|

Жаңа оқу жылының қарсаңында аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде “Білім келешегі: Адал азамат, кәсіби маман” тақырыбында дәстүрлі тамыз кеңесі өтті. Мәдениет үйіна кірген бетте қатысушыларды ұлттық аспаптар оркестрі күмбірлеген күймен қарсы алды. Әрмен қарай жиналғандар фойеге қойылған интерактивті тақтада үздік педагогтардың жетістіктері таныстырылды. Тамыз кеңесі мемлекеттік Гимнмен басталды.Мемлекет басшысының Республикалық тамыз конференциясында сөйлеген сөзінен үзінді көрсетіліп, ұстаздар алдына
қойылған маңызды міндеттер назарға алынды. Алқалы жиынды Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының Байзақ ауданының білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ерлан Сейдаханов ашып, “Білім келешегі: Адал азамат, кәсіби маман” тақырыбында баяндама жасады.
 Баяндамашы өткен оқу жылында қол жеткен жетістіктерге басымдық бере отырып, білім берудегі басым бағыттарды атады. Бұдан кейін С.Ж.Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медициналық университетінің коммуникативті дағдылар кафедрасының қауымдастырылған профессоры Фатима Багиярова жасөспірім шақтағы өзін-өзі басқару, әлемдегі өзгерістерге сай тұлға тәрбиелеу туралы, аталған кафедраның профессоры Айжан Құдайбергенова қауіпсіз орта қағидалары турасында, “Мектептің стратегиялық мақсаты: білімді, адал әрі кәсіби тұлға тәрбиелеу” тақырыбында Сарыкемер мектеп-гимназиясының директоры Әсел Қуатова, “Жасанды интеллект, мектептегі тәжірибелер мен жаңа оқу жылында оқу процесіне енгізу ерекшеліктері негізінде озық талдау технологияларын ұсыну арқылы, білім беру ұйымдарында қауіпсіз және жайлы ортаны қамтамасыз ету туралы” Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Нұрсұлтан Қошанов, “Ата-ана, мектеп, қоғам: оқушы тұлғасын қалыптастырудағы үштік одақ” тақырыбында Көктал орта мектебінің ата-аналар комитетінің төрайымы Гүлмира Парманова баяндама жасады. Салтанатты жиында аудан әкімінің міндетін атқарушы Болат Сағынбеков білім беру саласының өкілдерін жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, педагогтар алдында тұрған басты міндеттерге екпін салды. Жиын соңында білім беру саласындағы жемісті еңбегі мен өскелең ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие бергені үшін бірқатар педагогтар мен кіші қызметкерлерге Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хаты, облыс әкімінің Алғыс хаты, облыстық мәслихаттың Алғыс хаты, Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының Құрмет грамотасы, Байзақ ауданы әкімінің Грамотасы мен Алғыс хаты, Байзақ ауданының Құрмет грамотасы, «Amanat» партиясы аудандық филиалының Құрмет грамоталары табысталды.
Айдар Алдабергенов. |