|

Өткен аптаның соңғы жұмыс күнінде аудан әкімі Олжас Баққараев Сазтерек ауылдық округіне қарасты шағын ғана Ақтөбе ауылында болып, халықпен кездесті. Ауылдың орталық көшесінде еркін форматта өткен кездесуде округ әкімі Жұмабек Шайхиев ауыл туралы қысқаша мағлұмат берді. Ауылдағы екі көшеде 352 халық тұрады. Бастауыш мектепте 28 оқушы оқыса, 5-11-сынып аралығындағы 43 оқушы Абай ауылындағы Абай атындағы орта мектепке тасымалданып оқиды. Ауыл балалары үшін кіші футбол алаңы 2023 жылы салынып берілді. Халық денсаулығына байланысты 2017 жылы ауылдағы «Дән» шаруа қожалығының демеушілігімен 5 келушіге арналған фельдшерлік тірек соғылып, жұмыс істейді. Халық негізінен мал және егін шаруашылығымен айналысады. Ауылда 645 гектар суармалы жер бар. Ауыл халқы егістікке
суды 13 шақырымды құрайтын «Елшібай» каналы арқылы алады. Еркін форматта сұрақ-жауап түрінде өткен кездесуге көршілес Жаңасаз ауылынан да бірнеше азамат келіп қатысты. Кездесуде ауыл тұрғындары Батырғали Әденов, Жүзжасар Әбуов, Тұрар Рысқұлдар сөз алып, көп жылдардан бері «Елшібай» каналы арқылы ағын судың келмей қалғанын жеткізді. Соның кесірінен егілген бидай, арпа ешқандай өнім бермегеніне қынжылыс танытты. Аудан басшысынан осы канал арқылы егіс алқаптарына ағын су беру мәселесін шешіп беруді сұранды. Аудан әкімі Олжас Елебекұлы «Қазсушардың» облыстық филиалы мамандарын шақырып, арнайы зерделеу жұмыстары жүргізілетінін, олар келгенде ауыл шаруаларын қатыстыра отырып, нақты шешім қабылданатынын айтты. Сондай-ақ егіс алқаптарына құдық орналастыру үшін субсидия алу, ауылдағы бағаналардың тозығы жетуі, көше соңына автобус айналмасын жасау, балалардың ойын алаңын соғу жөнінде ұсыныс айтылды. Маратбек Момбеков емханаға қаралудың жолдары туралы сұрап, білді. Жаңасаз ауылынан келген Тұрсынай Жанысбаева ауылына шағын футбол алаңшасын соғу, жол бойынан балалардың қауіпсіздігі үшін аялдама соғу, даярлық тобы, бірінші сынып оқушыларын мектептен алып қайтуға көлік бөлу тәрізді мәселелерді көтерді. Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерді мұқият тыңдаған аудан басшысы оларға заң талаптарына сәйкес жауаптар берді. Ал кейбір мәселелер зарделеуді қажет етуіне байланысты сала басшылары мен ауылдық округ әкіміне тапсырылды. Кездесу соңында аудан әкімі О.Баққараев ауыл тұрғындарын отбасындағы бала тәрбиесіне көңіл бөліп, балалардың қауіпсіздігіне баса назар аударуға шақырды.
Сүндетулла ӘБІЛОВ, «Ауыл жаңалығы». |
|
Обновлено 23.09.2025 11:48 |