Онлайн газет



ТӘРБИЕНІ ӨЗІМІЗДЕН БАСТАЙЫҚ

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан:  өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу” атты Қазақстан халқына Жолдауын басылым беттерінен мұқият оқып шықтым.
Жолдауда ел дамуының басым бағыттары айтылып, оны іске асыру  жолдары айқындалған. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек» деген сөзіне толық қосыламыз.
Қазіргі таңда ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект өмірдің барлық саласын қамтып, әлемдік дамудың жаңа бағытын қалыптастырып отырғанына куә болып отырмыз. Бұл жөнінде өткен жылы “Ана тілі” газетіне берген сұхбатында да Қасым-Жомарт Тоқаев: “Таяу жылдарда жасанды интеллект өте қарқынды дамып, жұрттың өмір туралы ұғымын, тіпті тұрмыс-тіршілігін де түбегейлі өзгертетінін ескерген жөн. Милы машиналар, яғни интеллектісі жағынан адамды он орайтын роботтар пайда болатын күн алыс емес. Оның үстіне бұл роботтар эмпатияға, яғни сезіну және эмоция білдіру сияқты адамға тән қасиеттерге ие болады“,- деген еді.
Биылғы жылғы Жолдауында жасанды интеллектіні барлық салаға кеңінен енгізу туралы тапсырмалары, еліміздің  болашағына қатысты тың ойлары мен бастамалары көңілімізден шықты.
-Жасанды интеллектіні жаппай енгізу және жаппай цифрландыру еліміздің барлық саладағы әлеуетін еселеп арттырады. Біздің стратегиялық бағдарымыздың ең басты қыры осы болуға тиіс,- деді Президент.
Құнды құжатта жеті басым бағыттар, соның ішінде инвестиция тарту, өңдеу саласына көбірек қаржы салу, ауыл шаруашылығы жерлерін игеру, жеке сектордың дамуына мүмкіндік беру, жасанды интеллектіні дамыту,  ғылымға бөлінген қаржыны тиімді жұмсау, шағын және орта  бизнесті дамыту, инфрақұрылымды жақсарту секілді негізгі міндеттер қоғам талқысына ұсынылды. 
Әлемдегі дамыған  елдермен тереземіз тең болуы үшін елімізге инвестиция көбірек тартылуы тиіс. Бұл бағытта ауданымызда да үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Ауыл шаруашылығы, өңдеу саласына көбірек қаржы салынып жатса, жергілікті халық жұмыспен қамтылып, жұмыс өнімділігінің артуына жол ашылатындығы анық. Сондықтан отандық бизнесті қолдау үшін инвестиция тарту - бүгінгі күннің басты міндеті болып тұр.
Жолдауда Президент адамдардың көпшілік орындарында өздерін ұстау мәдениетіне қатысты ойын ортаға салды.
- «Заң және тәртіп» – мемлекетіміздің мызғымас тұғыры. Қоғамда осы қағиданы түбегейлі орнықтыру үшін барлық құзырлы органдар арасында ортақ көзқарас пен ортақ ұстаным болуға тиіс. Бұл – ең алдымен, ешқандай құқықбұзушылыққа жол бермеу қағидасы, яғни кез келген заңсыздыққа қарсы тұру деген ұстаным.
Сондықтан мемлекеттік органдардың осы бағыттағы жұмысын барынша қолдау қажет. Сонда ғана елімізде құқықбұзушылыққа, озбырлық пен зорлық-зомбылыққа қарсы сана-сезім қалыптасады, қоғамға жат кез келген әрекетке төзбеушілік пайда болады.
Ашығын айтуымыз керек, қазіргі таңда адамдарда дөрекі сөйлеп, бір-біріне ерегісіп, жаға жыртысатын әдет бар. Осындай келеңсіз оқиғаларды, әсіресе, қоғамдық орындарда, жол бойында жиі көруге болады. Өкінішке қарай, солардың ішінде айқай-шу шығаратын, балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзатын әйелдер де бар.
Бұл – мәдениетті, өркениетті қоғамға жараспайтын қылық, еліміздің халықаралық қоғамдастықтағы беделіне зиян келтіретін құбылыс.
Озық ойлы ұлт болу үшін мұндай жағымсыз әдеттен түбегейлі арылуымыз керек. Ұлы Абай «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп бекер айтпаған.
Мәдениет пен әдеп, тәрбие мен тәлім әрбір азаматтың, әрбір отбасының өзінен басталуы қажет”,-деді Қ.Тоқаев.
Кейінгі кездері ер азаматтар ғана емес әйелдер қауымы да “аузым бар екен” деп  дөрекі, былапыт сөздерді қосып, сөйлейтін болды. Бұл халқымызға жат қылық екенін айтсаң, “мені тәрбиелемей-ақ қойыңыз, өзіңізді тәрбиелеңіз” деп өзіңе тап беретіндерді де көзіміз көрді. Сондай-ақ такси жүргізушілерінің жолаушыларға таласып, бір-бірімен жаман сөздер айтып жататындығы да өсіп келе жатқан жастарға кері әсер ететіндігі анық.  Демократия осы екен деп әркім бойындағы жаман әдеттерін көрсету көргенсіздік деп білемін. Тәрбие отбасында қалыптасады деп жатамыз. Отбасында ерлі-зайыптылардан, үлкендерден не көрсе, балалар соны қайталап жатады. Сондықтан әйелдер қауымы өздерінің нәзіктігін сақтап, әдепті, тәрбиелілігін көрсетсе артық болмас еді. Өз кезегінде ер азаматтар да өздерін сабырлы ұстап, кез келген мәселені ақылмен шешуді қолға алуы керек деп ойлаймын.
“Жақсы сөз-жарым ырыс” деп атам қазақ айтқандай, жақсы сөйлеген дұрыс. «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, мінез, ар деген нәрселермен озады. Бұдан өзге нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де-ақымақшылық» деген екен Абай Құнанбаев он сегізінші қара сөзінде. «Кей жаманның сөзі бар – ызғары қатты, ащы, удай, кей жақсының сөзі бар-лебі кәусар бал судай», - деп Базар жырау жырлағандай, өсіп келе жатқан ұрпақтың бойына жақсылықтың, ізгіліктің дәнін себе білейік. Ол үшін  аға буын мен орта буын сөзімізбен, ісімізбен үлгі көрсетейік.
Президент алдымызға қойып отырған басымдықтарды орындау-ортақ міндет. Қоғамымыздағы ауызбіршілік пен берекелі ынтымағымыздың арқасында Әділетті,  жаңа  Қазақстанның болашағы жарқын болмақ.

Әбен Әбдібекұлы,
Сарыкемер ауылының тұрғыны.

 

Халыққа жолдау

 

 

 

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін127
mod_vvisit_counterКеше2850
mod_vvisit_counterОсы аптада2977
mod_vvisit_counterӨткен аптада14657
mod_vvisit_counterОсы айда38571
mod_vvisit_counterӨткен айда145403
mod_vvisit_counterБәрі3949456

Серіктестер