|
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылғы “Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман” тақырыбында өткен Тамыз конференциясында - Білім тәрбиемен ұштасқанда ғана берекелі, сапалы болады. Білім мен тәрбие - кез келген қоғамның қос тұғыры. Бұл екеуін бір-бірінен бөліп қарауға болмайды, - деп атап өтті. Халқымыз "Тәрбие - тал бесіктен басталады" деп тегін айтпаған. Ұрпақ тәрбиесінде ата-ана, мұғалім, мемлекеттік органдар бәрі бірлесіп жұмыс істегенде ғана нәтижеге қол жетеді. Аталған жауапкершіліктің бәріне ортақ екенін ұмытуға болмайды. "Адам ұрпағымен мың жасайды" деген дана сөз бар халқымызда. Өмірдің өзіндік заңдылығы да осында. Бала отбасы бақыты, көз қуанышы. «Отан - отбасынан басталады» деген аталы сөзді дана халқымыз бекер айтпаған. Сонымен қатар, білім ордасы да білім үйретумен бірге
балаларды тәрбиелейтін басты мекен. Менің ардагер ұстаз ретінде айтарым, әр мектеп, әрбір білім ордасы баланың қызығушылығын арттырып, түрлі іс-шараларды көбейте түсуі керек. Егеменді еліміздің болашағы жас ұрпақтың қолында, ал ұрпақ болашағы тәрбие мен білімде. Осы міндеттерді шешуде түрлі тиімді әдістерді пайдаланып, жоғары дәрежелі технологияларды, интерактивті тақталарды пайдалануды игеріп балалармен тығыз байланыста болу керек. Тәрбие жұмысының нәтижелі бола түсуі үшін мектеп ата-анамен тығыз байланыста болғаны жөн. Мектеп пен отбасы ынтымақтастығын жүзеге асыруда сынып жетекшісі басты рөл атқаруы тиіс. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің»,- демекші, отбасында бала тәрбиесі ең бірінші орында тұрады. "Тәрбиесіз берілген білім, адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі" деп ойшыл философ, ғалым бабамыз Әбу Насыр Әл-Фараби айтпақшы, балаға білімнен бұрын тәрбиені бойына сіңіру маңызды екені дәлелденген. Өкінішке орай, көп отбасыларда ата-ана бала тәрбиесіне көңіл бөлмей, немқұрайлы қарап, барлық істі мектепке жүктеп қояды. Ең бастысы, баламыз қатарынан кем болмаса, тамағы тоқ, киімі көк, қалтасында қымбат телефоны мен керек ақшасы болса болды, - деп материалдық жағдаймен шектеліп, жұмысбастылыққа салынып, бала тәрбиесіне көңіл бөле бермейді. Кейбір ата-аналар, отбасы тыныштығын сақтай алмай, бала көзінше жанжалдасып жатады. Әлеуметтік желіден бас ала алмай, тәрбие беруді ұмытатын ата- аналар да бар екенін жасыруға болмайды. Міне осындай жағдайлардан келіп, отбасынан оқшауланған, адал, арамды білмей өскен бала, көкейіндегі сұрақтың жауабын телефоннан іздейді. Өзінің бар уақытын телефонға телмірумен өткізеді. Ал әлеуметтік желіде не жоқ дейсіз, бәрі бар. Жақсы ақпараттар да көп, дұрыс емес жауаптар одан да көп. Бала осыдан қателесулерге ұрынады. Қазіргі жаһандану дәуірінде әлеуметтік желіде ақпараттар легімен қатар дұрыс емес діндерді насихаттау, түрлі зорлық-зомбылықтар, әлімжеттік жасау, құмар ойындары телефон бетін жайлап алған. Міне осындай ақпараттар баланың санасына сіңіп, миын улайды, оны бала достарымен бөліседі, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін жете түсінбеген бала көргенін қайталап жасап көрмекші болады, сөйтіп от басып, опық жеп қалады. «Тәрбие - тал бесіктен» дейді атамыз қазақ. Тал бесіктен жер бесікке дейін баланың өсіп-жетілуіне ата-ана тәрбиесі негізгі әсер ететін орта. Бұл жерде әке тәрбиеден алшақ кетпеуі керек. «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» деген сөз бекер айтылмаған. Егемен еліміздің болашағы тәрбиелі, әрі білімді жас ұрпақта. Баланың түп қазығы, алтын ұясы-ол отбасы. Баланы өмірге әкеліп, өсіріп, жақсы тәрбие беру ата-ананың басты міндеті. Әр ата-ана бала тәрбиесіне немқұрайлы қарамай, имандылықты, кішіпейілділікті, адалдықты, адамгершілікті, жауапкершілікті бала бойына сіңіре білуге тиіс. Сонымен қатар елін, жерін, халқын сүюді, Отанын қорғауға тиіс екенін, салт-дәстүрін, тілін құрметтеуді үйретіп, ұлтжанды патриот етіп тәрбиелеу ата-аналарымыздың басты міндеті болуы керек. Еңбекқор, білімді, ойлау қабілеті жоғары, азаматтық биік қасиеттері қалыптасқан ұрпақ қана егемен еліміздің болашағын алға апарады. Сол үшін ұрпақ тәрбиесіне бәріміз асқан жауапкершілікпен қарайық дегім келеді. Қорыта келе айтарым, жақсы, жаман адамды, тіпті тұлғаны өзіміз қолдан жасаймыз. Сондықтан бала болашағының баянды болғанын қалаған әрбір ата- ана ұрпағының ұлағатты болуына жан тәнімен мүдделі болуы керек. Тәуелсіз еліміздің тірегі – тәрбиелі де, білімді ұрпақ. Ендеше олардың бүгіннен бастап үлкен, өнегелі азамат болып өсулеріне көмек көрсетейік.
Шырын ҚАПАРОВА, аудандық аналар кеңесінің төрайымы. |