|

Өткен аптада Үлгілі ауылында аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алуға байланысты жиын өтті. Ауылдық клубта өткен жиынға аудандық ардагерлер кеңесі жанындағы әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Серік Балабеков, кеңес жанындағы әкелер кеңесінің төрағасы Төлебай Танаев, аудандық білім саласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Шары Абдурасулов, округ әкімі Мейіржан Досмұратов, ауыл тұрғындары, ата-аналар, ұстаздар мен
10-11-сынып оқушылары, жастар қатысты. Жиында Үлгілі ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Фазыл Шаухаров жыл ішінде атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Ол өз есебінде кеңес мүшелерінің басшылығымен ауылдағы аналар, әкелер кеңестерінің жақсы жұмыстарын атап өтті. Олар өз ауылында ғана емес аудандық, тіпті облыстық шараларға да белсене қатысып жүргенін тілге тиек етті. Он саусағынан өнер тамған ана Әлимаш Теміржанованың өз қолынан шыққан дүниелерінен үйінде көрме ашып, аталған ұлттық құндылықтарды халыққа көрсетіп келе жатқаны айтылды. Ауыл жастарының аудан, облыс қана емес, республика көлемінде спорттың бірнеше түрінен жүлде алып жүргендері де сөз болды.
 Содан соң С.Балабеков, Т.Танаев, Ш.Абдурасуловтар сөз алып, ауылдағы ардагерлер, аналар, әкелер кеңестерінің жұмысына жақсы баға берді. Жасөспірімдер арасындағы тәртіпті сақтау- қоғамда маңызды мәселелердің бірі. Кейінгі кездері жасөспірімдер арасындағы белең алып бара жатқан құқықбұзушылықтар туралы сөз қозғалды. Кәмелетке толмағандар арасындағы буллинг, ерте жүктілік, отбасылық зорлық-зомбылық, әлімжеттік тәрізді жиі кездесетін құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Адам өміріндегі заң мен тәртіптің маңызы, әр азамат өз құқығын білумен қатар, міндетінде ұмытпауы керектігі ескертілді. Бала тәрбиесіндегі кемшіліктерді алдымен ата-анадан іздеуді, отбасындағы ауызбіршілік мықты болуы, мұнда әсіресе әкенің рөлі жоғары болуы керектігі баса айтылды. Қай жерде болмасын мектеп, ата-ана, қоғам үштігі болып бірлесе жұмыс істесе нәтижеге қол жетеді. Мектеп оқушылары сабақтан тыс уақытта әртүрлі үйірмелер мен спорттық секцияларға қатысуы керектігіне тоқталды. Жастар ата-ананы құрметтеп, ұстаздар біліміне құлақ асып, келешекте Тәуелсіз еліміздің тірегі болатындай азамат болып өсуін тіледі. Жиында сөз алған ауыл аналар кеңесінің төрайымы Жанат Әлібекова, ауыл тұрғындары Баубек Асанов, Асылбек Мейірхановтар бала тәрбиесіне байланысты өз ойларын ортаға салды. Балаларды еңбекке баулу, оқушыларды түнде көшеде жүргізбеу, оның орнына пайдалы жұмыстармен айналысуға шақырды. Ал ата-аналар өз баласының тәрбиесіне алдымен өздері жауапты екендерін естерінен шығармаулары керектігі баса айтылды. Ауылдық округ әкімі М.Досмұратов келген қонақтарға әсерлі әңгімелері үшін алғысын айтып, бала тәрбиесі басты назарда болатындығын жеткізді.
Сүндетулла ӘБІЛОВ, «Ауыл жаңалығы». |