп, тізе қосуы арқасында Орбұлақ пен Аңырақайдағы тарихи маңызды жойқын жеңістер Азаттықтың ақ туын көтерумен басталған. Бұл жолда ұлтының өркениетін сақтап қалуға ұмтылған батыр бабаларымыздың қайсар мінезі, қайтпас жігері мен асқақ рухы жатқандығы қазіргі қоғамға тарихи жылнамалардан аян. Елінің қамын жеп, халқының тағдырын әріден ойлаған, жоңғардың әскеріне қарсы сап түзеген батыр бабаларымыздың алдыңғы қатарында дарабоз тұлға Қосы батыр Сәмбетұлының да есімі ерекше биікте тұр. Бабамыздың ерлік жолы ұлт тарихына алтын әріптермен жазылып қалғаны
ақиқат. Жаугершілік заманда өз қатарынан ерте есейіп он бесінде атқа қонған, жоңғарлармен шайқасқа бел шеше кіріскен, жай отындай жарқылдаған қаһарлы Қосы батыр жиырма бес жасында байтақ еліне кеңінен танылып, «ақ боз атты, ақ сауытты, алмас қылышты хас батыр - Қосы батыр» атанғаны және Аңырақай шайқасына шымыр Қойгелді батыр бастаған қолдың мыңбасысы болғаны төл тарихымыздан белгілі. Өр мінезді Қосы батыр Оңтүстік Қазақстан жеріне бірнеше мәрте жорық жасаған қаскөй хонтайшы Батыр бастаған жоңғарларға қарсы шайқастарда ерекше көзге түскен.Кескілескен ұрыстардың бірінде қапылыста тұтқынға түсіп қалғанында оны құтқару үшін албан Хангелді батырды қалмақ хонтайшысына келіссөз жүргізуге жіберген ұлы би-Төле бидің: Хонтайшылар қонтиып, Қоқаңдай берме Қосыға, Қоқаңдай берсең Қосыға, Ағады қаның жосыла! Өлімнен Қосы қорықпайды, Бар құқайың осы ма?!»- деген сөздері ел аузында сақталып, бүгінге дейін жеткен. Қосы батыр жауынгерлік ерліктерімен қоса мәмілегер елші де болып халқына көп қызмет еткен. Қолбасшы Бөгенбай батыр мен Төле бидің арнайы тапсырмаларымен кең байтақ қазақ өлкесінің талай түкпірін шарлап, түрлі мәселелер төңірегінде келіссөздер жүргізген. Бір деректе 1741 жылы Еділ мен Жайықты жағалай қонған Атырау мен Ресейге арнайы барып, басқа түскен ортақ жағдайды терең түсіндіріп, ойын өткізіп, сөзін тыңдатып, Бөгенбай батыр мен Төле бидің сенімін ақтап, мият, яғни көмекке қосымша жасақ пен қару-жарақ алып келгені жайлы айтылады. Елу жыл аттан түспей қазақтың кең байтақ даласын жаудан қорғаған Қосы батыр тоқсан жастан асқанда, 1760 жылы қайтыс болып, жаз жайлауы болған, қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданының Мойынқұмға шектес Әбілқайыр-Сұмқайтты аталатын өңіріндегі «Шаңқұдықтағы» қорымға жерленген. Бабамыздың артында қалдырған ұрпақтары арасынан батырлар мен билер, ақындар мен қоғам қайраткерлері көп шыққан. Қойайдар, Дәуітәлі мен Мәңке билер, тұла бойына сан өнерді сиғызған ақын, әнші, сазгер, алып күштің иесі Балуан Шолақ (Нұрмағамбет) Баймырзаұлы, өрен жүйрік ақындар Үсіпәлі Қалыұлы, Сәрсен Жылысбайұлы, Ұлы Отан соғысында ерен ерлігімен Кеңес Одағының Батыры атанған Ақәділ Суханбаев, мемлекет және қоғам қайраткерлері Төребай Ақбозов, Жапар Түйебеков, Жұмабек Сапарәлиев, Қазақстанға еңбегі сіңген заңгер Оразалы Ақботаев, алдымен Жоғарғы Кеңеске, кейіннен Парламент Мәжілісіне депутат болып сайланған, жазушы-журналист, ақын-драматург Арғынбай Бекбосын, Жамбыл облысының әкімі, Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі қызметтерінде болған Бөрібай Жексембин, облыстың Шу және Байзақ аудандарын, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасын басқарған, экономика ғылымдарының кандидаты Аманкелді Карентаев және басқа да есімдері республика мен қасиетті Әулиеата өңіріне кеңінен танымал азаматтар Қосы батыр бабамыздың тікелей ұрпақтары. Заманның үрдісімен 1995 жылы батыр бабамыздың Тараз қаласында, Байзақ және Шу аудандарында тұратын ұрпақтарының бастамасымен «Қосы батыр» қоғамдық қоры құрылды. Қорды 1995-1999 жылдары Жапар Түйебеков, ал, 2000-2013 жылдары Мырзабек Сапарәлиев ағаларымыз басқарған жылдары батыр бабамызды ұлықтау бойынша талай игілікті шаралар атқарылды. Суханбаев ауылдық округі аумағындағы Қарасу өзенінің жағасына, кіндік қаны тамған жерге Қосы батырға Ақбақайдың ақ тасынан қашалған еңселі ескерткіш тұрғызылып, қасынан есімі берілген мешіт үйі салынды. Ескерткіштің ашылу салтанаты 1998 жылдың 20-шы қыркүйегінде өтіп, облыстың барлық аудандарынан, Ақмола, Алматы облыстарынан ұрпақтары, сол күндері Тараз қаласында өтіп жатқан халықаралық ғылыми конференцияға келген шетелдік ғалымдар қатысты.
