|

Кеше Жаңатұрмыс ауылдық округіндегі Тараз-Алматы тас жолының бойынан 200 гектар аумаққа жаңа қант зауыты құрылысының жобасы бойынша құрылысты бастау рәсімі өтті. Қытай елінің «ZhongKai» компаниясы қолға алған құрылыстың жобалық құны 109 млрд. теңге, құрылыс іске қосылғанда 378 адамды жұмысқа тартатын болады. Өндірістік қуаттылығы жылына 1 миллион тоннадан бастап қант қызылшасы өңделеді. Жылына 78-120 мың тонна аралығында өнім алынатын болады. Қосымша жылына 32-54 мың тонна аралығында меласса, 41-77 мың тонна аралығында жем шығаратын болады. Зауыт 2026 жылы іске қосылады. Аталған шараға қатысқан Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Жамбыл облысының әкімі
Ербол Қарашөкеев көліктен түскен бетте құрылыс маңындағы қызылша алқабына қарай бет алды. Бұл аталған округтегі «Талап» шаруа қожалығының (жетекшісі Маут Фазулов) жайқала өсіп тұрған қызылша алқабы еді. Сол жерде әрқайсысы 4-5 келі тартатын қызылшаны қонақтар қолдарына алып, Мауттан қызылшаны өсірудегі тәжірибесі туралы сұрап, білді. Іс-шара барысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров алдымен сөз алды. -Мемлекет ауыл шаруашылығына жақсы көмек беруде. Шаруаларда бұл тұрғыда жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. Мәселен, өткен жылы осы облыста қант қызылшасынан жақсы өнім алынды. Ал соны өңдеуде қиындықтарға тап болдық. Еліміз Тәуелсіздік алғалы мұндай зауыт салынған емес. Енді міне Президент тапсырмасымен зауыт салынғалы отыр. Осындай зауыттар арқылы өнім өңдеуді межелеген 70 пайызға жеткізетін боламыз. Аталған жобаның сәтті аяқталуына тілектеспін, - деді Айдарбек Сапаров. -Мемлекет басшысы өзінің биылғы Жолдауында еліміздің болашағы инвестицияға байланысты екендігін атап өтті. Облысымызға инвестициялар тартылып жатыр. Солардың бірі - бүгінгі іргесі қаланғалы отырған қант зауыты құрылысы. Зауыт іске қосылса облысымыздағы қызылша көлемі 5 есеге артатын болады. Қолға алған ісімізге сәттілік серік болсын, - деді облыс әкімі Ербол Қарашөкеев.
 Бұдан кейін «Талап» шаруа қожалығының жетекшісі Маут Фазулов ауданымызға осындай зауыт салып беріп жатқан басшыларға алғысын айтып, өнім көлемін арттыра беруге сөз берді. Инвесторлар тарапынан сөйлеген басшылар құрылыс барысында халықаралық стандарттарға сай заманауи технологиялар қолданылатыны, жоба энергияны үнемдеуге, экологиялық тазалық пен қауіпсіздікке ерекше назар аударылғаны, бұл Қазақстандағы қант өнеркәсібін жаңа деңгейге шығаратын алғашқы ауқымды бастама екендігін атап өтті. Сондай-ақ өндіріс процесінде автоматтандыру, цифрландыру және жасанды интеллект элементтері кеңінен енгізіліп, энергия тиімділігі мен экологиялық тазалыққа назар аударылатыны атап өтілді. Осыдан соң ауыл шаруашылығы министрі А.Сапаров, Жамбыл облысының әкімі Е.Қарашөкеев, компания басшылығы бірлесе зауыт құрылысының басталғанын білдіретін бастырманы басты. Міне осылайша көптен күткен зауыт жұмысы басталды. Аталған зауыт елдің қант импортына тәуелділігін азайту, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы халықты еңбекпен қамту, салықтық түсімдерді көбейту және өңірлік бюджетке қосымша кіріс қалыптастыратын болады. Жоба тек жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын ашып қана қоймай, ауыл шаруашылығына жаңа дем береді. Қант саласының тұрақтылығын арттырып, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын болады. Іс-шара соңында Ауыл шаруашылығы министрі А.Сапаров шаруалармен кездесіп, егін жайында пікір алмасты.
Сүндетулла ӘБІЛОВ, «Ауыл жаңалығы».
|