|
Адам құқығы мен бостандығы – әрбір азаматтың өмір сүруіне, еркін ойлауына, еңбек етуіне, білім алуға және қоғамда өз орнын табуына берілетін табиғи құқық. Бұл құқықтар Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітіліп, мемлекетпен қорғалады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер мен оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында: «Заң және тәртіп»-мемлекетіміздің мызғымас тұғыры. Қоғамда осы қағиданы түбегейлі орнықтыру үшін барлық құзырлы органдар
арасында ортақ көзқарас пен ортақ ұстаным болуға тиіс. Бұл – ең алдымен, ешқандай құқық бұзушылыққа жол бермеу қағидасы, яғни кез келген заңсыздыққа қарсы тұру деген ұстаным. Сондықтан мемлекеттік органдардың осы бағыттағы жұмысын барынша қолдау қажет. Сонда ғана елімізде құқық бұзушылыққа, озбырлық пен зорлық-зомбылыққа қарсы сана-сезім қалыптасады, қоғамға жат кез келген әрекетке төзбеушілік пайда болады» деген болатын. Қоғам дамуының басты көрсеткіші – адам құқығының сақталуы. Әрбір адамның ар-намысы, еркіндігі, пікір айту мүмкіндігі шектелмеуі тиіс. Себебі әділетті мемлекет құрудың негізінде құқық пен бостандықтың кепілдігі жатыр. Кез келген мемлекеттің, елдің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат – Конституция. Онда мемлекеттің барлық құрылымдарының, жеке азаматтардың, ұлт пен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаттары, міндеттері, құқықтары көрсетіледі. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әрбір адам өз құқығын білуі және өзгелердің құқығын құрметтеуі – өркениетті қоғамның белгілі. Біздің бірінші және ең басты міндетіміз-Конституция мен заңдарды сақтау. Бүгінгі ұрпақ – еліміздің болашағы. Сондықтан жастарды құқықтық сауаттылыққа тәрбиелеу, әділет пен теңдік қағидаттарын насихаттау – қоғам алдындағы басты міндеттердің бірі.
Олжас АБИЛЬДАЕВ, Көптерек ауылы әкімі аппаратының іс жүргізуші бас маманы. |