|

Қазіргі таңда, қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі-балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Байзақ ауданында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында ауқымды түсіндіру жұмыстары қолға алынды. Нәтижесінде аудан мектептерінде құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын жүргізу бойынша құрылған бес жұмысшы топтар 8 - 11 сынып оқушылары және олардың ата-аналарымен кездесулер өткізуде. Аталған топ мүшелері кеше, кестеге сәйкес, Сарыкемер, Түймекент, Мырзатай, Сазтерек, Ботамойнақ, Қостөбе, Үлгілі ауылдық округтерінде
болып, білім беру мекемелерін аралап, құқық бұзушылықтың алдын алу жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Солардың бірі, аудан орталығындағы Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясында өтіп, оны аудан әкімі Олжас Баққараев ашып, жүргізіп отырды.
 Екі бөлімнен тұрған кездесу алдымен 10-11 сынып, сосын 8-9 сынып оқушылары, ата-аналары мен ұстаздардың қатысуымен өтті. Онда аудан әкімі Олжас Елебекұлы бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлін ерекше атап өтіп, отбасындағы бақылау мен тәрбие жұмыстарының маңыздылығына тоқталды. Аудандық соттың төрағасы Досжан Төленбеков, аудан прокуроры Ақберген Мүлкеманов, полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Темірлан Жұмалбеков, Байзақ аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ерлан Сейдаханов, аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Жәудір Мырзаева жасөспірімдерге қылмыстық құқық бұзушылықтың салдары, олардың заң алдындағы жауапкершілігі, «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы, оқушының құқықтық анықтамасы, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасында жиі кездесетін құқық бұзушылықтар, оның ішінде буллинг, кибербуллинг, ерте жүктілік, отбасылық зорлық-зомбылық, құқықтық сауаттылықты дамыту, қылмыстық, азаматтық, әкімшілік жауапкершілік жайында маңызды ақпараттар беріп, өз пікірлерін ортаға салды.
Ақпараттық медиа орталығы. |