|
Өндіріс орнындағы әрбір жетістік-өз ісін шын сүйетін, адал еңбек етіп жүрген жандардың еңбегі. Солардың бірі – 1985 жылы 3 қарашада Жамбыл облысы, Талас ауданы, Саду Шәкіров ауылында дүниеге келген Жанболат Шалов. Көктал орта мектебінде оқып, 2003 жылы орта білім алған. Еңбек жолын өндіріс саласымен байланыстырып, 2010 жылдан бастап «Тараз май» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде оператор қызметін атқарып келеді. Осы жылдар ішінде ол өз мамандығының қыр-сырын терең меңгеріп, кәсіби шеберлігімен көзге
түсті. Отбасында да өнегелі әке, сүйікті жар. Зайыбымен бірге 3 ұл және 2 қыз тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы. Жанболат Шалов өз мамандығын үлкен сүйіспеншілікпен атқарады. -Алғашқы еңбек жолын бастаған сәтте әртүрлі жұмыстарды атқардым. Құрылыс саласында өзімді сынап көрдім. Дегенмен, жұмысымның мәні мен маңызын терең сезінген ортам-«Тараз май» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болды. Мұнда мен ең бастысы өндірістік тәжірибе жинақтадым. Уақыт өте келе, жауапты қызмет жүгінің жеңіл болмайтынын сезіндім. Сол себепті де жұмысымды шынайы көңілмен атқарып жүрмін», – деді кейіпкеріміз. Оператор мамандығы – ерекше зейін мен ұқыптылықты қажет ететін жауапты қызмет. Өндіріс орнындағы әрбір тетіктің бірқалыпты жұмыс істеуі, өнім сапасының жоғары болуы – дәл осы мамандардың еңбегімен тікелей байланысты. Олар көрінбей істейтінімен, өндірістің жүрегін соқтырып тұрған негізгі күш десек, артық айтқандық емес. Оператордың міндеттері туралы сұрағанымызда Жанболат Ділдаханұлы өз жұмысын үлкен жауапкершілікпен атқаратынын атап өтті. «Мен еңбек жолында өз өміріме де, тұтынушылардың құқықтары мен денсаулықтарына да зор жауапкершілікпен қараймын. Күн сайын өндірістен шығатын әр бөтелке сұйық май- мекеме жұмысшыларының еңбегі мен адалдығының нәтижесі. Оператор мамандығы сырт көзге тек өндіріс машиналарының тетігін басып отыратын жеңіл жұмыс болып көрінуі мүмкін. Бірақ іс жүзінде әр басылған түйме- жұмысшылардың қауіпсіздігі мен өнім сапасына тікелей әсер ететін үлкен жауапкершілік. Уақытында байқалмаған бір ғана ақау сапасыз өнім мен өндірістік шығынға алып келуі мүмкін. Сондықтан оператор қызметі- өндіріс процесінің бірқалыпты, ақаусыз және тиімді жүруін қамтамасыз ететін аса маңызды міндет», - деді ол. Шынында да, өндіріс орнында әрбір сәт, әрбір көрсеткіш маңызды. Бір ғана қателік немесе салғырттық бүкіл процестің тоқтауына әкеліп соғуы мүмкін. Өз ісінің шебері атанған бұл азамат бүгінгі жетістікке бірден жеткен жоқ. Еңбек жолының алғашқы жылдары түрлі қиындықтар мен сынақтарға толы болғанын жасырмады. -Иә, жұмыс жасаған 15 жылымның алғашқы кезеңдерінде қиындықтар аз болған жоқ. Әсіресе жаңа технология енгізіліп, өндірістік жүйе жаңарған уақытта біраз сынақтан өттік. Жаңа аппараттарды толық меңгеріп алғанша, қателіктер мен түсінбеушіліктер де кездесіп тұрды. Кейін шетелден арнайы мамандар келіп, бізге жаңа құрылғылардың жұмыс істеу тәртібін үйретті. Бірақ тіл кедергісі өз әсерін тигізбей қоймады. Шетел азаматының тілін түсінбей, абдыраған сәттер де болды. Соған қарамастан, барлығын еңсеріп, тәжірибе жинақтадық. Осы қиындықтар мені кәсіби тұрғыдан шыңдады, әр сәт еңбекке деген құлшынысымды арттырды,- дейді Жанболат Шалов. Ол өз ойын Ел Президентінің бастамасымен байланыстыра отырып былай түйіндеді: «Биылғы жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп бекер атаған жоқ. Бұл- еңбек адамдарының мәртебесін көтеріп, қоғамдағы орнын айқындайтын маңызды қадам. Мен қарапайым жұмысшы ретінде айтарым: қандай істі атқарсаң да, ең бастысы- адалдық пен еңбекке деген сүйіспеншілік. Мұны мен өз тәжірибемнен жақсы білемін және жастарға әрдайым еңбектің қадірін түсініп, таза жолмен жүруді үйретіп отырамын». Өз ісін адал атқаратын адамның еңбегі әрдайым жемісті болмақ. Осындай адалдық пен табандылықтың арқасында Жанболат ағамыз бүгінгі күні ұжым ішінде беделге ие, тәжірибелі әрі сенімді мамандардың біріне айналған. Сондықтан да ол өз білгенін кейінгі жастарға үйретіп отырады. Мекеме басшылығы тарапынан үнемі алатыны алғыс. «Бәріне қанағат қыл да, еңбек ет»,- деп Шәкәрім Құдайбердіұлы айтқандай, бақытын еңбектен тапқан Жанболат Шалов сынды азаматтар еліміздің өндіріс саласының тірегі болып табылады.
Жанерке ӘЛТЕН, “Ауыл жаңалығы”. Көктал ауылы. |