 Одан беріде Қосы батыр есімі облыс орталығы Тараз қаласы мен Байзақ ауданындағы Сарыкемер, Шу ауданының Балуан Шолақ, Далақайнар, Бәйдібек ауылдарындағы көшелерге берілді. Тәуелсіздік жылдары қор мүшелерінің ұйытқы, ұйымдастырушы болуымен айтулы батырдың ерлікке толы өмір жолдарына зерттеулер жүргізіліп, мерзімдік басылымдарда мақалалар жарияланып, кітаптар шығарылды. Қосы батырдың есімі «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында шығарылған көп томдық «Қазақстан тарихы» энциклопедиялық анықтамалығына енген. Арғынбай Бекбосын ағамыз өзінің ұлы бабасы Қосы батыр туралы шоқтығы биік талай шығармалар туғызды. Аймаққа белгілі журналист Тұрсынхан Толқынбайұлы республикалық баспалардан «Қосы батыр Сәмбетұлы және оның замандастары мен ұрпақтары» жинағын, «Сәмбет ұрпақтары» кітабын шығарды. Бабамыздың ерлігі мен ұрпақтарына және шежіремізге арналған кітаптарды республикада тұңғыш шығарғанымыз жайлы кезінде облыстық, республикалық басылымдарда жазылды. Соңғы жылдар көлемінде батыр бабамызды ұлықтауда қорымыздың жеткен жетістіктері туралы да айта кетуге тұрады. Айталық, қордың қозғау салуымен, қалың елдің қолдауымен Қосы батыр есімі «Тарихи тұлғалар» тізіміне енді. Көп ұзамай Жамбыл облысы әкімдігінің 2020 жылғы 25 желтоқсандағы №296 бірлескен қаулысы және Жамбыл облыстық мәслихатының 2020 жылғы 25 желтоқсандағы №53-5 шешімімен Суханбаев ауылдық округінің Қарасу ауылы-Қосы батыр ауылы болып қайта аталатын болды. Бабамыздың есімі ұрпақтары тұратын ауылға берілгеніне арналған іс-шаралар 2021 жылдың 5 маусымында ауылға кіреберіске «Қосы батыр» қорының ұйытқы болуымен, батыр ұрпақтарынан жиналған қаржыға қысқа мерзімде тұрғызылған бас қақпаның (арканың) ашылуынан бастау алды. Салтанатты шараға жер шалғайлығына қарамастан Алматыдан, Шу ауданынан келгендер мен ауыл азаматтары қатысты. Қор Қосы батыр ұрпақтары-Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Суханбаевтың 100 жылдығы Байзақ ауданы әкімдігімен бірлесіп 2020 жылғы 15 желтоқсанында туған күнінде облыс орталығында, Сарыкемер мен Қосы батыр ауылдарында кеңінен атап өтілуіне ұйытқы болды. Қорымыздың елеулі істері қатарына мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы-көсемсөзші, ақын-драматург Арғынбай Бекбосынның 85 жылдығын облыс әкімдігімен бірлесіп кеңінен атап өту де жатады. 2022 жылдың ақпан-мамыр айларында қор мүшелері Тараз қаласы мен Сарыкемер ауылындағы есімі берілген көшелерге Қосы батырдың және Ақәділ Суханбаевтың ескерткіш-тақталарын орнатып, ашылу салтанаттарын өткізді. Қаратау қаласындағы Ақәділ Суханбаев көшесіне де ескерткіш тақта орнатылды. Өткен айдың соңына таман, Шу ауданы әкімдігімен бірлесе отырып Балуан Шолақ атамыздың 160 жылдығын дүркіретіп өткіздік. Қор мүшелері 355 жылдығына дайындық аясында Қосы батыр бабамыздың Тұрар Рысқұлов ауданының аумағындағы жаз жайлауы болған, жергілікті тұрғындар «Қосы апаны» атайтын жерге гранит тасынан ескерткіш-белгі орнатты. Қосы батыр ауылындағы ескерткіш-кешен аумағы абаттандырылып, ескерткіші жөндеуден өткізілді. Батыр бабалары алдындағы парыздарына адал ұрпақтары көп болып жұмылып, аудан әкімдігімен бірлесе отырып мерейтойды жан-жақты дайындықпен күні ертең өткізгелі отыр. Халқымыздың ұлт мүддесіне адал болған тарихи тұлғаларының рухын асқақтату дәстүрімен тау тұлғалы Қосы батыр бабамызды ұлықтауға арналған жарқын істер алда да жалғаса береді.
Дәулетбай ЕСІМБЕКОВ, «Қосы батыр» қоғамдық қорының төрағасы, Алматы облысы мен Шу ауданының Құрметті азаматы. |