Онлайн газет



“АЙГӨЛЕК” балабақшасы ашылуға дайын

А.Шотбасова,
«Ауыл жаңалығы».

Күн санап қарқынды дамып келе жатқан қазақ елінде небір жағымды жаңалықтар болып жатқандығы рас. Әсіресе, ауылдық жерлерде

айтарлықтай іс-шаралар атқарылу үстінде. Ауылдағы ағайынның жағдайын жасау, олардың қаладағы жұртшылық секілді заманауи мүмкіншіліктерді игеріп, пайдалануына, ауыл балаларының талапқа сай білім алып, балғындардың соңғы үлгідегі балабақшаларға баруына бүгінде барынша көңіл бөлінуде. Оның жемісі ретінде «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасының қолға алынып, жер-жерлерде зәулім ғимараттар салынып жатқандығын айтар болсақ, «Балапанның» ауылдықтар үшін де берері мол. Дәл осы бағдарлама бойынша  қазіргі таңда біздің ауданның өзінде көптеген мектепке дейінгі ұйымдар ел игілігіне берілсе, оған қосымша мектеп жанынан шағын орталықтар ұйымдастырылып, кезекте тұрған мыңдаған балалар рет-ретімен бақшаларға қабылдануда. Баянды бағдарлама балалардың балғын шағын бақытқа кенелтсе, оның ата-аналар үшін де көмегі көл-көсір. «Балапан» бағдарламасының тиімді тұсы мұнымен шектелмейді,  жұмыссыз жүрген ауыл азаматтарының көпшілігі қолданысқа берілген балабақшаларға жұмысқа орналасып жатыр.

«Балапан» бағдарламасы ауданымызға қарасты Сазтерек ауылдық округіндегі Абай ауылының тұрғындарына да қуаныш сыйламақшы. Олай дейтін себебіміздің де жөні бар. Бұл жөнінде кейінірек, алдымен ауылдағы ахуал туралы аз-кем айта кетейік.
Деректерге көз жүгіртер болсақ, Абай ауылында 1997 жылға дейін балабақша жұмыс істеп тұрған екен. Сол жылдардағы тоқырау кезеңдерде халықтың балаларын балабақшаға беруге қалталары көтермей, оның ақыр аяғы мекеменің есігіне құлып салынуына алып келеді. Араға бірнеше жыл салып, жағдай біршама түзеле бастағанда тұрғындардың сұранысына сай 2009 жылы осындағы Абай орта мектебінің жанынан шағын орталық құрылады. Қазір онда 100-ге тарта бала тәрбие алып келеді. Білім ошағының екі-үш бөлмесінде бала қабылдап отырған ондағы жағдай аса мәз еместігі айтпасада түсінікті. Балалардың еркін дем алып, ойнап-тұруына бөлмелердің тарлығы талай кедергі жасап келгендігі жасырын емес. Оның үстіне ауылда сәби саны  жылдан жылға арта түсуде.
Содан, ауылдағы әкімшілік ғимараты босатылып беріліп, балабақшаға бейімдеу құрылысы осыдан 5-6 ай бұрын басталып та кеткен болатын. Күрделі жөндеуден өткен ғимаратта бүгінде ең соңғы - әрлеу, сәндеу, жинап, тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Осы істердің үстінен түскен бізді Сазтерек ауылдық округінің әкімі О.Байдәулетов пен балабақша меңгерушісінің міндетін атқарушы И.Әбдіқұлова күтіп алып, істің мән-жайымен таныстырды.
Бізбен болған сұхбат барысында ауыл басшысы Оспаналы Сыдықұлы ««Балапан» бағдарламасы біздің ауылға да келіп жетті. Республикалық трансферттен 32 млн. теңге қаржы бөлініп, босатылып берілген 2 қабатты әкімшілік ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстары атқарылды. Мамыр айынан бастап қолға алынған жөндеу жұмыстарын «Рүстем Құрылыс» ЖШС-і жүргізді. Кеңестік дәуірде тұрғызылған ғимарат сапалы жөндеуді қажет ететін, бұл жағынан келгенде құрылыс сапасына көңіліміз толып отыр. Терезелер заман талабына сай толығымен пластиктен орнатылып, бір бөлме жылы еден жылуына қосылды. Ал, қалған бөлмелерге батареалар орнатылып, ішке су кіргізіліп жатыр. Ғимарат  көмірмен жылытылады. 40-тан аса бөлмелері бар ғимаратта асхана, кір жуып, зат сақтайтын қоймалар бөлек-бөлек орналасқан. Сонымен қатар, мұнда медбикелерге арналған бөлме, жатын, балалар ойнап, тамақ ішетін жайлар да жанға жайлы етіп жасалынған. Мекеме айналасы толығымен қоршалды. Пайдалануға берілген балабақша балаларды қабылдаумен қатар, бірнеше ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуда» -  десе, «Бүгінде балабақшаның құжаттарын рәсімдеп жүрген жайым бар. Балабақшамызға  «Айгөлек» деген ат бердік. 75 орынға арналған балабақша 3 топта балаларды қабылдайды. Оған ауылымыздағы шағын орталықтың бірнеше топтары көшіріліп әкелінбекші. Қазіргі таңда балалар ойнайтын жазғы алаңды ретке келтіріп, ғимараттың айналасын тазалаудамыз. Балабақшаға су кіргізу жұмыстарының соңғы шаралары атқаралып жатыр. Жиһаздарға да тапсырыс беріп қойдық, барлық шараларды алдағы қараша айында аяқтауды көздеп отырмыз», деп жалғастырды балабақша меңгерушісінің міндетін атқарушы Индира Әбдіқұлова.

