Онлайн газет



МЫРЗАТАЙЛЫҚ АРДАГЕРЛЕРДІҢ ӨНЕГЕЛІ ІСТЕРІ

Мырзатай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманкелді Әлімбаев пен округ әкімі Асхат Оспаналиевтің ұйымдастыруымен өткен аптада округке қарасты Мырзатай, Дихан, Сеңкібай ауылдарының 15 қариясы биылғы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы аясында аудандағы бірнеше ауылдарды аралап, үлкен бабаларымызға, соғыс ардагерлеріне тағзым етіп қайтты.
Алдымен ардагерлер Мырзатай ауылындағы 250-ден астам соғыс ардагерлерінің есімі жазылған «Белгісіз батыр» аллеясы алдына жиналды. Шәкірбаев Серік қария өзімен ала шыққан гүлін ескерткіш алдына қойып, тағзым етті.
Округ әкімі Асхат Оспаналиев, аудандық мәслихаттың депутаты Бағдат Момынов, ауыл имамы Мұхтар Халбаевтармен бас қосқан ардагерлерге ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Әлімбаев «Бабаларға тағзым» саяхатының мақсаты - бабалар мен соғыс ардагерлерін еске алып, тағзым ету, құран бағыштау екенін жеткізді. Кейбір ауылдардағы жақсы істерді көріп, тәжірибе алмасу, ал мұның жастарға үлкен өнеге, тәрбиелік маңызы бар шара екендігіне тоқталды.
Ардагерлер Мырзатай ауылындағы «Белгісіз батыр», Сеңкібай ауылындағы «Сеңкібай батыр», Мәдімар ауылындағы «Мәдімар болыс», Қосы батыр ауылындағы  «Қосы батыр», Сарыкемер ауылындағы «Байзақ баба» және Дихан, Мәдімар ауылдарындағы соғыс ардагерлеріне арнап имам Мұхтар Халбаев оқыған құранға қол жайды. Әрбір ауылдардағы батыр бабалардың еңселі ескерткіштері сол ауылдардың тыныштығы мен бірлігін күзетіп тұрғандай сезілді.
Елін жаудан қорғаған батырлар мен халқын отырықшылдыққа ұйымдастырып, үлкен каналдар қаздырып, елді егіншілікке үйреткен бабалардың өмір жолдары туралы іс-шараны ұйымдастырушылар қысқаша мағлұмат беріп отырды.  2022 жылы  туғанына 320 жыл толуына орай ат үстінде айбарлана отырған Сеңкібай батыр Қабанұлының еңселі ескерткіші қойылса, өткен жылы ғана Мәдімар болыс Райымбекұлының 160 жылдығын ұрпақтары кең көлемде атап өтті. Ал осы аптада батыр бабамыз Қосы батыр Сәмбетұлының 355 жылдығы атап өтілгелі отырғаны да айтылды. Міне осындай батыр да, елдің ауызбірлігін, халықтың тұрмыс жағдайларын жасауды ұйымдастырған бабалар артында өшпестей із қалды. Ауылдардың, ауданның, көшелердің аты бабалар атымен аталса, бірнеше ауылға егін суын жеткізіп беріп отырған үлкен канал Сеңкібай батыр-баба есімін иеленуі бекерден бекер емес.


Мәдімар ауылына барғанда ардагерлерді Ынтымақ ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жамбыл Дәулетов, ауыл қариясы Садық Шоқайбаев, ауыл әкімдігі маманы Айдос Іңкәрбектер күтіп алып, ауылдағы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған «Даңқ кешені» мен Ардагерлер, Механизаторлар аллеяларында аралатып, көрсетті. Биылғы жылы аталған кешен кезінде шаруашылық басқарған директорлар мен орденді еңбек озаттарының портреттерімен толыққан екен. Мәдімар Райымбекұлы атындағы мешітте болып, бабаның 1903 жылы салынған «Ақ тамында» аралап көруге уақыт тапты. Кейіннен мектепке айналып, талай бала білім алған ақ там мешітте болды. Халыққа имандылық нұрын шашып тұрған еңселі жаңа мешіт маңайындағы талдар мен алқызыл гүлдер көздің жауын алады.
-Мәдімар ауылынан үйренетін нәрсе көп екен. Көшелері таза, көгеріш көп егіліп, аллеяларын жақсы істеген. Соғыс ардагерлері, басшының да, қатардағы жұмысшылардың да портреттерін іліп қойған. Мәдімар баба ескерткіші, мешіт төңірегі, іші, дәм беретін 120 орындық қатымханасына дейін өте жақсы жасалған екен. Баба үйінің ғасырдан астам сақталуы да көп нәрсені аңғартады,- дейді сеңкібайлық қария Әбдіхалық Құлымбаев таңқалысын жасыра алмай.
«Қосы батыр» кесенесі маңайындағы тазалық жұмыстарын жүргізіп жатқандар бабаның 355 жылдығына дайындық жасап жатқандығынан хабар берді. Батырға  құран бағышталғаннан кейін қарияларды округ әкімі Абдилмұрат Мадибаев Ұлы Отан соғысында ерен ерлігімен Кеңес Одағының Батыры атанған Ақәділ Суханбаев тұрған үйге бастап барды.
Батырдың жапа тамы жақсы сақталған екен. Сырты заманауи құрылыс материалдарымен қапталған үйге кіргенімізде бәріміздің де балалық шағымыз еске түсті.  Ардагерлер батырдың киген тоны, домбырасы мен баяны, әртүрлі ұстаған ыдыстары мен сандығын қызықтап, өмір жолымен танысты. Үйдің ішіндегі дөңгелек шай стол басында батыр бабаға арналып құран оқылды.
-Бүгінгі ұйымдастырылған іс-шара тәрбиелік мәні бар үлкен шаруа болды. Қашанда бабаларға құрмет жасау бізге парыз. Сондықтанда осындай мән-маңызы жоғары іс-шараны ұйымдастырған ауыл әкімі мен ардагерлер кеңесінің төрағасына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Сондай-ақ бізге осыншама ауылды аралап келуімізге, жол-жөнекей ас-ауқатымызды дайындаған депутат баламыз Бағдат Момыновқа да рахмет айтамыз, - деді сеңкібайлық жасы үлкен қария Әуесхан Байгелов қоштасар сәтте.


Міне осылайша мырзатайлық қариялар бабаларға құрмет көрсетіп, тағзым жасап қайтты. Қазақта «өлі риза болмай, тірі байымайды», - деген сөз бар. Ендеше бұл бастама өзгелерге үлгі болып, жалғасын тауып жатса бүгінгі жастарға өнеге болар еді.
Қариялардың бабаларды аралауы мен ас-ауқатына осы өңірден «Ауыл» партиясы атынан сайланған аудандық мәслихаттың депутаты, қолы ашық, жүрегі жомарт жан Бағдат Момынов пен депутат Ерлан Рыскелдіұлы демеушілік жасағанында айта кеткен орынды. Ардагерлер қос депутаттарының өздеріне осындай жағдай жасағандарына алғыстарын айтып, баталарын берді.

Сундетулла АБИЛОВ,
«Ауыл жаңалығы».

Обновлено 17.10.2025 13:27
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін2031
mod_vvisit_counterКеше2997
mod_vvisit_counterОсы аптада5028
mod_vvisit_counterӨткен аптада17651
mod_vvisit_counterОсы айда43846
mod_vvisit_counterӨткен айда74816
mod_vvisit_counterБәрі3214154

Серіктестер