Онлайн газет



АУДАН ӘКІМІ АУЫЛДАРДА ХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕСТІ

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес бекітілген кесте бойынша өткен аптаның жұмасы күні аудан әкімі Олжас Баққараев екі ауылда болып, халықпен кездесті. Түске дейін Темірбек ауылдық округіне қарасты Шахан ауылында, ал түс қайта Жалғызтөбе ауылдық округіне қарасты Аққия ауылында болды.
Шалғайдағы Шахан ауылындағы кездесу М.Әуезов атындағы орта мектепте халықтың сұранысына орай сұрақ-жауап түрінде өрбіді.
Алдымен сөз алған Шахан ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Нышанбек Отаров ауылға су келетін екі каналды жөндеу, жел тұрса болды жарықтың сөнетіні, электр желілері мен бағаналардың тозғанын айтты. Бір трансформатордың 2-3 көшеге шамасы келмейтіндіктен қосымша трансформатор қоюды сұранды.
Ал ауыл тұрғыны Дүйсен Мамырбеков болса ауыл маңынан мал өлекселерін тастайтын орын ашуды, ауылдың ішкі жолдарын жөндеуден өткізуге көмек беруді сұрады.
Ауылдың ішкі жолдарын жөндеуге байланысты тиісті құжаттар тапсырылып қойылғанын округ әкімі Артур Утебаев айтты.
Аудан басшысы Олжас Елебекұлы халықтың сұранысын мұқият тыңдап, оған жауап берді. Алдымен электр желілері мен трансформаторлардың аудандық электр жүйесі мекемесіне өткізіліп жатқандығынан хабардар етті. Соған қарамастан аталған мекеме кесте бойынша аудандағы барлық елдімекендерді аралап, ескірген электр  желілері мен тозығы жеткен трансформаторларды ауыстырып келе жатқанын айтты.


Мал өлекселерін тастайтын орын ретінде «Беккери» шұңқыры құрылысы  ойластырылатыны айтылды. Ауылдың ішкі жолына байланысты құжаттар дайын болғанымен қаражат қарастырылмай отырғанын атап өтті. Қаржы бөлінсе көше жолдары жөндеуден өтетін болады.
Ал каналға байланысты «Қазсушардың» облыстық филиалына қарасты Байзақ өндірістік бөлімшесінің бастығы Қасымбек Жүзбаев жауап беріп, шаруаларға биылғы су беру тоқтағаннан кейін, дәлірек айтқанда қазан айының соңына қарай каналдар жөнделетінін ескертті.
Кездесу соңында аудан басшысы ауыл халқына бала тәрбиесіне баса назар аударып, оларды назардан тыс қалдыруға болмайтындығын жеткізді.
Аудан басшысы Олжас Баққараев кездесуден кейін жақында ғана пайдалануға берілген округке қарасты Сарыбарақ ауылындағы Сарыбарақ орта мектебінде болуға да уақыт тапты. Мектептің қыс мерзіміне дайындығы, балаларды тамақтандыру, тазалық, мектеп маңайын көгеріштендіруге көңіл бөлді. Сондай-ақ аталған ауылдағы шағын орталықта да болып, жас бүлдіршіндердің тәрбиеленуіне де назар аударды.

*   *   *
Жалғызтөбе ауылдық округіне қарасты Аққия ауылындағы халықпен кездесу ашық аспан астында сұрақ-жауап түрінде өтті.
Кездесуде ауыл тұрғындары Темірхан Өмірәлиев, Қалмахан Бекмағанбетов, Серік Кенбаев, Жұмағұл Дәулетбақовтар ауылдағы өзекті деген мәселелерді қозғады. Онда алдымен жаңадан соғылып, пайдалануға берілгелі жатқан мектеп директоры лауазымына ауыл тұрғынын үміткер ретінде ұсыну, егін суының кеш келуі, көше жолдарын жөндеу, интернетке қосылу мәселесі, ескі мектеп ғимараты, жабайы иттер, Төрткөл ауылынан балаларды тасымалдау тәрізді мәселелер көтерілді.
Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерге аудан басшысы заң аясында жауап беріп, ешқандай сұраныс аяқсыз қалмайтынын ескертті. Ал ауылдық округ әкімі Мейіржан Тайтелиев пен тиісті бөлім, мекеме басшылары қосымша түсінік жұмыстарын жүргізді.
-Күні кеше ауданымыздан қант зауытының қазығы қағылғанын естіп, қуанып қалдық. Өткен жылы қызылша өткізуде шаруалардың қатты қиналғанын жақсы білеміз. Енді міне зауыттың өз ауданымыздан соғылуы қуанышқа кенелтіп отыр. Қолға алынған үлкен іс баянды болсын, - деді ауыл ақсақалы Рабжан Гайнуддинов.
-Ауданымыздан қант зауытының соғылуы шаруаларға мемлекеттің жасап отырған жағдайларының бірі. Аталған зауыт келесі жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде, - деген аудан басшысы зауыт туралы халыққа қысқаша мағлұмат берді.


Ауыл ардагері Т.Өмірәлиев бұрынғы жылдардағыдай округ орталығында ғана жиын өткізбей шағын болса да ауылымызға арнайы келіп, халықпен кездесу жасаған аудан әкімі Олжас Баққараевқа алғысын айтып, алдағы жұмысына табыс тіледі.
Аудан басшысы екі ауылдағы кездесулерден кейін де бірнеше азаматты жеке мәселелері бойынша қабылдап, олардың сұрақтарына заң талаптары бойынша түсінік берді.
Кездесуден соң аудан әкімі округке қарасты Төрткөл елдімекеніндегі ауыз су имараты және су жүйелері нысанында болып, ондағы жұмыстың сапасын қадағалады. Тиісті азаматтарға нақты тапсырмалар берді.
Сондай-ақ Жетібай  ауылындағы гүл өсірумен айналысатын «Жасұлан» және «SOUTH HOLIDAY» ЖШС жеке шаруа серіктестігінің жұмысымен танысуға да уақыт тапты.
Аудан әкімі О.Баққараевтың бастамасымен мұндай келелі кездесулер округ орталығында ғана емес шалғай ауылдарда да өте бастауы халықтың көңілінен шығып отыр.
Екі ауылда өткен кездесулерге аудандық мәслихаттың төрағасы, аудан әкімінің орынбасары, аппарат басшысы, тиісті бөлімдер мен мекеме басшыларыда қатысты.

Сүндетулла ӘБІЛОВ,
«Ауыл жаңалығы».
Шахан, Аққия ауылдары.

Обновлено 30.09.2025 11:55
 

Халыққа жолдау

 

 

 

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін327
mod_vvisit_counterКеше2729
mod_vvisit_counterОсы аптада3056
mod_vvisit_counterӨткен аптада48670
mod_vvisit_counterОсы айда63805
mod_vvisit_counterӨткен айда69492
mod_vvisit_counterБәрі4109615

Серіктестер