Онлайн газет



ЕКІ ЖАРТЫ БІР БҮТІН БОЛАЙЫҚ

Анамның дүниеден озғанына бір жыл толып, асын берген соң, жетпістен асқан әкемнің мінез-құлқы бір түрлі өзгере бастады. Күнде сақал-мұртын сәндеп, үстіне орден-медальдары тағылған қара костюмін киіп, «Тройной» деп аталатын әтірді сеуіп әуре. Сонан соң басына қара қалпағын киіп, көк есегіне мініп, бір жаққа тайып тұрады. Еңбек демалысына келген мен алғашқыда бұған онша мән бермедім. Ауылдағы ескі клубтың жанындағы алма бағында әкем қатарлас қариялар жиі-жиі бас қосып, әңгіме-дүкен құрып отыратын. Түскі шайдың уақыты болып, бір-екі рет барсам, алты карта соғып отырғандардың арасында әкем жоқ болып шықты. Бұл шал бірдеңені бүлдіріп жүр деп іштей сезіктене бастадым. Бала кезімде әкем колхоздың бір бөлімшесінің дүркіреп тұрған бригадирі еді. Астында жүгені мен ер-тұрманы күмістелген ақ боз ат, бүкіл ауыл ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында.
– Әй, Гүлжан, бүгін аудан орталығы – Бурныйда өңкей ығай мен сығайлар бас қосқан жиналыс болады. Сенің байың анау-мынау емес, колхоздың білдей бригадирі, өзі майдангер, еңбек озаты. Қара костюмді тазалап, орден-медальдарымды жарқыратып қой. Айтпақшы, әлгі үстіме себетін «Тройной» әтірі таусылып қалыпты. Дәркешті дүкенге жібер, – деп  алдын ала ескерте бастағанда, анам: «Кедейдің кербезінен сақтай көр!» деп жақтырмаған күйі күйеуінің тапсырмасын орындауға кірісетін.
...Ертесіне қартайса да кербездігін қоймаған әкетайым күндегі әдетінше сәнденіп, құлағы қалқиып қалған көк есегіне отырып, жолға жинала бастады. Немере ағамның ескі «Урал» мотоцикліне мініп, байқатпай артынан жайлап еріп отырдым. Әкемнің артына қарайтын түрі жоқ, есегін тепеңдетіп, алға тартып барады. Ауылдан сәл ұзап, үш-төрт шақырым қашықтықтағы көрші ауылға бет бұрды. Көп ұзамай-ақ совхоздың екінші бөлімшесіне жетіп, оқшаулау тұрған тоқал тамға жетіп, есегінің шылбырын ескі арбаға байлап жатты. Мотоциклді үйдің артына қойып, аяғымды мысықша аңдып басып, байқатпай үйге кірдім. Төргі бөлмеде жайылған көрпе үстіне жайғасқан әкем ұршықтай кішкентай кемпірмен сөйлесіп отыр.
– Төкентай, қалайсың, ауыл-аймағың аман-есен бе? – деді қалың көзілдірік киген кемпір сампылдай сөйлеп. – Соңғы кезде біздің ауылға жиі келгіштеп кеттің. Жайшылық па, әйтеуір?
– Жібекжан-ау, осындай күн ыстықта адам жайша жүре ме? – деді әкем тамағын кенеп қойып – саған сары майдай сақтап жүрген бір сөзім бар еді. Өткен жолы бір-екі келгенде қысылып айта алмадым...
Әкем сөзден тосылып, сәл үнсіз қалды.
– Әй, Төкентай-ай! Жас кезіңдегідей сызыла қалыпсың ғой, – деді кемпір тісі ақсиып күліп. – Ұялмай, сары майдай сақтаған сөзіңді айта бер. Құлағым сенде.
– Жібек, сонау алыстап кеткен отызыншы жылдар есіңде ме? – деді әкем қалтасынан қол орамалын шығарып. – Қызыл отау құрып, ауыл-ауыл аралап, «Қыз Жібек» спектаклін қойғанымызды ұмытпаған боларсың? Өзің де жақсы білесің, алғашқыда Төлегеннің рөліне мені бекітті. Бірақ режиссер аяқасты ойынан айнып қалып, Төлегеннің рөлін Әбілтай ойнайтын болды. Іштей келіспесем де, Бекежанның рөлін ойнадым. Кейін сен сол Әбекеңе тұрмысқа шықтың. Топырағы торқа болғыр жігіт еді. Бүгінде Әбілтай арамызда жоқ.
– Төкентай-ай! Өткенді еске түсіріп, көңілімді босаттың ғой. Киерге киіміміз, ішерге асымыз жоқ болса да, бақытты едік. Қайран, жастық шақ!  Енді ол қайта оралмайды. Қой, орнымнан тұрып шай қояйын, әңгіме бұзау емізер, бұзау таяқ жегізер, – деп Жібек орнынан көтерілді.
– Жібекжан, – деді әкем – шай қайда қашар дейсің. Ойым тарыдай шашылып кетпей тұрғанда келген шаруамды айтайын.
– Айт, айт, Төкентай, – деп кішкентай кемпір орнына қайта отырды.
– Жібекжан, «Айран сұраған шелегін жасырмайды» деген. Ойымды қалай жеткізерімді білмей отырмын. Қаққан қазықты айналшықтаған ат құсамай, тоқ етерін айтайын. Сенің шалың жоқ, менің кемпірім жоқ, екі жарты бір бүтін болсақ қайтеді?! Сен бұған қалай қарайсың?
– Ойбай, Төкентай! Мынауыңды ешкім естімесін. Ұят-ай! Бетім-ай, бетім, – деп кемпір орнынан тұрып, шошып кетті. – Жасың жетпістен асқанда алжиын дедің бе, әлде құтырайын дедің бе? Асарымызды асаған, жасарымызды жасаған кемпір мен шал емеспіз бе? Мына сөзіңді балаларымыз, немерелеріміз естісе не дейміз? Ұяттан қара жерге кіріп кетпейміз бе?! Бұл әңгіме осы жерде қалсын. Ешкім естімесін, ойбай-ай, ойбай!...
Кемпірдің есі шығып кетті. Қойылатын шай жайына қалды. Кербезденіп, сылқиып келген әкемді ай-шай жоқ, үйден қуып шықты.
Қалыңдық айттырудан жолы болмаған әкем бүк түсіп үш-төрт күндей төсек тартып жатып қалды. Бесінші күн дегенде орнынан тұрып, есін жиды. Бірақ бір түрлі, селқос, үнемі сәнді етіп күтіп ұстайтын сақал-мұртына қарамайтын болды. «Тройной» әтірі де себілмей бір орнында тұр. Орден мен медальдар тағылған қара костюм киім сақтайтын жиһаздың бір түкпірінен орын алды. Кезекші көлігі – көк есектің жүгені сыпырылып, ертоқымы алынып, бостандық алды. Екі-үш күннен соң ескі алма бақтың ішінде ауыл қарияларымен әңгіме-дүкен құрып отырған әкемді көріп, жүрегім орнына түсті.

Доқтырхан Тұрлыбек,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Обновлено 23.09.2025 11:25
 

Халыққа жолдау

 

 

 

 

 

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1527
mod_vvisit_counterКеше6400
mod_vvisit_counterОсы аптада1527
mod_vvisit_counterӨткен аптада22840
mod_vvisit_counterОсы айда37970
mod_vvisit_counterӨткен айда96777
mod_vvisit_counterБәрі4295228

Серіктестер