|
Бала - біздің болашағымыз. Бірақ біз көп жағдайда бала өміріне қауіпті жағдайлардан сақтандыруды алдын ала ойламаймыз. Ауданымыздағы өрт санының кемімей отырғандығына балалардың отпен ойнауы да әсер етуде. Нәтижесінде мемлекет, жеке азаматтардың мүлкіне айтарлықтай зиян келуде. Ағымдағы жылдың басынан-ақ өрт оқиғаларының саны өршіп тұр. Тіпті көп жағдайда “ойнаушының” өзі де жапа шегуде. Құрметті ата-аналар, әжелер мен аталар! Біз сіздерге балаларыңыз бен немерелеріңізге аса мұқият болуға
шақырамыз. Ешқашан балаларды пәтерде немесе бөлмеде жалғыз қамап кетпеңіздер. Олардың отпен ойнауына үзілді-кесілді тыйым салыңыздар. Балаларға пештерді, примус, керосин шамдарын жағу сияқты жұмыстарды тапсырмаңыздар. Сіріңкемен ойнауын және құрылыстардың жанында алау жақпауын қатаң қадағалаңыздар. Кейде балаға қарау өте қиын болады. Мұндай жағдайда сіріңкені баланың қолы жетпейтін жерге қойыңыздар, үйдегі шатыр асты бөлме мен жертөлені ашық тастамаңыздар. Егер біз барлығымыз бірге өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтайтын болсақ және оған балаларымызды үйретсек, онда біздің облысымызда, республикамызда өрт саны едәуір азаятын болады.
Ержан Әбдірәимов, аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері. |