Онлайн газет



Даңқы өшпес ерлікке-мәңгілік құрмет

1418 күн мен түнге созылған Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталғанына  биыл 69 жыл толды. Ел басына күн туған шақта туған жері  мен отанын қорғап,  келешек ұрпақ үшін жанын қиған  хас батырларымыз  көзсіз ерліктер жасап, тарих бетіне есімдерін алтын әріппен жазып кетті. Солардың бірегейі, Отан үшін отқа түсіп, қазақтың қаны текті, рухы мықты екенін жанкешті ерлігімен дәлелдеген хас батырдың бірі-Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Суханбаев болатын.

Ақәділ Суханбаев 1920 жылы Жамбыл облысы Байзақ ауданына қарасты Қарасу ауылында дүниеге келіп, 1944 жылғы 31 шілдеде Польша жерінде ерлікпен қаза тапты.  Жарты ғасыр аттан түспей, жаумен жағаласып өткен Қосы батырдың ұрпағы Ақәділ Суханбаев 1940 жылы Қызыл әскер қатарына алынған-ды. Ұлы Отан соғысында 31-ші Армияның, 174-ші Борисов Қызыл тулы атқыштар полкінің, 628 Гродно Қызыл тулы полкінің 1 батальонында  бөлімше командирі болып, шайқастарға қатысты. Белоруссияны, Литваны, Польшаны азат ету үшін болған сұрапыл  шайқастарда ерекше көзге түсіп,  1944  жылғы 31 шілдеде Польшаның Стельцовизна деревнясы үшін болған ұрыста Стжельцовизна деревнясы үшін болған ұрыста ол Александр Матросовтың өшпес ерлігін қайталап, пулемет оқ шашқан доттың амбразурасын өз денесімен жауып, ерліктің қаһармандық үлгісін көрсетті.  Денесі Литваның Друскининкай қаласындағы бауырластар зиратына жерленген. 1945 жылғы 24 наурызда Кеңес Одағының Батыры атағы берілген.
Небәрі 24 жасында ерлікпен қаза тапқан Ақәділ Суханбаевтың есімі, ерлігі Қазақстан ғана емес, Ресейде, Белоруссияда, Литвада ерекше қадірленіп келеді. Жеке қаруы Мәскеудегі ТМД елдері Қарулы Күштері мұражайына қойылған, Белоруссиядағы Гродно қаласындағы үлкен көшелердің біріне  оның  есімі берілген. Осындағы 74-ші кәсіптік-техникалық училищеге ескерткіш-тақта ілінген.
Акәділ есімімен туған  ауылындағы орта мектеп, Тараз қаласындағы үлкен көше аталады. 1974 жылы А.Суханбаевтың ерлігінің 30 жылдығы сол кезгі Одақ көлемінде тойланып, ол жерленген Литваның Друскининкай қаласына Жамбыл облысынан қазіргі белгілі қоғам қайраткері Арғынбай Бекбосын бастаған құрамында батырдың немере інісі Өмірәлі Биторсықов, аудандық газет журналисі Қабылбек Құлаисов, кірпіш зауыты партком хатшысы Валентина Романенко бар делегация барған еді.
Еліміз тәуелсіздік  алған жылдары да бұл дәстүр жалғасын тапты. 2000 жылы А.Суханбаевтың туғанына 80 жыл толуы қарсаңында Байзақ аудандық әкімдігі тіл басқармасының бастығы болған Қадірбек Садубаев басқарған Тараз мемлекеттік университетінің доценті Болат Үсенбаев, облыстық ішкі істер басқармасы арнаулы бөлімшесінің командирі Бақыт Ратаев және облысқа танымал журналист Тұрсынхан Толқынбаевтар бар делегация батыр жатқан, Мәскеуде, Белоруссия мен Литвада болып қайтты.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 60 жылдығы қарсаңында  Тараз қаласындағы Қонаев көшесінің басталар тұсындағы кең алаңға, қалалық әскери комиссариат ғимараты алдына оның ескерткіші орнатылды. Оның ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев қатысып, сөз сөйледі.Батырдың туған жері Байзақ ауданының орталығы Сарыкемер ауылындағы орталық саябаққа батырдың ескерткіші орнатылып, есімі берілді.
Жыл сайын 31-ші шілдеде Ақәділ Суханбаевтың ерлік жасаған күні еске алынып,  батыр ерлігіне  құрмет көрсетіледі.
Туған елінің даңқын шығарған Ақәділ ерлігі жайлы көптеген шығармалар жазылып, бейнефильмдер түсірілді. Солардың ішінде Арғынбай Бекбосынның «Соңғы сезім» (бастапқы аталуы «Нюрнбергтен бұрын») тарихи-қаһармандық қасіретнамасы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театрында және республиканың басқа да театрларында қойылды. Ал белгілі журналист Тұрсынхан Толқынбаев «Жай отындай жарқ еткен» атты деректі хикаят жазды.
«Бұл біздің бүгінгі бейбіт өмірімізді қамтамасыз еткен аға ұрпақтың қайсар күрескерлігі мен өр жеңісі алдындағы тағзымымыз» деп Елбасымыз айтқандай,  ел басына күн туып, етігімен  су кешкен жылдары еліне қорған болған жерлесіміз  Ақәділ Суханбаевтың  өшпес ерлігі  ешуақытта өшпейді, халқымен бірге мәңгілік жасай береді.

Өз тілшіміз.




 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1113
mod_vvisit_counterКеше1583
mod_vvisit_counterОсы аптада1113
mod_vvisit_counterӨткен аптада11794
mod_vvisit_counterОсы айда7625
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2259294

Серіктестер