Онлайн газет



Оң шешімін тапқан көкейкесті мәселе

М.Шалғынбай,
«Ауыл жаңалығы».

«Сарыкемер-Мырзатай» бағытында қатынайтын аудан жұртшылығы Мырзатай ауылдық округінің аумағынан бой көтеріп, құрылысы күннен-күнге қарқын алып жатқан құрылысқа көз салары анық. Үстіміздегі жылдың сәуір айында қазығы қағылған құрылыс нысаны күн санап бой көтеріп келеді. Бұл нысан - 60 орындық туберкулезге қарсы аурухана құрылысы.
Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысы бойынша қордайлық «Темир-Строй Сервис и Ко» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңімпаз атанып, тендерден ұтып алған. Мырзатай ауылдық округі Дихан елдімекені аумағынан жеті гектар жер бөлініп, 2010 жылы аурухана құрылысының жобалық-сметалық құжаттарына облыстық бюджеттен 11 миллион 92 мың 903 теңге қарастырылса, өткен жылы осы типтік үлгідегі нысанды салуға тағы да облыстық бюджет есебінен 1 миллиард 148 миллион 323 мың 502 теңге қаржы бөлінген болатын. Осылайша туберкулезге қарсы аурухана нысанының құрылысы басталып кеткен. Өйткені, аудан орталығы Сарыкемер ауылында орналасқан бүгінгі заман талабына сай келмейтін, ауданның әлеуметтік тұрғыдағы көкейкесті мәселесіне айналған туберкулезге қарсы ауруханасының «жыры» басталғалы талай жыл өтті. Рас, типтік аурухана болмағаннан кейін орын алып отырған сәйкессіздіктер кездесті. Бұл мәселе талай құзырлы жерлерде көтерілсе де, ұзақ жылдар бойы шешімін таппай келді. Дегенмен, аталмыш күрделі мәселе өзінің оң шешімін тауып, енді жаңа ғимарат салыну үстінде.
Облыс аумағында төртінші болып салынып жатқан құрылыс барысымен танысудың сәті сәрсенбіге сәйкес келді. Нысанға кіреберісте жолыққан жігіт өзін осы құрылыс учаскесінің басшысы Асқар Дабылов екенін айтып, келген мақсатымызды білген соң құрылыс барысымен танысуды прораб Боранбай Балымбетов пен қоймашы Жалғас Жолдасовқа табыстады. Ол азаматтар бізді құрылыс алаңына ертіп барып, қойған сұрақтарға жан-жақты түсінік берді. Күн қызуы басылған тұста құрылыс алаңындағы қызу еңбекті көзбен көріп, атқарылып жатқан жұмыстармен таныстық. Қазіргі күнде мұнда үш дана  «КамАЗ» жүк көлігі, 25 тонналық кран, экскаватор, жүк тиегіш көліктермен қоса жергілікті және көршілес облыстардан келген алпысқа тарта жұмысшы  еңбек етуде екен. Олардың ішінде жергілікті елдімекендерден 25 адам жұмысқа тартылса, Меркі ауданынан 7 азамат, Шымкент қаласынан 15 азамат және тағы да басқа өңірлерден келіпті. Барлық азаматтар үш мезгіл тамақпен, жатын орынмен қамтылса, жалақылары тұрақты берілетінін жұмысшылармен әңгіме барысында білдік.
Сондай-ақ жазғы демалыс уақыттарын тиімді пайдаланып, аталмыш құрылысқа көмекке келген М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің бір топ студенттік құрылыс жасағы өз жұмыстарын жауапкершілікпен атқарып, ағымдағы жылдың оныншы шілдесі күні қайтыпты.
Екі бөліктен тұратын басты корпус, лаборатория, кір жуатын орын, асхана, азық-түлік пен дәрі-дәрмек сақтайтын қойма, автокөлік гаражы, от жағатын қазандық, трансформатор  станциясы, медициналық қалдықтарды өртейтін арнайы орын, ауруханаға арналған су имараттары желісі мен ауыз су құбырының құрылысы, тағы басқалары толықтай қазіргі заман талаптарына сәйкестендірілген.
Сонымен қатар, құрылыс барысына отандық өнімдер қолданылып жатыр екен. Яғни, құрылысқа қажетті кірпіш Меркі ауданынан, цемент «Жамбыл Цемент» ЖШС-ден, бетон плиталары «Ғимарат-Бетон» ЖШС-ден, құм Аса ауылынан, қиыршық тас «Шебен-Керамика» ЖШС-ден, темір арматура Қарағанды қаласынан, тағы басқа да құрылысқа керекті материалдардың басым бөлігі өз елімізде өндіріліп, осылай өз қажетімізге жаратып жатқанымыз көңілді бір көтеріп тастады.
Келер жылдың желтоқсанында аяқталады деп күтілген туберкулезге қарсы аурухана нысаны құрылысының әзірге қарқыны көңіл қуантарлық жағдайда десек артық айтқандық болмас.  

Обновлено 01.08.2014 15:01
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін745
mod_vvisit_counterКеше1583
mod_vvisit_counterОсы аптада745
mod_vvisit_counterӨткен аптада11794
mod_vvisit_counterОсы айда7257
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2258926

Серіктестер