|
-Мен Қазақстан ұстаздарының қажырлы еңбегін жоғары бағалаймын, сіздер жас буынға беріп жатқан білімнің күшіне сенемін. Шын мәнінде, ұстаздық жай мамандық емес, бұл – ұлы миссия. Адам қандай жетістікке жетіп, биікке шықса да, ұстазының алдында өмір бойы шәкірт болып қалады, - деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылғы «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында өткен мұғалімдердің Тамыз конференциясында сөйлеген сөзінде. Міне бұдан Президентіміздің мұғалімдер қауымына көрсетіп отырған құрметін байқауға болады. Осындай құрмет құшағында жүрген ұстаздардың бірі – аудан орталығындағы Ғ.Мұратбаев атындағы гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Бақыт Кудериева. Бақыт 1970 жылдың қаңтарында ауданымыздағы Аманкелді ауылындағы ұстаздар отбасында дүниеге келген. Әкесі Жақсылық аға ұзақ жылдар ауылдағы Аманкелді орта мектебінде
қызмет атқарды. Өзі ұстаз болғандықтанда үш қызында ұстаздық жолға тәрбиелеген әке қателеспепті. Олай дейтініміз Бақыттың әпкесі Айғаным аудан орталығындағы Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясында алдыңғы қатарлы бастауыш сынып мұғалімі болса, сіңлісі Маржанда осы мектепте тарих пәнінен сабақ береді. Ал Бақыт болса 1994 жылы Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтын қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп, алғашқы еңбек жолын Қазақстанның 40 жылдығы мектебінде бастады. 1992-1996 жылдар аралығында туған ауылына оралып, Аманкелді атындағы орта мектепте еңбек етті. Аталған екі мектепте еңбек ете жүріп, көп тәжірибе жинақтады. Ал 1996 жылдан бері аудан орталығындағы Ғ.Мұратбаев атындағы гимназияда ұстаздық етіп келеді. “Ұстаз - ұлық емес, ұлы қызмет”. Себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз” - деген екен батыр Бауыржан Момышұлы. “Кез келген оқушы жұлдыз, ал оны жарқырата көрсету ұстаздың қолында” - дегенде сөз бар. Демек, ұстаздарға артылар сенім, жауапкершілік өте жоғары. Мұны сезіне білген ұлағатты ұстаздың сабақ беретін жоғары сыныптардағы пәні бойынша білім сапасы 100 пайызды құрайды. Сондай-ақ жыл сайын Ұлттық бірыңғай тестілеуде де оқушылары ең жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Бақыт білім саласындағы 40 жылға жуық уақыт ішінде қаншама жасқа сапалы білім мен саналы тәрбие берді десеңізші. Бүгінде педагог шебердің есімі аудан ғана емес, облыс, республика көлеміне танылды. 2018 жылы 10-сынып оқушысы Л.Жанатбек V-республикалық «Ақберен» байқауында ІІІ-орынды иеленді. Ал 2019 жылы республикалық Қанипа Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәні олимпиадасында оқушылары ІІІ-орынды жеңіп алды. Бұлардан басқа эссе жазу, мәнерлеп оқу байқауының аудандық кезеңінен 43, облыстық кезеңінен 25, республикалық кезеңінен 5 оқушысы жүлдегер атанды. Республикадан жүлде алғандар қатарында Данияр Досмұхамбет, Мадина Нұржан, Нұрсәуле Ынтымақ, Данияр Жанбайбековтер бар. Сол 2016 жылғы түлегі Мадина Нұржан-мектепті «Алтын белгімен» бітірген шәкірті. -Бақыт Жақсылыққызы маған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп, менің әдебиет әлеміне деген қызығушылығымды арттырған ұстазым. Бүгінде өзімде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімін. Әрбір сабағымды өтер алдында өзімнің ұстазымның бізге сабақты қалай бергенін басшылыққа аламын. Жеткен жетістігімде жоқ емес. Бұл үшін ұстазыма алғысым шексіз, - дейді Алматы қаласында тұратын шәкірті М.Нұржан. -«Жас қаламгер» жобасында көркем шығарманы оқып қана қоймай, оқыған шығарма желісінде өзіндік пікір қалыптастыру, шығарманың өн бойынан ұлттық құндылықтарымызға тән ерекше қасиеттерді оқушылар өз бойларына дарыта білудің жолдары қарастырылады. Сөз өнерінің қыр-сырын таныту, халық өсиеттерінен нәр алғызу, кітапқа деген ынтасын ояту, рухани байлығымыз- көркем шығарма құндылығын бойына сіңіруі арқылы оқушыларды имандылыққа, инабаттылыққа, парасаттылыққа, сұлулыққа тәрбиелеу. Бұл жобадағы ерекше мәселе-өзіндік ойлау, өзіндік пікірде. Оқушы ойына ерекше көңіл бөлу – осы жобаның ерекшелігі, - дейді Бақыт Жақсылыққызы. Бақыт мектепішілік «Азамат» дебат үйірмесінің жұмысын үйлестіруші. «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында оқырмандар клубының жетекшісі. 2019 жылдан бері мектеп тренері ретінде «Сабақты зерттеу», «Іс-әрекеттегі зерттеу» жобаларын, 2021-2023 жылдар аралығында «Қазақстан ұстаздарының көшбасшылығы бастамасы» жобасына қатысып, жүзеге асырған. «Эссе жазудың тиімді жолдары» тақырыбындағы көмекші құралы, «Журналистикаға кіріспе» авторлық бағдарламасы оң бағаланған. Көптеген шәкірт тәрбиелеген ұстаз. Б.Кудериева өзінің білім саласындағы 39 жыл ішінде қол жеткізген жетістіктері арқасында әртүрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды. Олардың арасындағы 2019 жылғы республикалық «Үздік педагог – 2019» төсбелгісінің орны бөлек. -Арнайы диплом, ақшалай сыйлығымен аталған төсбелгіні алып тұрғанымда марқұм әкемді ойлап тұрдым. Себебі мен мұғалімдік мамандыққа әкемнің қалауымен келген едім. Сондықтанда әке аманатына кір шалдырмай, үлгілі ұстаз болуды алдыма мақсат етіп қойдым. Тәуелсіз еліміздің тірегі болатындай білімді де, тәрбиелі шәкірт даярлау басты мақсатым. Ал әкем марқұмның өзі сенім артқан қызының бұл жетістігін көре алмай кеткені өкінішті-ақ, - дейді Бақыт. Ол бұдан кейін сол жылы Жамбыл облысының “Үздік педагог – 2019» төсбелгісіне, 2023 жылы ҚР оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хаты, ал өткен жылы білім саласындағы ерекше марапаттардың бірі «Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгіге» ие болды. Бұлардан басқада аудан, облыс көлемінде алған марапаттары аз емес. Бақыт Жақсылыққызы жолдасы, үлкен өнер иесі болған Өнербек Нұрбаев екеуі еңбек ете жүріп, 2 ұл, 1 қызды тәрбиелеп, өсірді. Өкініштісі сол Өнербек өмірден ертерек өтіп кетті. Ал ұл-қыздары өз алдарына отбасыларын құрып, бүгінде өздері қалаған мамандықтары бойынша еңбек етуде. Ауданымыздың мақтанышына айналған алдыңғы қатарлы ұстаз Бақыт Жақсылыққызын алдағы кәсіби мерекесі – Мұғалімдер күнімен құттықтап, ел мақтанышы болатындай шәкірттерінің көбейе беруін тілейміз.
Сүндетулла Әбілов, «Ауыл жаңалығы». |