Балабақша құрылысымен танысу мақсатында ауылға арнайы келген газет тілшілеріне өз қуанышын ауыл тұрғыны, көп балалы ана Күнімқыз Белгібаева былай деп жеткізді:
- “Бала – біздің болашағымыз” деп жатамыз. Осылар үшін өмір сүріп, қызығына қарап шаттанамыз. Кішкентайлары-мыздың жүзінен күлкі көру біз үшін үлкен мәртебе. Ауылымызда балабақша ашылады дегенді естіп қуанып жатырмыз. Құдайға шүкір, тәуелсіздік туы желбірегеннен бері еліміз еңсесін көтеріп, ауылдың ажары кіре түсуде. Біздің заманымыз қиыншылыққа толы кезең болатын. Жайлы да жылы, соңғы үлгідегі жиһаздармен жабдықталған балабақшаға балаларымызды беру ол кездерде мүмкін емес-тұғын. Тіпті арман десе де болады. Бүгінгі балалар ең бақытты жандар. Мектептегі оқушылар үшін де, балабақшадағы балғындарға да барлық мүмкіншіліктер туғызылуда. Оның айғағы ретінде, біздің ауылда жөнделіп жатқан балабақшаны айта аламын. Осы ретте, Елбасы бастаған ел тізгінін ұстап отырған азаматтарға аналық алғысымды білдіремін. Балабақшаға мен де үлкен немеремді бермекшімін. Жанұядағы кішкентайымыз да жасқа толып қалды. Оны да тізімге енгізіп қоюды жоспарлап отырмын. Жайлы, таза әрі кең балабақшаға мен секілді көптеген ата-аналар балаларын жаздырып қоюда.


Иә, «Бәрін айт та, бірін айт», ауыл жағдайы жылдан жылға жақсарып келе жатқанын бір ғана, жақында қолданысқа берілетін балабақша тынысымен танысудан-ақ байқаған біз, шын көңілден риза болып қайттық. Алла бұйыртса, «Айгөлектің» ашылуына біз де барып қалармыз.

 

Обновлено 15.10.2012 14:51
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін360
mod_vvisit_counterКеше1971
mod_vvisit_counterОсы аптада10619
mod_vvisit_counterӨткен аптада8989
mod_vvisit_counterОсы айда27249
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2278918

Серіктестер