|

«Аmanat» партиясы аудандық филиалында партияның «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында филиал мен аудандық ардагерлер кеңесі бірлесіп дастархан басына бірнеше ардагерлердің басын қосты. Онда халқына сүйеу, жұртына қамқор болып жүрген қарияларды Қарттар күні мерекесімен филиал төрағасы Индира Спаналиева мен ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердібек Омаров құттықтады. Жасөспірімдер арасында тәртіпті сақтау – қоғамдағы маңызды мәселелердің бірі екендігін айта келіп, бұл істен ардагерлеріміз шет қалмай жүргендігін
атап өтті. Әсіресе, бала тәрбиесіне ерекше мән беріліп отырғаны, той жасау, жаназа шығару, ішімдіксіз ауылдар қатарын көбейту, тағы басқада жат қылықтардан аулақ болу жайлы сөз қозғалды. Бас қосуда бала тәрбиесі, құқықбұзушылықтың алдын алуға байланысты аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Қыдыралы Оралов, Билер кеңесінің төрағасы Исағали Сәлімбаев, ардагерлер Мінаш Баянова, Мехия Раджамов, Әділхан Омаров, Орынкүл Кенжебековалар өз ой-пікірлерін ортаға салды. И.Спаналиева ауданымызда ұзақ жылдар табысты еңбек еткен бірнеше ардагерге филиалдың Алғыс хатын және сыйлық табыс етті. Кездесу барысында аудандық мәдениет үйінің әншілері Марлен Көпешов пен Айдын Тілебалдиева әуезді ән шырқап, ардагерлердің көңіл-күйін көтеріп отырды. Дастархан басында осында арнайы шақырып, сый-құрмет жасағандарға ең жасы үлкен қария Өмірзақ Рахимов алғысын айтып, дастарханға бата берді.
Сүндетулла ӘБІЛОВ, «Ауыл жаңалығы». |
|
Обновлено 03.10.2025 11:15 |