|
Бұл күні республикалық тал егу акциясы аясында аудан бойынша 800 түп қарағаш отырғызылды. Ағаштардың басым бөлігі Қостөбе ауылдық округінің аумағында егілді. Айтулы акцияға аудан әкімі Олжас Баққараев, аудан әкімінің орынбасары Қуаныш Бүркітәлиев, “ЖАҢАРУ” РҚБ Жамбыл облыстық филиалының директоры Қасымхан Төлендиев, “AMANAT” партиясы аудандық филиалы қызметкерлері, мәслихат депутаттары және ауыл тұрғындары қатысты. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары мен белсенді жастар бірігіп, «Сарыкемер-Тараз» бағытындағы автомобиль жолының бойына ағаш көшеттерін отырғызды. - Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде 2021-2025 жылдары республиканың орман алқаптарында 2 млрд және қалалар мен елдімекендер аумағына 15 млн. ағаш көшеттерін отырғызу тапсырылған. Осыған байланысты ауданымызда ауқымды жұмыстар атқарылуда. «Жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді» дегендей, әрбір егілген тал – болашаққа жасалған инвестиция. Ауылымыздың көркеюі мен ауамыздың тазалығы осындай ортақ еңбектің
арқасында жүзеге асады,-деді акцияға қатысушылар. Тұрғындар еліміз аумағында кең көлемде жүргізіліп жатқан акцияны қолдап, мұндай экологиялық акциялардың тұрақты түрде өткізіліп тұруы қажет екенін айтты. “Бір тал кессең, он тал ек” деген халық даналығын ұстанған қостөбеліктер алдағы уақытта да ауылды көгалдандыру және тазалық сақтау жұмыстарына үлестерін қосуды басты міндеті санайды. Осындай бастамалар ауданымызда “Жасыл аймақ” жобасы мен экологиялық мәдениетті нығайтуға негіз болатындығы анық.
“Ауыл жаңалығы”-ақпарат.
|
|
Обновлено 14.10.2025 11:16 |