|

Өткен аптаның соңғы жұмыс күнінде аудан орталығындағы №7 орта мектептің мәжіліс залында «Заң мен тәртіп-Әділ қоғам» тақырыбында аудан ардагерлерінің форумы өтті. Форумның мақсаты-ауданымыздағы ардагерлердің қоғамдағы рөлін арттыру, олардың өмірлік тәжірибесін жастарға үлгі ету және қоғамның тыныштығы мен елдің тұрақтылығы үшін ең маңызды құндылықтардың бірі-«Заң және тәртіп» тақырыбында пікір алмасып, ұсыныстарды тыңдау болды. Форум жұмысына ауылдық округ әкімдері, аудандық билер, аналар, қоғамдық кеңес төрағалары, ауылдық округтердегі бастауыш ардагерлер ұйымдарының төрағалары, ардагерлер кеңесінің
алқа мүшелері, имамдар мен полиция инспекторлары, аудан жастары қатысты. Форумды аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердібек Омаров кіріспе сөз сөйлеп ашып, жүргізіп отырды. -Бүгін өте маңызды мәселе қаралғалы отыр. Ал сіздерді елімізге адал қызмет етіп, тер төккен азамат ретінде білеміз. Елімізде Мемлекет басшысынан бастап жастар, бала тәрбиесіне ерекше назар аударылып келеді. Ауданда да арнайы 5 топ құрылып, бала тәрбиесіне байланысты жұмыстар жүргізілуде. Маскүнемдік, нашақорлық, басқада қылмыс түрлерімен күрес жалғасын таба беретін болады. Заң мен тәртіп тек полиция қызметкерлері ғана емес әрбір азаматтың міндеті. Заң мен тәртіп – ел дамуының тірегі. Сондықтанда тәртіпті сақтап, бала тәрбиесін назардан тыс қалдырмайық, - деді алдымен сөз алған аудан әкімі Олжас Баққараев. Бұдан кейін Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы билер кеңесі төрағасының орынбасары Талғат Жұмабек сөз алып, жастар тәрбиесі, олардың терең білім алуы, қауіпсіздігі жайлы ойын ортаға салды.
 Форумда «Заң мен тәртіп-әділетті қоғамның кепілі» тақырыбында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердібек Омаров, «Заң мен тәртіп-әділетті қоғамның негізгі өлшемі» тақырыбында аудандық соттың төрағасы Досжан Төленбеков, «Заң мен тәртіп- қауіпсіз әрі жайлы елдің негізі» тақырыбында аудан прокуроры Ақберген Мулкеманов, «Азаматтық қауіпсіздік – басты міндет» тақырыбында аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Руслан Ерген, «Заң мен тәртіпті сақтау-қоғам тұрақтылығының кепілі: Ислам үлгісі» тақырыбында аудандық «Байзақ баба» мешітінің бас имамы Қанат Жұмағұлдардың баяндамалары тыңдалды. Тәуелсіз еліміздің тірегі – білімді де, тәрбиелі жастар. Сондықтанда заң мен тәртіп қағидатын жастардың бойына ерте жастан сіңіру – қоғам алдындағы үлкен міндеттердің бірі. Жастардың бойында отансүйгіштік, адалдық, еңбекқорлық қасиеттері қалыптасса, қоғамда әділдік пен тұрақтылық орнайтын болады. Бұл ретте барлығымыз бірдей заңды сақтап, қоғамда тәртіп орнатуға үлес қосайық. Әрқайсымыз заңға құрметпен қарап, тәртіпке бағынғанда ғана елдің еңсесі биік, болашағы жарқын болатыны анық. Жастар, бала тәрбиесіне тек ата-ана, ұстаздар ғана емес бәрімізде атсалысайық. Форум соңында бірнеше азамат аудан әкімі мен облыстық ардагерлер кеңесінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Сундетулла АБЫЛАШҰЛЫ, «Ауыл жаңалығы». Сарыкемер ауылы. |