|
Бүгінгі таңда нашақорлық – қоғам үшін аса қауіпті дерттердің бірі. Әсіресе жастар арасында таралуы болашаққа зор қауіп төндіреді. Есірткі адам денсаулығын ғана емес, оның отбасын, оқуын, болашағын да құртады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Тағы бір маңызды міндет – есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күрес. Бұл – ұлттың генетикалық қорын аман сақтап қалу мәселесі
деген сөз. Біз осыған дейін қажетті заңнамалық шараларды қабылдадық. Бірақ нақты нәтижеге қол жеткіздік деуге әлі ерте. Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Сондықтан біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Вейпке, яғни электронды темекіге тыйым салынды. Қабылданған шаралардың нәтижесі қазірдің өзінде көрініп жатыр. Әлеуметтік кеселдің бәрімен тұтас жұрт болып жұмыла күресу қажет» деген болатын. Қоғамның кереғар құбылысы саналатын нашақорлық және есірткі туралы ауыл тұрғындары мен жастарға кеңінен ақпарат беріліп, зиянды әдеттердің зардаптары түсіндірілуде. Сонымен қатар қоғамның осындай індетінен аулақ болу, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығы айтылуда. Нашақорлықтың алдын алуда ең бастысы – дұрыс тәрбие мен салауатты өмір салтын насихаттау. Жастардың спортпен шұғылдануы, өнерге, білімге қызығуы олардың бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ата-ана мен ұстаздың бақылауы мен қолдауы да ерекше рөл атқарады. Денсаулық – баға жетпес байлық. «Бірінші байлық – денсаулық», «Байлық – байлық емес, денсаулық – байлық» деген нақылдар тегін айтылмаған. Сондықтан өсіп келе жатқан жастарымыз денсаулыққа да, қоғамға да зиянды саналатын, ғасыр дертімен табанды күресуі керек. Әрбір адам өз болашағына жауапты екенін ұмытпай, денсаулықтың қадірін білуі тиіс. Есірткіден бас тарту – денсаулықты, арманды және өмірді сақтап қалу деген сөз.
Асет Лесбай, Көптерек ауылы әкімі аппаратының әскери есеп жүргізуші жетекші маман. |