|

Ағымдағы жылдың 11-21 қыркүйек күндері Алматы облысының Қаскелең және Талғар қаласында өткен республикалық “Ақ бидай-2025” VІІІ ауыл спорты ойындарына қатысқан спортшылар спорттың 20 түрінен бақ сынасқан болатын. Жамбыл облысының атынан сынға түскен байзақтық аяқ доп шеберлері шағын футболдан бас жүлдені иеленді. Кеше аудан әкімі Олжас Баққараев команда мүшелері мен олардың жаттықтырушыларын қабылдап, құрмет көрсетті. Қабылдау барысында аудан әкімі Олжас Елебекұлы төрт жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі додада
ауданымыздың абыройын биіктеткен спортшыларды жеңісімен құттықтап, аудан командасының үшінші рет қатарынан жеңімпаз атанғандығына алғысын білдірді. Сонымен қатар Талғар қаласында “Асық ату” спорт түрінің бес асық түрінен өткізілген жарыста байзақтық Жұмагүл Халмуратова мен Жансая Жалғасбаева екінші орынды иеленген. Бұл республикалық деңгейде өткен додада Жамбыл облысы құрамында тұңғыш рет қол жеткізілген табыс екендігі жөнінде “Асық ату” спорт түрінен жаттықтырушы Мұхтар Түктеев жан-жақты айтып өтті. Ауыл жастарын спорт түрлеріне кеңінен тарту, ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылықты ояту мақсатында кездесулер өткізудің маңыздылығын атап өткен аудан әкімі Олжас Баққараев жеңімпаздарды жаңа спорттық киіммен қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді. Қабылдау соңында аудандағы спорт саласының дамуына қосқан үлестері және республикалық ауыл спорты ойындарында облыстық құрама сапында белсенділік танытып, жүлделі орындарға ие болғандары үшін жаттықтырушылар, спортшылар және демеушілік көрсеткен жеке кәсіпкерге Алғыс хаттар табысталды. Ауыл спортының ең ірі додаларының бірі - “Ақ бидай-2025” республикалық ойындары өңірлер арасындағы спорттық ынтымақтастықты нығайтып, ауыл жастарының салауатты өмір салтын ұстануына ықпал етуімен құнды.
Өз тілшіміз. |
|
Обновлено 30.09.2025 12:00 |