Онлайн газет



БАЛА ҚЫЛМЫС ЖАСАСА КІМ КІНӘЛІ?

Жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың көбейіп жатқаны барлығымызды қынжылтады. Бұған көз жұма қарауға да болмайды. Өйткені әрбір қателік- болашаққа жасалған соққы деп ойлаймын. Негізінде ешқандай бала жаман болып тумайды. Оларды теріс жолға итермелейтін- орта, дұрыс бағыттың болмауы және көңіл бөлудің жетіспеушілігі. «Адам баласы үш түрлі мінезбенен үш түрлі болады: біреуі - өзін ғана ойлайды, біреуі - өзімен қатарғыларды да ойлайды, біреуі - азаматтың қамын ойлайды. Сол секілді адамның ортасы да үш түрлі болады: жақсы орта, жаман орта, һәм пайдасыз орта», - деп Абай атамыз айтқандай адамның мінезі мен болашағы оның араласқан ортасына тікелей байланысты.
Жасөспірімдерге ең қиын кезең - өтпелі жас. Бұл кезде олар өзін ересек сезінеді, бірақ әлі толық жауапкершілікке дайын болмайды. Кейде «Мені ешкім түсінбейді» деп ойлап, ашуларын сыртқа шығара алмауы да мүмкін. Осындай сәтте біреулер дұрыс жолды іздесе, біреулер қателікке барады. Міне, осы тұста біз ата-ана, мұғалім, дос немесе үлкендер қолдау көрсетіп, көзін аша білуіміз керек.
Құқықбұзушылық көбіне ұсақ нәрседен басталады. Біреу дүкеннен майда зат ұрлайды, біреу көшеде төбелеске қатысады, біреу басқаны мазақ етіп ренжітеді. Ал біреулер өзін басқамен салыстыру арқылы бәсекелестікке түсіп, соңы қылмыстық іспен аяқталады.
Менің ойымша, ең алдымен жасөспірімдерге өз құндылығын сезіндіру керек. «Сенің арман - қиялың бар, сенің талантың бар, сенің қолыңнан бәрі келеді» деген сөзді жиі естісе, ол қателіктерге бармайды деп ойлаймын. Өйткені өзін бағалаған адам өз өмірін қор қылмайды.
Бұндай жағдайлардың алдын алу жолдарына келсек, біріншіден ата-ананың жылы қарым-қатынасы ауадай қажет. «Тәрбие- отбасынан басталады» деп бекер айтылмаған. Ата-ананың тәрбиесі деген баланы қысып ұстап, армандарына тосқауыл қойып, «өлмейтін мамандық» таңдату емес, керісінше баланың арманы мен жағдайын түсініп, дұрыс жол көрсетіп жіберу деп ойлаймын. Екіншіден, мектепте тек қатаң тәртіп емес, түсіністік болуы керек. Қиын балаға айқайлау емес, түсіндіру әсер етеді. Үшіншіден, жастардың уақытын пайдалы өткізуіне мүмкіндік беру керек: спорт, музыка, өнер- бәрі баланы дамытады әрі теріс әдеттерден алыстатады.
Қазіргі жастардың көп уақыты телефон мен интернетте өтеді. Оны тыйып тастау қазіргі таңда мүмкін емес. Себебі бала тұрмақ біз- ересек адамдарда телефонсыз қиналатынымыз анық. Бірақ дұрыс пайдалануды үйретуге болады. Жақсыны бөлісуге, білім алуға, өз ойын жеткізуге үйретсек, интернет олардың жауы емес, досына айналады деп ойлаймын.
Жасөспірімдер- болашақтың иесі. Сол үшін олардың қоғамға да, ата-анаға да, ұстазға да жауапкершілігі бар. Жасөспірімдер тәртіпті болып, заңды ұстанып, айналасындағыларға үлгі болса, қоғам үшін септігін тигізетін пайдалы ұрпақ болмақ. Табиғатты қорғап, елін-жерін құрметтеу де- олардың басты парызы.
Ата-ана алдындағы жауапкершілік- ең алдымен құрмет пен алғыс. Әке-шеше- бала үшін өмірін арнайтын жандар. Сол себепті олардың еңбегін бағалап, айтқан ақылдарына құлақ асып, үміттерін ақтауға барынша тырысу ата-анаға деген алғыс пен сүйіспеншілікті іс жүзінде көрсетудің бір жолы.
Ұстаз алдындағы жауапкершілік те маңызды. Ұстаз- білім мен тәрбие беріп, дұрыс жол көрсететін жан. Оқушы ұстаз еңбегін бағалап, білімге талпынып, әр сабақты тыңғылықты меңгеруге тырысқаны жөн. Ұстазды құрметтей отырып, оның айтқандарын, берген білімдерін өмірде қолдана білсек, біз саналы да білімді, елге пайдасын тигізетін тұлға болып қалыптасамыз.
Жасөспірім өз жауапкершілігін сезініп, міндетін орындаса, өзі үшін де, қоғам үшін де пайдалы адам болып өседі. Өйткені тәртіпті, білімді, достары мен айналасындағы адамдарды сыйлайтын, ата-анасы мен қоса өзін де құрметтей алатын жасөспірімнің болашағы жарқын болып, елдің дамуына да үлесі мол болмақ.
Құқықбұзушылықтың алдын алу- тек заң органдарының міндеті емес. Бұл әр ата-ананың, әр мұғалімнің, тіпті әр достың жауапкершілігі. Біз әр жасөспірімнің болашағына үлес қоса аламыз. Тек оларға сенім артып, қолдау көрсетуді ұмытпасақ болғаны.

Жанерке ӘЛТЕН,
«Ауыл жаңалығы».

 

Халыққа жолдау

 

 

 

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін101
mod_vvisit_counterКеше2850
mod_vvisit_counterОсы аптада2951
mod_vvisit_counterӨткен аптада14657
mod_vvisit_counterОсы айда38545
mod_vvisit_counterӨткен айда145403
mod_vvisit_counterБәрі3949430

Серіктестер