|
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылғы халыққа Жолдауында қазір дүниежүзі жаңа тарихи дәуірге қадам басқаны, бұл дәуірдің барша адамзат үшін оңай болмайтынына тоқталды. «Өскелең ұрпақ бақытты, берекелі өмір сүруге тиіс. Сол үшін бәріміз бір ұлт болып, табанды еңбек етуіміз керек. Бұл-баршамызға ортақ өте маңызды жұмыс, аса жауапты азаматтық және ұлттық міндет»,- деп атап өтті. «Заң және тәртіп» қоғамда осы қағиданы түбегейлі орнықтыру үшін барлық органдар арасында ортақ көзқарас пен ұстаным болу керектігін, мәдениет пен әдеп, тәрбие мен тәлім әрбір отбасының өзінен басталуы қажеттігі айтылды. Сонымен қатар, білім қызметкерлерінің Тамыз кеңесінде: өскелең ұрпаққа сапалы білім мен тағылымды
тәрбие беруге, білім мен тәрбие кез келген қоғамның қос тұғыры, бұл екеуін бір-бірінен бөліп қарауға болмайтындығына және мектеп - білім мен тәрбиенің киелі ордасы екендігіне тоқталды. «Отбасы-мектеп-мемлекет» үштігі үйлесімді болса, жақсы нәтижеге жетуге болады. Қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбаев «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деген қанатты сөзіне терең мән беретін болсақ, ата-бабаларымыз келер ұрпақ тәрбиесіне қай кезеңде болса да, үлкен мән берген. Бала тәрбиесіндегі алғашқы ұстаз да, басты тұлға да - ата-ана. Әрбір ата-ана өз перзентінің әдепті, саналы, иманды, Отанының сүйікті және кішіпейіл азаматы болып жетілуін қалайды. Өйткені бала-біздің болашағымыз. Балаларды жақсы, жаман деп бөлмей, бірлесіп, жақсы азамат болып өсуіне көмектесуіміз керек. Нашар бала болмайды. Бау-бақшаны күтіп, қарап, суарсаң ғана жемісін береді. Сол сияқты баланың теріс мінездерін үнемі қадағалап, түзету, қоршаған ортаның, ата-ана мен мектептің міндеті. Өмір шындығына жүгінетін болсақ, тәрбие бастауы, ананың сүтінен нәр алып, өскен ортасына тікелей байланысты. «Тәрбие басы - тал бесік», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген қазақтың нақыл сөзінде үлкен астар жатқаны ақиқат. Баламды киіммен, тамақпен қамтамасыз етем, білім мен тәрбие беру- мектептің ісі деп түсінетін ата-аналарда кездеседі. Бала тәрбиесін тек мектепке аударып қоймай, ата-ана, мектеп, қоғамдық ұйымдар бірлесе отырып жұмыс жасаса, мұғалімдер үшін де, ата-аналар үшін де тиімді болмақ. Қазіргі күнде рухани құндылықтан материалдық құндылық басым түскен тұста бала тәрбиесі ақсап тұрғаны жасырын емес. Баланың тәрбиесіне әсер ететін төрт фактор бар. Атап айтатын болсақ отбасы, сыртқы орта (көше), мектеп, қоғам және жалпы қоғамдық мәдениет. Бүгінгі күнде өскелең ұрпақты әлеуметтік кеселдерден сақтау маңызды. Жас ұрпақ көп уақтын интернет пен әлеуметтік желілерде (жастарға тыйым салынған, балағаттау, буллинг, зорлау, бопсалау секілді фильмдер) өткізетіні жасырын емес. Ата-аналар балаларының күнделікті әсіресе түнгі уақыттағы іс-әрекеттерін бақылап отырғаны дұрыс болады. Қазақтың заңғар жазушысы Әзілхан Нұршайықов «Отбасындағы тәрбиенің кереметі – баланы еңбекке баулу. Еңбекшіл жас қана ең үздік азамат болып қалыптасады»,- деген. Аталарымыз балаларын жастайынан ерлікке тәрбиелеген. Қызға қырық үйден тыйым деп еркелетіп, бар мейірім –махаббатын төгіп өсірсе, ұлын еңбекке шынықтырып, қайратты, батылдыққа тәрбиеледі. Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов ағамыз: «Алдыңғы жақсы артқы жасқа тәлім айтпаса, ел болғаның қайсы?» деген даналы сөзінде біз ата-аналарға балаларымызды ұлттық құндылықтарымыз бен патриоттық рухта саналы тәрбие беру жұмысын жүктейді. Түйіндейтін болсақ, бала тәрбиесі – адамзат баласының ортақ ісі. «Ана балаға -жастық, әке -көрпе» деген нақыл сөзде ұрпақ тәрбиесіндегі бар ауыртпалық ата-ананың ғұмыр бойы мойнында екенін естен шығармауымыз керек. Ендеше, ұрпақ тәрбиесін уысымыздан шығарып алмай, ұл-қызымыздың бойына ата-бабаларымыздан өнеге болып келе жатқан ұлттық құндылықтарымызды сіңіріп өсіруді ұмытпайық.
Бердібек ОМАРОВ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы. |