Онлайн газет



ҰСТАЗ ЕҢБЕГ І- ҰЛТ БОЛАШАҒЫНЫҢ КЕПІЛІ

Қазан айының алғашқы жексенбісінде елімізде Мұғалімдер күні аталып өтеді. Бұл мереке - жас ұрпаққа білім мен тәрбие беріп, қоғам дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан ұстаздар қауымына көрсетілетін құрметтің айқын белгісі.
Осы орайда ұзақ жылдар бойы жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берген, бүгінде Ботамойнақ ауылдық округіндегі аналар кеңесінің тізгінін ұстаған, ардагер-ұстаз Зағипа Жұмахметова туралы айта кеткен жөн.
Зағипа Мырзағалиқызы 1958 жылы Жамбыл облысы, Свердлов ауданы, Свердлов атындағы колхозда дүниеге келген. 1975 жылы орта мектепті бітіріп, Октябрьдің 50 жылдығы атындағы Жамбыл педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түседі. Еңбек жолын Чапаев атындағы орта мектебінде орыс тілі мен әдебиет пәні мұғалімі болып бастаған ол өзінің жұмыс істеу қабілетінің арқасында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалған. 1983-1989 жылдары Жамбыл ауданы, «Жасөркен» совхозындағы Жасөркен орта мектебінде орыс тілі мен әдебиет пәні мұғалімі, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарады. 1989 жылдан бастап Байзақ ауылындағы С.Абланов орта мектебінде ұстаздық жолын жалғастырады. 1991-2002 жылдары мектеп директоры, 2002-2016 жылдары оқу ісі меңгерушісі болып абыройлы еңбек етті.
Ұзақ жылғы еңбегі еленіп, ол бірнеше салалық марапаттарға ие болды. Атап айтсақ, 2019 жылы Жамбыл облысының 80 жылдығына орай «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен, 2021 жылы облыстық ардагерлер және мүгедектер қоғамдық ұйымының «Ерен еңбегі және жеке үлесі үшін» медалімен және де түрлі Алғыс хаттарымен марапатталған. Бұл марапаттар оның ұстаздық жолдағы табанды еңбегінің айқын дәлелі.
Ұстаз оқушының білімге құштарлығын арттыруда ата-ананың рөлі айрықша екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде балалардың уақытын көбірек алатын телефон мен түрлі гаджеттерге ата-ана тарапынан шектеу қойылып, орнына жас ерекшелігіне сай басылымдарға жаздырту, кітапханаға баруға  үйрету баланың ой-өрісін кеңейтудің, әрі сабаққа қызығушылығын арттырудың тиімді жолы.
Бұл пікірдің мәні зор. Себебі, баланы кітап пен баспасөзге баулу- оның ой-өрісін кеңейтіп, білімге деген ынтасын арттырады.
Ал қазіргі білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелердің бірі- мұғалімдердің интернет пен түрлі бейнежазбаларға жиі сүйенуі. Бұл туралы Зағипа Мырзағалиқызы: «Барлығы емес, бірақ кей ұстаздар «YouTube» немесе өзге дереккөздерден мәлімет алып, сабақ жүргізіп жатады. Оның көбі шынайы әрі ғылыми негізде бола бермейді. Сондықтан кез келген мәліметті алдын ала зерттеп, сүзгіден өткізіп қана балаға ұсыну керек», - дейді. Бұл пікір ұстаздық жауапкершіліктің салмағын айқын көрсетеді.
Сонымен қатар, ҰБТ- ға дайындық мақсатында оқушылардың қосымша курстарға баруы немесе арнайы мектептерге ауысуы туралы сұраған едік:
-Бұл құптарлық жағдай. Себебі орта мектепте бір сыныпта 20 дан аса бала оқиды. Мұғалім 40 минутта әрқайсысына бірдей көңіл бөле алмайды. Ал арнайы курстарда оқушы таңдаған пәнін тереңдетіп меңгереді. Соның нәтижесінде жоғары балл жинауға мүмкіндік алады,- деп пікір білдірді.
Расымен де, қосымша білім беру орталықтары оқушының жеке қабілетін дамытуға жол ашады. Дегенмен, бұл жалпы білім беретін мектеп мұғалімдерінің еңбегін жоққа шығару емес. Себебі шәкіртке білімнің алғашқы іргетасын қалаушы да, өмірлік бағыт-бағдар беруші де - ұстаз.
Ұстаздың еңбегі- шәкірт жетістігінің бастауы. Осы жолда Зағипа Жұмахметова сияқты ұлағатты жандардың еңбегі ерекше. Сондықтан бұл мерекеде барша ұстаздарға алғыс білдіріп, еңбектеріне құрмет көрсету- біздің ортақ парызымыз.

Жанерке ӘЛТЕН,
«Ауыл жаңалығы».

Обновлено 03.10.2025 11:13
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1867
mod_vvisit_counterКеше4380
mod_vvisit_counterОсы аптада26454
mod_vvisit_counterӨткен аптада32234
mod_vvisit_counterОсы айда78998
mod_vvisit_counterӨткен айда133958
mod_vvisit_counterБәрі3457067

Серіктестер