|
1990 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында қабылданған шешімге сәйкес 1 қазан – Халықаралық қарттар күні ретінде аталып келеді. Қазақ халқының қанына сіңген асыл қасиеттердің бірі – үлкенге құрмет көрсету, кішіге ізет білдіру болып табылады. Аталған мереке қарсаңында аудан әкімі Олжас Баққараев аудан әкімдігінде бірнеше ардагерлерді қабылдап, мерекелерімен құттықтады. Мерекелік шараға аудандық мәслихаттың төрағасы Б.Ақбаев, аудан әкімінің орынбасары Р.Қасымов, аудандық ардагерлер, қоғамдық, аналар, билер кеңестерінің төрағалары
қатысты. -«Қартын сыйлаған елдің қазынасы мол» деп өсиет еткен қазақ халқы қашанда қарттарын қадірлеп өскен ұлт. Әр шаңырақта ғана емес тұтас ел ішінде де ақылын айтып, жастарға тәлімді тәрбиесін беріп келе жатқан ардагерлерімізді әркез мақтан етеміз. Елдің бірлігі, ауылдың тыныштығы жолында атқарып жүрген жақсы істеріңізді де білеміз. Сіздер аудан экономикасының қарыштап дамуына да мол үлес қостыңыздар. Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға шаттық пен береке тілеймін, - деген аудан басшысы Олжас Елебекұлы ардагерлерді ауданда атқарылып жатқан игілікті істерден де хабардар етті. Олардың арасында Ақшолақ ауылы маңындағы күні кеше ғана қазығы қағылған қант зауыты, Диқан ауылындағы үлкен кірпіш зауыты, Үлгілідегі шыны өңдейтін зауыттар бар. Сондай-ақ аудан басшысы кейінгі жылдары жасөспірімдер арасындағы тәртіп мәселесі өз дәрежесінде болмай отырғаны туралы да айтты. Құқықбұзушылықтың алдын алу туралы жұмыстар атқарылып жатқанымен нәтиже өз дәрежесінде болмауда. Сондықтанда біздің ардагерлерімізде бала тәрбиесінен шет қалмайтындығына сенім білдірді.
 Мерейлі мерекеде ардагерлерді аудандық мәслихаттың төрағасы Б.Ақбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Омаровтар құттықтап, өздерінің жылы лебіздерін жеткізді. Аудан басшысы биылғы «Жұмысшы мамандықтары жылына» орай ауданның өсіп-өркендеуіне лайықты үлес қосқан кешегі дәнекерлеуші Абыр Сүлейменов, қойшы Жұмабай Садықов, көлік жүргізуші Ефграф Алмазов, Өмірбек Иманбеков, еден жуушы Сәуле Әбілқасоваларға аудан әкімінің Алғыс хатын табыс етті. Марапатталғандар атынан кезінде алдыңғы қатарлы малшы болған, бүгінде 80 жастан асқан қария Жұмабай Садықов өздеріне жасалған құрмет үшін аудан басшыларына алғыс айтып, алдағы жұмыстарына табыс тіледі. Ардагерлер «Бағлан» мейрамханасында жайылған дастарханнан дәм татты.
Сүндетулла Абылашұлы, “Ауыл жаңалығы”. |