|

Жақында «Аmanat» партиясы аудандық филиалы мен партияның Сарыкемер бастауыш ұйымының ұйымдастыруымен «Ұлт рухын ұлықтаған – Несіпбек Айтұлы» тақырыбында шығармашылық әдеби кеш өтті. Филиалдың «Кітап-Аmanat» кітап орталығында өткен кеш ақын, аудармашы, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты Несіпбек Айтұлының 75 жылдығына орай ұйымдастырылды. - Кештің мақсаты – Н.Айтұлының шығармашылығымен таныстыра отырып, кеңінен насихаттау. Жас ұрпаққа ұлт тұлғаларын таныту арқылы
туған жерді, Отанды сүюге шақыру, - дейді ұйымдастырушылар. Кешке әдебиет сүйер қауым, мектептердің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері, жастар қатысты. Кешті «Аmanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Индира Спаналиева ашып, оны өткізудің мақсатына тоқталды. Ақынның өмірі, шығармашылық жолымен таныстырды. Аудан халқын кітап оқуға тарту мақсатында осындай ақын-жазушылардың шағармашылық кештері алдағы уақыттарда да өткізіліп тұратынын тілге тиек етті. 1950 жылы 22 қыркүйекте Тарбағатайда өмірге келген ақын, ал 1962 жылы ата-анасымен атамекенге оралған. Еңбек жолын Шұбартау аудандық «Жаңа өмір» газетінде бастап, 1974 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Ақын «Балдырған», «Жұлдыз», «Алтын тамыр» журналдарында, «Қазақ әдебиеті» газеті, «Жалын» баспасы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Президенттік Мәдениет орталығында қызмет еткен. Несіпбек Айтұлының алғашқы «Балалық» деген өлеңі 1965 жылы Шұбартау аудандық «Жаңа өмір» газетінде жарияланса, алғашқы кітабы 1974 жылы «Қозыкөш» деген атпен жарық көрген. Бұдан кейінде көптеген кітаптары жарық көріп, «Бәйтерек» поэмасы әдеби қауым тарапынан жоғары бағаланған. Басқа да поэмалары мен аударма кітаптары да көптің көңілінен шығып, әртүрлі деңгейдегі марапаттарға ие болған.
 Несіпбектің атасы да, әкесі де, нағашылары да ақын болған. Сондықтанда оның бойына ақындық екі жақтан берілуі мүмкін. Бәлкім, таудың табиғатынан, топырақтың құнары, туған жердің киесінен де болар. Міне осындай қазақ халқына асыл мұра қалдырған айтулы ақын Несіпбек Айтұлы 2023 жылдың қазан айында өмірден өтті. Кештің шымылдығы аудан орталығындағы №1 мектеп-гимназиясы өнерлі оқушыларының Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйімен ашылды. Кешті жүргізуші 10-11-сыныптың оқушылары Ерасыл Батихан мен Ұлпан Сүндет ақын туралы мол мәліметтер берген бетте үлкен экраннан бейнебаян көрсетілді. Онда столдан тұрып, монолог оқыған ақынды-оқушы Нұрасыл Жұмабек жақсы сомдай білді. Несіпбек ақынның туған жер, Отан, ана тіліне арнаған өлеңдерін оқушылар Айкен, Беколжас, Әдемі, Ұлпандар нақышына келтіре оқыды. Бұдан соң кезек Несіпбек ағамыздың сөзіне жазылған әндерге берілді. Бұл жерде Кәусар Жұмахан, Нұрасыл Жұмабектер орындаған «Жалт-жұлт еткен дүние», «Қаламмен сырласу» әндері жүректі тербетті. Ал Жанасыл Ізбасқан орындаған «Қазақтай ел қайда?» әнін залда отырғандар қосыла шырқаса, әнін жерлесіміз Есжан Әмір жазған «Аққуым сен екенсің» әніне қонақтар билепте кетті. Сондай-ақ Ұлпан Сүндеттің арнауы мен «Шоқан, Мұқағали, Абай» композициясын сахналанған Бекасыл, Әбдінұр, Ерасыл, Мақсаттардың өнері де сәтті шықты. Кеш соңында сахнаға көтерілген қонақтар-ауданымыздың Құрметті азаматы, ақын-сазгер Қасқырбай Нарбатыр алдымен кешті ұйымдастырушыларға, оған қатысқан оқушыларға алғысын айтып, жақсы рухани кештің куәсі болғанын жеткізді. Несіпбек ақынның тіл жанашыры болғанын, маңдайға біткен үлкен тұлға ретінде артында кесек-кесек көп дүниелер қалдырғанын атап өтті. Енді ақынның осы туындыларын біздің бүгінгі жастар оқып өсуі керектігіне тоқталды. Осындай жақсы тілекті айтыскер ақын Ертай Тазабеков пен жезтаңдай әнші Алмахан Исабаевта жеткізді. Кеш соңында Қасқырбай ақын «Келші іздеп» өлеңін оқыса, Ертай мен Алмахан «Дариға-дәурен», «Шындық туралы толғау» әндерін нақышына келтіре орындап, кеш қонақтарының еңсесін бір көтеріп тастады. Кештің жақсы деңгейде өтуіне №1 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері Мөлдір Тұрсынбаева мен Арманай Қуанова, музыкамен сүйемелдеуші Замира Шегірбаевалардың да қосқан үлесі мол болды.
Сүндетулла ӘБІЛОВ. |