|

Білім күні қарсаңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылындағы №7 орта мектептің жаңа оқу жылына дайындығымен таңысты. Аталған білім ошағы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынып, ел игілігіне берілген болатын. Аталған мектепті білікті ұстаз Гүлмира Есентаева басқарып келеді. Бізді мұндағы жұмыс барысымен мектептің педагог-ұйымдастырушысы Аружан Кәрімқызы таныстырды.БАҚ өкілдері барған сәтте бастауыш сыныптың ата-аналарымен жиналыс өтіп жатыр екен. Ата-аналар да журналистермен бірге ғимаратты аралап көрді. Мектептің 360 орынға арналған асханасы, 500 орындық
мәжіліс залы талапқа сай. Кең әрі әсем спорт залына да сүйсіндік. Бастауыш сынып бөлмелері де әдемі, жинақы. Әр қабатта коворкинг. Медициналық бөлме, шығармашылық жұмыс бөлмелері жұмыс істейді. Химия, биология кабинеттері де соңғы үлгідегі қондырғылармен жабдықталған. Кітапханада 13 мың дана кітап қоры болса, әдеби көркем туындылар 4020 дананы құрайды. Еңбекке баулу бөлмесі ұлдарға бөлек, қыздарға бөлек қамтылған. Қыздардың ас дайындауына арналған бөлме де бар. Көркем еңбек пәнінің мұғалімі Айзат Ұзатова қыздарға тігіншілікті қалай үйрететінін баяндап берсе, биология пәнінің мұғалімі Эльмира Төлепова аз уақытта өзінің оқыту тәсілінен хабардар етті. Әр оқушыға гидропоника, микроскобтар берілгенін айтып өтті. Қытайлық қондырғының көмегімен қияр мен қызанақ өсіру жолдарын да оқушылар үйренуде. Яғни, ғылыми жолдың негізі мектептен қаланып жатыр. «Ашылғанымызға бір жыл енді болса да, аудан бойынша үздік 10 мектептің қатарына кірдік. Волейболдан мектептің оқушылар құрамасы республикалық турнирде топ жарды. Жағажай волейболынан да мектеп шәкірттері жеңіске жетті. Футбол алаңы, ойын алаңдары оқушыларды қуанышқа бөлейді.
 Мектепте шахмат, футбол, үйірмелері жұмыс істейді. «Абай оқулары», «Мұқағали оқулары» байқауларында да аудандық, облыстық деңгейде жақсы нәтижеге қол жеткіздік. 16 оқушымыз облыстық пән олимпиадасына қатысып, 4 оқушымыз жүлделі орынға ілікті. Мұның бәрі мектеп мұғалімдері мен қызметкерлерінің жұмыла атқарған жұмысының жемісі», - дейді аталған мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сая Қалабаева. Бізбен бірге мектепті аралаған ата-ананың үлкені 81 жастағы Салиха Есқараева. 4 немересі осы мектепте білім алады екен. Ол қазіргі мүмкіншілікке көңілі толып, жастарға ақ батасын берді. «Менің бастауыш сыныптарда оқитын балаларым осы мектепте білім алады. Мұнда барлық жағдай жасалған. Оқу залдары, мәжіліс залы, кітапхана көңілден шығады. Кейде балаларымыз арқылы жаздырып, өзіміз де мектептен әдеби көркем кітаптар алып оқып жүрміз», - дейді жас ата-ана Шынар Асқарқызы. Аталған мектептің биылғы оқу жылына әзірлеген жоспарлары да көп. Мектеп 600 оқушыға арналған. Олар мемлекеттің қамқорлығын сезініп осындай жайлы мектепте білім алғандарына дән риза. Айта кету керек, өңірде жоба аясында бүгінгі күнге дейін 4 мектеп пайдалануға берілген, 3 мектеп жыл соңына дейін ашылады.
Есет ДОСАЛЫ Aq jol. |