|
«Біз мынадай бес кеселмен бүкіл ел болып күресіп, біржола тосқауыл қоюымыз керек. Алдымен, есірткі саудасы, соның ішінде синтетикалық есірткі айналымы. Өкінішке қарай, бұл індет жаппай белең алып барады. Нашақорлық әсіресе, балалар арасында тез таралып, жастарымыз уланып жатыр. Есірткімен күрес белсенді жүргізілмесе, ертең бәрі кеш болуы мүмкін. Қазір есірткі сатқан қылмыскер қатаң жазаға тартылады»,-деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында баса айтқан болатын. Бүгінгі таңда қоғамның басты қасіреттерінің бірі-есірткі дерті. Ол – тек бір адамның тағдырын ғана емес, бүтін бір ұлттың болашағын бүлдіретін қатер. «Есірткі – ажалға апарар жол» деп бекер айтылмаған. Себебі ол адамды азғырып, ең алдымен жастық жігерін, денсаулығын, арманын ұрлайды. Ал ең сорақысы
– болашағын құртып, қоғамнан шеттетеді. Адам баласы өмірге келгелі армандап, алға ұмтылып өседі. Бірақ есірткі сол отты өшіретін қауіпті күш. Бір рет қызығушылықпен дәмін татқан жан кейін тәуелділікке түсіп, одан шыға алмай қалады. Бұл – әлем елдерін алаңдатқан күрделі мәселе, ал біздің еліміз үшін де бейжай қарауға болмайтын қауіпті дерт. Есірткіге үйір болудың себептері әртүрлі. Кейбірі достар ықпалымен, кейбірі күйзелістен шығамын деп, енді бірі «заманауи сән» деп қызығады. Бірақ қай себеп болмасын, соңы – қайғы мен өкініш. Өмірінің ең қызық шақтарын есірткіге айырбастаған адамның болашағы жоқтың қасы. Қоғам болып күрес жүргізу – бүгінгі күннің басты талабы. Әрбір ата-ана өз баласының ортасына, достарына, көңіл-күйіне жіті мән беруі тиіс. Мектеп пен жоғары оқу орындарында есірткінің зияны жайлы үгіт-насихат жұмыстары үздіксіз жүруі керек. Ал ең маңызды – жастардың өзіне дұрыс таңдау жасай білуге үйрету. Себебі есірткінің уы тек денені ғана емес, жанды да құртатынын жас ұрпақ анық түсінуі қажет. Есірткісіз өмірдің ғажайып екенін дәлелдеудің еш қажеті жоқ. Таза өмір сүрген жан өз арманына жетіп, елге пайдалы азамат болады. Денсаулығы мықты, ойы сергек, еңбегі жемісті адам ғана өмірдің нағыз рахатын сезіне алады. Шын мәнінде, ғажайып – ата-ананың мейірімі, достың шынайы күлкісі, туған жердің қымбат ауасы, бейбіт күннің тыныштығы. Ал есірткі осының бәрінен айырады. Бүгінгі ұрпақ – ертеңгі елдің тұтқасы. Сондықтан әрбір жас өз тағдырына жауапкершілікпен қарауы тиіс. Өмір – бір-ақ рет берілетін қымбат сый. Оны бағалай білейік. Есірткісіз өмірді таңдап, өзімізді ғана емес, болашағымызды да сақтайық. «Есірткісіз өмір – ғажайып!» деген ұран әрбір жүректе жаңғырып тұрса, біз жеңбейтін қиындық жоқ. Қоғам болып атсалыссақ, бұл індетті тоқтатуға әбден болады. Өйткені ғажайып өмір – таза санада, мықты жігерде және асқақ арманда.
Бекасыл БАЛПАНҚҰЛ, Ботамойнақ ауылдық округінің бас маманы. |